Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күнінде «Мың алғыс!» жалпыреспубликалық акциясы өткізілді.
Акция індетке шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін және алдыңғы қатарлы медицина қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсетуге бағытталған.
Дүниежүзін жайлаған қауіпті індетпен күресте ең алдымен, ақ халатты абзал жандарға күш түсіп отырғаны белгілі. Мылтықсыз майданның алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне деген жауапкершілік жүгі індет жұқтырғандар саны артқан сайын еселеп ауырлады. Медицина мамандары алғашқы науқас анықталған сәттен бастап, бірнеше апта бойы отбасыларынан тысқары жүріп, өз денсаулықтарын қатерге тігіп дертпен күресуде.
Акция барысында медицина саласының қызметкерлеріне құрбандыққа шалынған малдың еті мен жеміс-жидек себеттері, азық-түлік таратылды. Аталмыш шара «Қоғамдық келісім» КММ Мақтаарал аудандық филиалының ұйымдастыруымен, аудандық тәжік, өзбек этномәдени бірлестіктердің атсалысуымен Мырзакент және Атакент ауруханаларында өткізілді. Акцияға атсалысқан аудандық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы А.Боевқа, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Х.Сабировқа және региональдық тәжік «Файз» қауымдастығының төрағасы Ш.Бабаевқа өз кезегінде медицина саласының қызметкерлері де алғыстарын білдірді.
Бауыржан НАЙМАНОВ
