ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН АЗАЙТУ БАСТЫ НАЗАРДА

1  217 көрілім

Жұмыссыздық мәселесі әрдайым күн тәртібінде маңызға ие болып, негізгі тақырып болып келгені мәлім. Бұл бағытта билік тарапынан пәрменді шаралар қолға алынып, нақты іс жүзінде атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Біз қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыз азаматтардың қанша пайызы тұрақты жұмыс орнымен қамтылды және тұрақты жұмысқа қол жеткізген азаматтардың пікірін білген едік.   

Коронавирус пандемиясына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов індет ел экономикасына және еңбек нарығына теріс әсерін тигізіп отырғанын, осыған байланысты құрылып жатқан жұмыс орындарына жұмыссыз жүрген, әсіресе жұмыссыз жастардың кем дегенде 50%-ы жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылуы тиіс деген болатын. Түркістан қаласы бойынша «Еңбек рыногы» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы ауқымды істерге ұйытқы болып отыр. Бүгінгі таңда қала бойынша жалпы халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелген азаматтардың 7253-і әлеуметтік шаралармен қамтылып отыр. Оның ішінде санаттары бойынша жұмыссыздар – 1220, өздігімен қамтылғандар – 132, жұмыс іздеушілер – 5901 адамды құрайды.  Жыл басынан бері жаңа жұмыс орындары бойынша 105 жобаға 10 115 жұмыс орындары ашылған. Оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 4536 азамат жұмыспен қамтылып отыр. Бұл жұмыссыз азаматтардың 75 пайызы жұмыс орнымен қамтылып отыр деген сөз. Қаламызда жүріп жатқан қарқынды құрылыс алаңдарына негізінен инженер техник, құбырларды жөндеу, электрик, дәнекерлеуші, құрылысшы мамандарының тапшылығы cезіліп отыр дейді орталық мамандары.

Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасына кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткен, бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған табысы аз және көпбалалы отбасыларға, еңбекке қабілетті мүгедектерге және жастарға жаңа бизнес-идеяларын іске асыру бойынша 122 азаматқа қайтарымсыз грант берілді.

-Аталған гранттарға бөлінген қаржыны тиімді пайдалануды үйлестіру басты талаптардың бірі болып табылады. Кәсіпкерлікті дамытуға негізделген бұл жоба – жұмыссыз жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындарды өз кәсібін бастауға жол ашады. Негізінен грант қаражаты 1 жыл ішінде игерілуі керек. Бөлінген қаржы дұрыс жұмсалуы ерекше бақылауда болады. Ұсынылған жоба аясында жұмыс орындары ашылып, грант иесі әрі қарай кәсібін дөңгелетіп әкетуі тиіс»,- дейді Түркістан қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нуртулеген Ибраев.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы шағын несие беру бойынша микро қаржы ұйымы мен екінші деңгейлі банк арқылы 6 адамға шағын несие берілген. Бұдан бөлек, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына кәсіпкерлік негіздерін оқыту барысында 484 тыңдаушы жолдамаға қол жеткізіп отыр. «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағытында жастар практикасын ұйымдастыруға жоспарланған 500 адам болса,  оның тең жартысы жұмыспен қамтылды. Ал, әлеуметтік жұмыс орындарына 23 мекемеге 137 жұмыссыз азамат жолданып отыр. Қоғамдық жұмысқа жоспардағы 4250 адам болса, оның орындалғаны 769 азаматты құрайды.

Бүгінде жоғары оқу орнын аяқтап, қолына дипломын алған қаншама маман жұмыс іздеп жүргені рас. Дегенмен, орталыққа тіркеліп, жұмысын жолға қойған азаматтар да баршылық. Осы орайда сол азаматтармен тілдескен едік.

Айтбай Нияз, қала тұрғыны: – Қаламыздағы С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатын бітіріп, 2016 жылдан бастап Шымкент университетіне қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне сырттай оқып жүрмін. 3 ай болды құжаттарды осы орталыққа тапсырып қойғаныма. Тамыз айында жұмыс табылып, бүгінде қала әкімдігінің кадр бөлімінде ақылы қоғамдық жұмыста істеп жүрмін. Жалақым да жаман емес, 74 мың теңге көлемінде. Тәжірибе жинақтап, алдағы уақытта өз мамандығым бойынша жұмыс істеуге ниеттімін.  

Қайрат Бегимбетов, қала тұрғыны: – Мен негізінен Алматы облысы, Қаскелең қаласы Қарасай ауданының тумасымын. Биыл Түркістан облысының орталығы киелі қалаға жұмыс іздеп, көшіп келдім. Өйткені, мұнда көптеп жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Өзім Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының магистрантымын. Қасиетті топырақта ағайындарым, туыстарым бар. Бүгінде аталмыш орталықтың тікелей жолдамасымен облыстық құрылыс басқармасына тұрақты жұмысқа орналастым. Осы орталықтың жұмысына сәттілік тілеймін. Айта кететін ұсынысым, біз сияқты жас мамандарға көбірек көңіл бөлінсе, жастар жұмыспен қамтылса деймін.

Гауһар Маханбетова, қала тұрғыны: – Мен 2012 жылы Түркістан көпсалалы медицина колледжін акушер ісі мамандығы бойынша тәмамдадым. Осы күнге дейін бала тәрбиесімен үйде болдым. Бала-шағаны асырау үшін жұмыс істеуге тура келіп тұр. Түркістан қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы қалалық емханаға тұрақты жұмысқа орналастым. Барлық қызметкерлерге рахмет, Алланың нұры жаусын.

Биыл Covid-19 пандемиясының жойқын салдары экономикамызға кері әсерін тигізіп отырғаны рас. Дегенмен, «Еңбек пен бақыт егіз» деген қанатты сөзді негізге алып, қол қусырып, қарап жатпай өз шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтарымыз да арамызда баршылық. Алдағы уақытта, жұмыссыздар саны азайып, табысын арттырған қала тұрғындарының саны арта берсін.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы