ТҰРҒЫНДАР ЖҰМЫС САПАСЫН БАҚЫЛАУҒА КІРІСЕДІ

864 көрілім

Билік пен халық арасын жақындата түсуге  қала әкімі Рашид Аюпов «Ашық әкімдік» концепциясын ұсынған. Енді «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы ретінде партия мен бұқара арасын жалғауды қолға алмақ. Мақсатты ойын жүзеге асыру үшін жетекші партияның қаламыздағы «Open Space» үлгісіндегі қабылдау кеңсесінде келелі кездесу өтті.

Жуық арада қала аумағындағы мемлекеттік қызметтер бойынша кемшіліктерді анықтап, жөнге келтіру бойынша ұсыныстарын білдіретін мобильді топ жұмыс жасайтын болады. Рашид Абатұлы бақылау тобына мүше болуға ниет білдірген тұрғындарға арнайы құжат берілетіндігін жеткізді. Жоспарға сай әр аптадағы басқосуда әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланады.

«Халықтық партия болу жолында бақылау тобын құруды мақсат еттік. Әрбіріңізбен кері байланыс жасап, өз еркілеріңізбен қаланың жандануына әр жұмыстың сапалы іске асуына сеп боласыздар деген ойдамын. Барлық жасалып жатқан дүниелер – сіздер үшін. Сондықтан, кез келген қалауыңызды талапқа сәйкес болса ұсынуға мүмкіндігіңіз бар»,- деді қала басшысы.

Мониторингтік топ мүшелері 7 бағыт бойынша тексеру жұмыстарын жүргізе алады. Егер заңсыздықтар орын алса сын айтып, ретке келуіне себепкер болуға құқылы. Аталған бағыттар: білім, жол, инфрақұрылым, құрылыс, абаттандыру және көгалдандыру, кәсіпкерлік, әлеуметтік салалар.

Нұртас МҰХТАРҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы