Бүгін Президентіміз Қ.К.Тоқаев қазақ халқына «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» деген тақырыпта Жолдауын жария етті. Бұл еліміз үшін сындарлы кезеңді бір саралап өтіп, алдағы күндерге жоспарлар құрып нық қадам жасаудың бастауы десек болады. Енді Жолдаудың өзіне тоқталып өтсем.
– Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы күрделі кезеңде басталып отыр.
Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды,- деп сөзін бастаған Қ.Кемелұлы дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бей-жай қалмаған барша азаматтарға алғысын айтты.
Шынында да мемлекет басшысы айтқандай алда бізді қиын уақыттың күтіп тұрғаны жасырын емес. Бүкіл әлемді шарпыған пандемия біздің экономикамыз үшін де кері әсерін тигізіп келеді. Десе де осы ретте мемлекет қолдан келген шараларды іске асырып келеді. Індеп жайлап, ел аумағында карантин күшіне енген шақта әлеуметтік қолдауға зәру отбасы саны артты. Бұл заңдылық. Сол сәтте уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматқа мемлекет қазынасынан 42 мың 500 теңге мөлшерінде көмек берілді. Оған қоса, жолдауда айтылғандай миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді. Бұл өз кезегінде еліміздегі әрбір азаматтың тағдыры мемлекеттің басты мәселесінің бірі екенін байқатты. Қазіргі жағдай әуелдегіге қарағанда жақсарып келеді. Алайда, ахуалдың түзелуі босаңсуға себеп болмауы тиіс.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мемлекеттік саясаттың басты бағыттары ретінде азаматтардың өмірі мен денсаулығы, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық және халық табысының сақталуын қамтамасыз етуді белгіледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы уақыттағы қоғамда болып жатқан елеулі оқиғалар мен алдағы уақытта күтіп тұрған жағдайларды шешу жолдарын қамтитын нақты қадамдардың қатарын айқындап берді. Әлеуметтік салада бірқатар ауқымды іс-шарарларға бастама жасады. Бұл шаралардың соңы нәтижелі жұмыспен түйінделуі керек. Ол бойынша нақты талаптар да осы құнды құжатта көрініс тауып отыр.
Жолдау қорытындысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз – халқымыздың Тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз. Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы. Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз. Еліміз әрқашан аман болсын» – деп сөзін аяқтады. Президент Жолдауын назар салып тыңдап шықтым. Мемлекет басшысының Жолдауы халық қолдауына ие болатынына сенімім жоғары.
Мәлік ДӘУЛЕТОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.
