“Ақжайық” музыка мектебі енді сазгер, композитор Шәмші Қалдаяқовтың атымен аталмақ. Бұл жөнінде өңір басшысы Ө.Шөкеев ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың Түркістан облысына сапары аясында мәлім етті.
Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуына орай жасалған аталмыш қадам бүгінде көпшілік қолдауына ие болып отыр. Осылайша түлеген Түркістанның айшықты орындары, көрікті нысандары ұлт ардақтыларының атымен аталып жатса нұр үстіне нұр емес пе?!
⠀
Сонымен бірге, министр қалаға жасаған сапары аясында “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қазіргі таңда кесене ішінде арнайы ескертпе парақшалары мен арақашықтықты сақтауға арналған белгілер және кесене алдында келушілер үшін арнайы шатыр мен орындықтар және гигиеналық құралдар орнатылған.
⠀
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңындағы тарихи-мәдени орындарды қайта жаңғырту, зерттеу жұмыстары да министрліктің жіті назарында. Осы орайда Қожа Ахмет Ясауи, Есім хан кесенелері мен сегіз қырлы сағана және белгісіз сағананы реставрациялау барысын көрген министр Күлтөбе қалажұртындағы археологиялық қазба жұмыстарын пысықтады.
⠀
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін дамытудың 3 жылдық жоспарына сәйкес тарихи жандандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
⠀
Алдағы уақытта Қазақстанға келген туристер “Әзірет Сұлтан” қорық-музейі аумағындағы тарихи орындарды аралап қана қоймай Күлтөбе қалажұртындағы ашық аспан асты музейімен де танысатын болады.
