ЖАСТАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРДІ

1  280 көрілім

Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мәнi мен мазмұны, маңызы мен мағынасы қоса өрiлiп, өзiндiк өмiршеңдiгiн көрсеткен көлемдi туынды болғаны сөзсiз. Тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекетіміздің атқаруы тиiс мiндеттерiн межелеп берген мақала бiздiң де тебiренуiмiзге түрткi болды. Қоғамға қозғау салған Елбасы ұлтты ұйыстыруға, кешегiмiздi саралап, келешегiмiздi кемелдендiруге үндеп, «Ұлттық кодты» сақтап қалудың сан алуан бағытын байыптайтын тамаша туындысын тарту еттi.

Мақаланың «ХХI ғасырдағы ұлттық сана» деп аталған алғашқы тарауында Нұрсұлтан Әбiшұлы жаңа ғасырдың талаптарына төтеп беру үшiн экономикамыздың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, сананы жаңғыртудың бiрнеше ерекшелiгiн алға тартты. Дәлiрек айтқанда, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салтымызды сақтап, дәстүрлерiмiздi дәрiптеп, рухани байлықтарымызды абаттандыруға шақырды. Жершiлдiк секiлдi жаһандық жаңғырудың талаптарымен жанаспайтын жағымсыз әдеттерден арылып, ысырапшылдықты ысырып, ықылым заманнан қалыптасқан ымырагершiлiктi ыдыратпаудың ыңғайын Егемен елге еркiн тiлмен тағы бiр мәрте жеткiздi.

Бұдан бөлек, жастарды тәулiк сайын түрленген техноголиялық дәуiрдiң қарқынынан қаймықпай, бiлiм кеңiстiгiнде мемлекет ұсынған мүмкiндiктерден құр қалмай, бәсекеге қабiлеттiлiктi арттыруға қауқарлы болуын да атап өттi. Бұл – Елбасының өсиетiн өскелең ұрпаққа өнеге етуiнiң өлшеусiз үлгiсi деген сөз. Мемлекет басшысы мұнымен қоса ғасырлар қойнауында қалып, жылдар өте саяси себептермен де сергелдеңге түскен «қазақ әлiпбиiнiң» тағдырын да назардан тыс қалдырған жоқ. Елбасы бұл мәселенi бiрнеше жылдан берi көтерiп келе жатқанын бiлемiз. Десек те, мақаладан латын қарпiне көшетiн кездiң келгенiн оқығанымызда қатты қуандық. 2025 жылға қарай латын әлiпбиiне толықтай көшу жоспары да жарияланған. Осындай құптарлық iстi бiздiң барша замандастарымыз, қатарластарымыз, жалпы жастар қауымы қолдайды деп ойлаймын.

Нұрлан ТОЛБАЕВ,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дiң биология кафедрасының аға оқытушысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы