- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Бүгін жыл сайынғы дәстүр бойынша өткізілетін 2020-2021 жаңа оқу жылындағы қалалық педагог қызметкерлерінің «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбындағы тамыз конференциясы онлайн режимінде болып өтті. Кеңеске Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов бастап Нұр – Сұлтан қаласынан Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі, Шымкент қаласынан «Интеллект» экономикалық және азаматтық білім беру орталығы» қоғамдық ұйымының директоры, Алматы қаласынан Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық институтының оқытушысы, ардагер ұстаздар, білім ұйымдарының басшылары, білім саласы қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қашықтықтан оқыту кезеңінде болып жатқан жаңа өзгерістер мен өзекті мәселелерді, оның шешу жолдарын қарау, тәрбие мен білім сапасын көтеруді мақсатқа алған кеңесте 19 бағыттан тұратын секциялық жұмыстар өткізілді. Алғысөзбен жиынды ашқан Рашид Абатұлы жаңа оқу жылында еліміздің болашағы, жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында ұстаздарға шығармашылық табыс, рухани өрлеу тіледі.
“Осы жыл барлығымызға оңай болған жоқ. Тосыннан келген пандемияның қиындығынан жарты оқу жылымызды онлайн өткізуге тура келді. Соған қарамастан өткен Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінен оқушыларымыздың білім деңгейі төмендемегенін көріп қуанып қалдым. Бұл нәтиже барлық оқытушыларымыздың атқарған үлкен еңбегінің нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта да жұмысымызды жоғары деңгейде атқаруды меже қылып, соған қарай әрекет етуіміз қажет. Болашақ ұрпақтың білім деңгейін арттыруда мұғалімдердің ықпалы зор, сол себепті осыған орай барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Басшылар ауысқанымен ұстаздар ауыспайды. Менің ойым, кез келген саясаткер өзінің қызмет еткен уақытында білім саласына үлкен серпіліс әкелуге ұмтылу қажет,- деді қала басшысы. Сондай-ақ Рашид Абатұлы мұғалімдердің сауаттылығы мен біліктілігін арттыру мақсатында 100 ұстаздар өкілі Финляндия еліне оқу курсына жіберілетінін айтты. «Zoom» платформасы арқылы қосылып отырған оқытушылар бұл үлкен мүмкіндік екенін айтып, қолдау білдірді.
Ақмарал Үсенқызы «2020-2021 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептерде оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері» тақырыбында сөз қозғады. 2020-2021 оқу жылында қандай ерекшеліктер болатынына тоқталып өтті.

Кеңес барысында онлайн қосылып отырған тәлімгерлер қала әкіміне көкейде жүрген сұрақтарын да қойды. Біршама сұрақтарға толығымен жауап беріп өткен Рашид Абатұлы ұстаздардың көп мәселерге немқұрайлы қарамайтынына тоқталып, алғысын айтты. Басқосу аясында үлкен еңбек иелері мұғалімдер қауымы қала әкімінің қолынан марапаттау грамоталарын алды. «Жақсының жақсылығын айт» демекші еңбегі еленген ұстаздар жаңа оқу жылына жаңа серпіліспен кірісетін болады деп сенім білдірді жиынға қатысушылар.
Кеңеске біркісідей атсалысқан педагогтар қауымы көптеген мәселелердің шешімін тауып, ортақ мәмілеге келіп отырды. Жиын соңына қарай онлайн қосылған жас бүлдіршіндер экранның арғы жағынан сөз сөйлеп, кеңесті аяқтады.
Ақберен АМАНГЕЛДІ.