АБАЙДЫ ОҚЫ

924 көрілім

Өтті дәурен, көшті заман қылаулап.

Кешегі жұрт көзін ашты бір аунап.

Һәм сол айтыс, һәм сол тартыс ел іші,

Бір-бірінің көңілдерін жүр аулап.

         Бұл тартыстың қатысы жоқ ілімге.

         Кешегі жыр сырын артты бүгінде.

         Абай мұңын арқалады қанша адам,

         Тұңғиықтан шығармын деп түбінде.

Дәуір өтті, өз дәрменін ұға алмай.

Текті тұрақ, түп қазықтан шығармай.

Ақындары Абай болып күрсініп,

Арпалысып отыр әлі Құнанбай.

         Бір ғасырдың туарына сенеміз.

         Бір асылдың шығарына сенеміз.

         Ғалам танып, қалам тартқан алайда,

         Бір Абайды тани алмай келеміз.

Жыл арнадық, күн арнадық Абайға.

Тамсандырып тәмсіл еттік талайға.

Әлем бізді танысын деп Хәкіммен

Жар саламыз, ақын соны қалай ма?

         Адам болу әр сөзінде хәкімнің.

         Адал еңбек, ілім ісі ақылдың.

         Өз қазағын түзеу үшін арналған

         Әр шумағы, әр қаріпі ақынның.

Абайды оқы!

Арыт иман салмағын.

Адалдыққа негіздейді бар ғалым.

Ең әуелі шынайы бол, адам бол.

Орындағың келсе ақын арманын.

Сайлаухан ЕСБОЛАТҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы