Алашымыздың асылы, ардақтысы Нәзір Төреқұлұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын, ұлт тағдыры мен ұрпақ келешегі жөніндегі мұраттарын, көптен бері зерттеп-зерделеп келе жатқан Сәрсен Бек Сахаббаттың бұл еңбегін нәзіртануға қосылған қомақты, қуатты, танымдық татымдылығы мол, деректілігі дәйекті, сан салалы жұмыс деп бағалауға әбден болады. Мәскеу мен Ташкенттің мемлекеттік архивтерінде, Өзбекстандағы Әлішер Науаи атындағы ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар бөлімінде сарыла отырып, сапалы еңбектенген, қаншама қиындықтарға қарамастан, тығыз қарым-қатынас орнатуға қол жеткізген, тыңғылықтылық пен тындырымдылық қасиетінен танбаған Сәрсенбек мырзаға тәнтісіз.
Талай жылға табанды ізденістерінің арқасында аталмыш кітапты дайындапты. Мұсылман газеттерінде араб қарпімен жарық көрген Нәзір көсем сөзімен перзенті Әнел Нәзірқызының қолында сақталған қарындашпен салынған суреттерін ғылыми айналымға қосуы зерттеушінің қолынан шыққан елеулі мәдени материалдар.
Кітап көпшілік оқырманға, зиялы қауымға арналған. Тарихи құжаттармен, жәдігер фотосуреттермен көркем безендірілген. Қай қырынан қарағанда да талап пен талғамға сай. Сондықтан, оқырманға дер кезінде жетіп, кешікпей жарық көргенін, Тәуелсіздік турасындағы танымды байыта түскенін орынды санаймыз.
«Түркістан-ақпарат».
