Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан табылған маңызды тарихи нысандар археологтардың назарын өзіне аударды.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Ескі Түркістан қаласының көне шахристан және ортағасырлық магистралды көше бойынан табылған тарихи нысандар тек Қазақстан үшін ғана емес әлемдік тұрғыда археологиялық қызығушылық тудыратын сенсациялық жаңалық болып табылады.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік бөлігінде орналасқан Ескі Түркістан қаласының көне шахристанынан табылған көптеген құнды деректер беретін керуен сарай, монша, керамикалық цех, мектеп орындары XVIII-XIX ғасырларға тән, өзіндік ерекше маңызы бар сирек кездесетін орындар.
Тәкия қақпасының жанынан табылған үлкен Керуен сарайының қабырғаларындағы құжаттар мен бағалы заттар сақтайтын арнайы қуыстар ерекше назар аудартады.
Керуен сарайының қабылдау бөлмесі, ауласы, қоймалары, керуеншілер тұратын бөлмелері, намазханасы, «мүричә» деп аталатын бір бөлмелі моншасы бар.
– «Ескі Түркістан қаласының көне шахристаны XIX ғасырдың 1843-49 жылдары Қоқан иелігі кезінде сыртынан қоршалған Тәкия қақпасын көріп тұрсыздар. Тәкия қақпасының түбінде қаланың Керуен сарайы орналасқан. Төрт қақпаның барлығының түбінде керуен сарайы болған. Сонымен бірге, кішігірім мүричә деген моншасы болған. Қазбадан табылған олжаны «Тәкия Керуен сарайы» деп атадық. Көлемі 35-40 метрдей болатын бұл құрылысты биылғы табылған үлкен жаңалықтың бірі деуге болады»,- дейді, тарих ғылымдарының кандидаты, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері, археолог Марат Тұяқбаев.
Марат Қымызұлының айтуынша, Тәкия қақпасына жақын жерден ашылған үлкен мектептің құрылысы да ерекше назар аударатын жаңалықтардың бірегейі. Бұл Түркістанда табылған алғашқы мектеп екендігімен ерекше және құнды жаңалық.
Археологтар тапқан ерекше олжаларының бірі ата-бабаларымыздың ежелден бері өндіріс көздерін игергендігі мен өндіріс технологияларын жасап, кеңінен қолданғандығын айғақтайтын – керамикалық цех орны.

Ясауи кесенесі аумағында орналасқан қыш бұйымдарын дайындайтын кең ауқымды цех – Қазақстанда алғаш рет анықталған орынның бірі саналады. Мамандардың айтуынша, бұл жерде ыдыс–аяқ пен құрылыс кірпіштерін күйдіретін үлкен көлемдегі кешенді цех орны анықталған.
Мамандардың зерттеуі нәтижесінде белгілі болғандай көне шахристаннан табылған кішігірім монша құрылысы да бірнеше бөлмелерден тұрады. Су резервуары сияқты – сардоба да сақталған. Құрылыстан бөлек қызметкерлері үшін арнайы бөлмелерінің болуымен де ерекшеленеді. Емдік қасиеті бар тұнбалар дайындайтын ванна сияқты ыдыс та сақталған.
Сонымен қатар, Ясауи кесенесі мен Жеті ата қақпасына дейінгі магистральды көшеде де зерттеу жұмыстары жүргізілді. 620 метрді құрайтын бас көшенің бойында қазылған 170 метр аумақтың, ені 25 метрден тұратын 70 метр жері және қалған бөлігіндегі ені 5 метр тұратын жерлері зерттеліп, хан мешіті жанынан хандардың жеке намаз оқитын «махсура» бөлмесі мен әскери мұнаралар, мешіт мұнаралары мен қонақ қабылдайтын «мәлзел» бөлмесі анықталды. Жеті ата қақпасына дейінгі магистралды көшеден табылған кешенді құрылыстар XV-XVI ғасырларға тиесілі.
Сондай-ақ, көше бойындағы XVIII-XIX ғасырға тән ғимараттардың есіктерінің жолға қарағандығы, бертін келе, бұл көшенің көпшілікке қызмет көрсететін қоғамдық орын, яғни дүкен, асхана болғандығын аңғартады.
– «Магистралды көше бойынан табылған Есім хан негізін қалаған хан ордасы мен мешіті, археология саласының айтулы жаңалығының бірі болғаны белгілі. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған табыстар бұл орынның алтыншы құрылыс қабаты XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысы арасында қалыптасқандығын, яғни бұл кезеңде хан ордасын – Тәуке, Қайып, Болат, Сәмеке және Әбілмәмбет хандардың мекен еткен кезеңіне сәйкес келетінін көрсетеді. Биылғы мешіт жанында жүргізілген зерттеу барысында анықталған махсура бөлмесі де хандарға қатысты өзіндік тарихынан хабар беріп отыр»,- деді Марат Қымызұлы.
Көне Түркістан аумағының тылсым сырларын анықтап, зерттеу және жұртшылыққа насихаттау жұмыстары Мәдениет және спорт министрлігінің негізгі мәселелерінің бірі.
Көне Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты және «Қазқайтажаңарту» мекемесі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғалым, тарихшы, археолог мамандары жүргізуде.
Күлтөбе қалажұртындағы кешенді жобаның демеушісі – ERG компаниясы.
Мамандардың пікірінше «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі айналасындағы тарихтың таңғажайып сырлары әлі алда. Алдағы уақытта да жүргізілетін зерттеу жұмыстары көптеген тарихи жұмбақтардың бетін аша түспек.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.
