ӨМІРБАЯНЫ
Бейсембаев Бақытжан Жармаханұлы 1961 жылы 10 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы Калинин ауылында туылды. 1983 жылы Қарағанды политехникалық институтын инженер-құрылысшы, 1996 жылы Қарағандыдағы милицияның жоғары мектебін заңгер мамандықтары бойынша бітірді.
1986-2006 жылдар аралығында Түркістан қалалық ішкі істер басқармасында қатардағы инспектордан бастап штаб бастығы қызметін абыроймен атқарды. 2006 жылдан бастап зейнеткер. 2011 жылдың қараша айынан бастап осы күнге дейін «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы және кәсіби медиаторы. 2000 жылы Түркістан қаласының «Жыл адамы» атағын иеленсе, 2018 жылы «Жомарт жүрек» конкурсының «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша алдымен Түркістан қаласы мен Түркістан облысының жеңімпазы жүлдесімен, ҚР ІІМ «Үздік қызметі үшін», Түркістан қаласының «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерімен, ҚР ІІМ «Құрметті ардагері», ҚР Парламентінің «ҚР мәслихаттарына 25 жыл», ҚР «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» медальдарымен және бірқатар мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың наградаларымен марапатталған.
Бүгінгі таңдағы атқарып отырған қоғамдық жұмыстары:
Түркістан облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Түркістан қалалық Қоғамдық кеңестің және ҚР «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалы кеңесінің мүшесі.
БАҒДАРЛАМАСЫ
Мұратым мен мақсатым – ел үмітін ақтау
«Nur Otan» партиясының саяси кеңесі партия мүшелерінің арасынан барынша беделді, белсенді және жарқын тұлғаларды анықтау үшін және осы жылы партияның басқалармен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша өзекті электоратын құрайтын кандидаттарды таңдау мақсатында 2020 жылдың 17 тамыз бен 3 қазан аралығында партияішілік праймериз өткізу туралы шешім қабылдауына байланысты қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыс Түркістан қаласында да қызу жүргізіліп жатыр.
Партияның осы шешімін елімізде болып жатқан демократиялық жаңару мен серпінді үрдістің жалғасы деп танып, алдағы уақытта болатын сайлауға Түркістан қалалық мәслихатының депутаттығына өз кандидатурамды ұсынып, праймеризге қатысу туралы шешім қабылдадым.
Мен «Nur Otan» партиясының атынан Түркістан қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған жағдайда өз білімім мен тәжірибемді, бар күш-жігерімді Түркістан қаласы аумағында білім және ғылым саласында, ақпарат саласында, дене шынықтыру және спорт саласында, салауатты өмір салтын насихаттауда, денсаулық сақтау саласында, қоршаған ортаны қорғау саласында, жастар саясатын қолдау және балаларды қорғауда, демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуде, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауда, көпбалалы, толық емес отбасы жанұяларға және жетім балаларға көмек беруде, азаматтардың жұмысқа орналасуы барысында, азаматтар және ұйымдардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауда, мәдениетті және өнерді дамытуда, тарихи-мәдени мұраны қорғауда, профилактикалық есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету кезінде, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізуде жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын дамытуға және одан әрі жетілдіруге ықпал жасау арқылы орын алып отырған өзекті мәселелерді шешуге жұмсайтын боламын.
Сонымен қатар, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы әрі кәсіби медиаторы ретінде құқықтық қатынастар кезінде тараптардың арасында туындайтын даулар мен келіспеушіліктерді тараптарға тиімді келісімге келу жолымен шешуге және дау мен келіспеушіліктердің деңгейін төмендетуге, ұлттық бірлікті және қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтар мен заңды тұлғаларға құқықтық кеңестер беруге бар қажыр-қайратыммен атсалысамын.
Менің басты мұратым мен мақсатым – елге аянбай қызмет ету және елдің үмітін ақтау. Оған менің білімім, қабілетім, тәжірибем және ынтам да жететіндігіне сенімдімін.

ТАМАША!