Қазіргі дүниедегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Конституция – кез келген мемлекеттің басты құқықтық және саяси құжаты екендігі айқын.
Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан бері тағдырдың қаншама ауыр күндерін, жаугершілік заманды, аштық пен репрессия зұлматтарына толы аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан кешкен қазақ елінің бүгінде өз – Конституциясы бар, бейбітшілік пен бірлікті білдіретін аспан түстес – Туы, шуағын шашқан күн, қалықтаған қыран мен шаңырақ бейнеленген –Елтаңбасы, жерінің байлығы мен халықтың бірлігін жырлаған – Әнұраны бар таңы айқын, болашағы жарқын егеменді мемлекет болып орнықты. Қазақ хандығының тарихында маңыздылығы жағынан ерекшеленетін оқиғаның бірі – ол ХVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау тобының тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шараларын қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салған. Сол кезеңде қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті.
Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше бастады. Қазақ қашанда өз заңымен жүрген ел, бұқара халық дала заңына бағынып көшін түзеп жүрген. Сол жеті жарғы бойынша жеңіл де, ауыр да жаза қолданылған. Онда азаматтық іс те, қылмыстық іс те, меншік мәселесі де қаралған.
Қазақстан Республикасының Конституциясының қалыптасуы бірнеше тарихи, күрделі, өтпелі кезеңдерді қамтиды. Қазақстан саяси тәуелсіздік алғанға дейін өз аумағында үш рет Конституция қабылдаған болатын. Оның ең алғашқысы – 1926 жылғы наурыздағы Жалпы Қазақстандық кеңестің Х съезінде бекітілген Қазақ КСР Конституциясы, екіншісі – 1936 жылғы 5 желтоқсанда өмірге келген Ата Заңымыз, үшіншісі – 1977 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші сессиясында қабылданған.
1995 жылғы Конституцияны қабылдау үшін дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік –мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әртүрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мәселені – тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткізген табыстарын ұғыну маңызды болды. Елбасының бастамасымен құрылған сарапшылар көптеген әлем елдерінің Конституцияларын мұқият сараптаудан өткізді. Сарапшылар тобына енген заңгер-ғалымдар мен саясаткерлер Еуропаны, Азияны, Солтүстік және Латын Америкасының, жалпы әлемдегі жиырмадан астам мемлекеттердің Конституцияларын тереңірек талдап зерттеді. 1993 жылы Конституцияны қабылдау барысында кеткен олқылықтарды болдырмау мақсатында және халықтың мұң-мұқтажын барынша қамтып, өміршең болуы үшін негізгі құжаттың жобасының кең талқылануына мүмкіндік туғызды. Еліміздің белгілі заңгерлерінен бөлек, Францияның Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері мен Конституциялық кеңесінің өкілдері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты.
Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен елімізді жарқын болашаққа жетелейтін үлкен мақсаттарды алға қойып заңдылықтың, келісімнің және еліміздің қарқынды дамуының кепілі болған, Тәуке ханның Жеті жарғысынан бастау алған өз Ата Заңымыз 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданып өмірге енгізілді. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10 253 сайлау учаскелерінде жүрді. Оған сайлаушылардың 90 пайызы қатысып, олардың 89 пайызы Конституцияны жақтап дауыс берді. Осылайша 9 бөлім 98 баптан тұратын құжат қолданысқа енді. Қабылданған Конституция жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихымызда тұңғыш рет халықтың өзіне таңдау еркі берілді. Ол таңдаудың бір басында – өзгерген, өркениетке ұмтылған, азаттыққа иек артқан жолмен жүру тұрса, екінші жағында өткен шақ пен болашақтың ортасында баяғыдай айналсоқтап жүре беру болды. Халық бірауыздан жарқын болашаққа бастайтын жолды таңдады» – деген болатын. Еліміз тәуелсіздік алған жиырма тоғыз жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан Республикасы тұрақтылық пен бірліктің үлгісін көрсете отырып, әлемдегі белгілі мемлекетке айналды. Бұл жетістік-терін еселеп ұлғайтуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, оны жүзеге асыру мақсатында Ата Заңымыз – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар еңгізіліп отырды. Конституциямызға төрт рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары Ата Заңымыздың кейбір тұстарына толықтырулар жасалған болатын. Бұл заман талабы. Себебі Конституция – мемлекеттің дамуымен қатар жүретін құқықтық құжат. Конституцияға жасалған өзгерістер елдің дамуын, алға жылжып келе жатқандығын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болатындығын, митингтер туралы заңнаманы жетілдіру, сот және құқық қорғау жүйесіндегі рефор-маларды тездету жайлы ұсыныстарын да жария етті. Конституцияның 32-бабына сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады.
«Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі екендігі баса айтылды. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналатындығы, ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн, полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты» – деп түйіндеді Мемлекет басшысы. Жолдауда берілген тапсырмаларға сәйкес тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар еңгізіліп қолданысқа еніп те жатқаны бар.
Ата Заңымыздың өміршеңдігі өзімізге байланысты. Азаматтардың құқықтық мәдениеті мен Ата Заңға деген құрметін арттыру мақсатында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы ғалымдары Конституция және білім күніне орай студенттермен алғашқы сабағын құқықтық мәдениет жайлы өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл бастаманың басты берері жастардың құқықтық мәдениетін көтеріп, Ата Заңымызды толықтай білуге, оны сыйлауға ұмтылысын арттыра түсетіні.
Конституция – дамыған құқықтық мемлекеттің негізі. Бұл Конституция өміршеңдігін көрсетті. Осы 25 жылда Конституцияға өзгерістер кіргеніменен, жалпы қоғамды реттеу, қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси жетістіктерінің барлығына осы Конституция арқау болды. Сондықтан Конституция күні шын мәнінде мемлекетіміздің ең басты мерекелерінің бірі, бұл бүгінгі таңдағы Қазақстан тәуелсіздігінің кепілі!
Балғабай НАҚЫПОВ,
Заң ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері.
