Күншығыс елінен бастау алған COVID 19 коронавирус пандемиясы қазіргі таңда жарты жаһанды жаулап, жұртшылықтың жүрегіне қорқыныш ұялатқаны жасырын емес. Соңғы кездерде елімізде орын алған барлық жағдайды ескере отырып, біздің елде де карантиндік режим жағдай тұрақталғанша созылып келеді.
Осыған байланысты еліміздің барлық аймақтарында індеттің алдын алуға бағытталған шаралар жолға қойылып, әсіресе, көпшілік бас қосатын орындар бақылауға алынды. Қазір бүкіл дүние дүрлігіп, жер-жаһан жабырқап тұр. Әлемнің дамыған елдерінің өзі ахуалды жеткілікті бағамдай алмай, абдырап қалған жайы бар. Алпауыт мемлекеттер пандемиялық індеттің алдында дәрменсіз.
Коронавирустан туған әлемдік пандемия – халықаралық қоғамдастыққа ғана емес, Қазақстан үшін де үлкен сынақ. Алайда Президент айтып өткендей, еліміз мұндай зауалдың талайын бастан өткерген. Намыстан жаралған, береке-бірлікті ту еткен халқымыз қабырға қайыстырар қиындықтарға да мойымай, бұдан да зор алапат апаттардан аман шыққан. Еліміз бұл жолы да төтеннен келген қиындықты жеңіп шығатынына еш күмән жоқ.
Әр нәрсенің бір қайыры бар деген, осындайда оқшаулану қым-қуыт тірліктен қол босатып, отбасымызға, ет жақындарымызға көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Дүрбелең дүниеде дүрмекке ілесіп алып, өзіміздің ішкі әлеміміздің терең тұңғиығына үңілуге, жүрегіміздің үнін тыңдауға, отбасымызбен, балаларымызбен бір дастарқан басында ас ішіп, әңгімелесуге, кітап оқуға, рухани кемелдену жолы мен кісіліктің кілтін іздеуге уақыт таба алмай, әйтеуір сабылып, тойдан тойға шабылып, бітпейтін жиындармен сарсылып жүргеніміз жасырын емес. Әсіресе кезінде Абай айтқан, алайда әлі күнге арыла алмай жүрген «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» сияқты жат қылықтардан құтылып, арыла түскен жөн. Тойды тыйып, төтенше жағдайға сәйкес, мүмкіндігінше адам көп жерге бармау керек.
Ұлт ретінде иммунитетіміз сыналар осы сәтте қалам ұстаған қауымға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Санаға сіңетін сансыз сыпсың сөз бен қисынсыз қауесет вирустан да қауіпті екенін ұмытпайық. Сенімді ақпарат көздеріне ғана жүгініп, арандатушылыққа бой алдырмаған жөн. Сақтық шараларын жасайық, сабырлы қалпымызды сақтайық!
Батырхан САНСЫЗБАЕВ,
Түркістан қалалық Ішкі істер органдары Ұлттық Ұлан ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары.