КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАЛАРЫНЫҢ ӨҢІРЛІК КЕҢЕСТЕРІНЕ САЙЛАУ

646 көрілім

Түркістан облысынан Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесіне мүшелікке үміткер 48 кәсіпкер тіркелді.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшелері сайлау арқылы анықталатындығы бұған дейін жазылған болатын.
7-22 шілде аралығында Өңірлік кеңес мүшелігіне үміткерлерді тіркеу жүргізілген болатын. Тіркеуге өтініш берген кәсіпкерлердің ішінен Өңірлік іріктеу комиссиясының шешімімен қағида талаптарына сай келген 48 кәсіпкер үміткерлер тізіміне енгізілді.
Салалық құрылымдар бойынша жасалған талдау бойынша үміткерлердің 15-і ауыл шаруашылығы саласында, 14-і сауда және қызмет көрсету саласында, 6-ы тамақ өнеркәсібі саласында, құрылыс саласында 3, жиhаз, жеңіл және білім саласында 2-і кәсіпкерден, ал денсаулық, құрылыс материалдарын жасау, туризм, ауыр өнеркәсіп салаларында бір үміткерден тіркелген.

Қазіргі таңда үміткерлер тіркеліп болды. 25 шілде мен 3 тамыз аралығында Өңірлік кеңеске үміткерлер үгіт-насихат кампаниясын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, іс-шаралар, үгіт материалдарын шығару, тарату жолымен жүргізді. Ал 5-11 тамыз аралығында «дауыс беру» өткізіледі. Дауыс беруге облыс аумағында тіркелген кәсіпкерлік субъектілері мен ұйымдар қатыса алады. Әрбір кәсіпкерлік субъектісі, қауымдастық және өзін-өзі реттейтін ұйымдар бірінші басшы немесе арнайы өкілі арқылы бір кандидат үшін дауыс бере алады.

«Дауыс беру рәсімі онлайн режимде 5-11 тамыз аралығында www.vote.atameken.kz интернет-порталында жүргізіледі. Облыстық кеңес мүшелерінің 60 пайызы облыс орталығындағы кәсіпкерлерден, 40 пайызы аудандардағы кәсіпкерлік субъектілерінен құралады», – дейді Палата мамандары.
Дауыс беру үшін сайттағы «дауыс беру» бөлігіне өту қажет. Сол жерден Түркістан облысын көрсетіп, үміткер таңдалады. Үміткердің аты-жөнін басу арқылы бағдарламасымен танысуға болады. Үміткер үшін дауысты sms немесе электронды цифрлық қолтаңба арқылы беруге болады. SMS арқылы дауыс беру үшін ұйымның БСН, ЖСН нөмірлерін, дауыс берушінің телефон нөмірі көрсетіледі. Содан соң нөмірге келген sms кодты енгізу қажет. ЭЦҚ арқылы дауыс беру үшін ұйымның кілтін таңдау жеткілікті. Дауыс беру смартфон арқылы да қол жетімді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы