- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Ел азаматтары үшін бұрын-соңды қоғам арасында айтыла бермеген «Праймериз» ұғымы үлкен қызығушылық танытып тұрғанын жасыруға болмас. Осы бір партияішілік сайлау басталғалы тұрғындар ақпарат алу үшін түрлі сауалдармен жүгінді. Бұған дейін де айтып өткеніміздей, бұл аламанға тек партия мүшелері немесе партияға мүше болуға ниетті азаматтар өтінім білдірген еді. Нақты жұмыс барысы да басталып, қазірде алғашқы өтінім беру мен тіркеу кезеңі де аяқталды. Нәтижесінде, халық арасынан суырылып шыққан, ел қамын ойлар көшбасшы азаматтар белгілі болды.
Бұл ретте, Түркістан облысында праймеризге өтінім берушілер бойынша біздің рухани шаһарымыз, облыс орталығы Түркістан қаласынан белсенділік танытылып, алғашқы қатардан көрінді. Бұл дегеніміз – жерлестеріміздің саяси белсенділігінің жоғары екенін айғақтайды. Атап айтсақ, 72 ер азамат және 34 нәзік жанды тіркеліп, жалпы саны 106 қала тұрғыны Праймериз үміткерлері атанды. Болашақта олардың 7-сі мәжіліске, 29-ы облыстық, ал 70-і қалалық мәслихатқа өтуге ниетті. Бүгінде үміткерлер арасында жеребе де тасталып, алдағы пікірсайысқа топ мүшелері анықталды. Оның алдында, яғни бүгіннен басталған үгіт-насихат жұмыстары да кезеңімен, жоспарға сай жүргізіледі. Сондықтан, әр азамат үшін бұл жаңашылдық үлкен мүмкіндік әрі тәжірибе, ең бастысы – халықтың қамын ойлар қалаулы азаматқа айналуы. Себебі, әрбір тұрғынның ең басты күтері де – олардың үніне құлақ асар азаматтың табылуы. Барша қала азаматтары бұл жаңа жүйеден, додадан үміт күтіп отырған жайы бар.
Праймериз – жалпы, алғаш рет АҚШ-та тәжірибеден өткен. Қазіргі таңда әлемнің біршама мемлекеттері аталған жүйе арқылы саясатты жаңғыртып, халықтың партияға деген көзқарасына оң ықпалын тигізу мақсатында ашық және жабық түрде жүргізіліп келеді. Праймериз өткізуді қолға алған #ХалықтықПартия да бұл бастамадан үлкен үміт күтеді. “Nur Otan” партиясының төрағасы, Елбасы Н. Назарбаев өз үндеуінде: “Партия билікке жаңа адамдарды – өз ісінің шеберлерін, беделді лидерлерді, шешім қабылдап, сындарлы ұсыныстар жасай алатын ел жанашырларын ұсынудың қайнар көзі болуы керек”, – деген. Ендеше, кіл мықтылар бақ сынасатын алдағы үгіт-насихат, пікірсайыс кезеңінде үміткерлерге белсенді болып, оза шабуына тілектеспін!
Рашид Аюпов,
“Nur Otan” партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы.