САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫНА СЕЛҚОСТЫҚ ТАНЫТПАЙЫҚ

755 көрілім

Қазақстанда соңғы екі айда пневмониямен ауырған науқастардың басым бөлігінен коронавирус анықталмаған. Алайда сарапшылар жазда пневмонияның өршуіне коронавирус әсер еткенін жоққа шығармай, бактериалды және коронавирусты пневмония деп екі бөлек қарастырып отыр.

Пневмонияның алғашқы белгілері қандай? Ауру симптомдары бірден емес, шамамен 5-7-і күні, респираторлық кезеңде біліне бастайды. Алғашқы симптомдар: жөтел, ентігу, мазасыздық, тыныс алудың қиындауы және кеуде ауыруы болуы мүмкін. Төменгі тыныс алу жолдарының зақымдануының белгісі сырқаттың біртіндеп өрши бастағанын білдіреді. Температура 38,5 градустан жоғары болса, дененің ауыруын, әлсіздікті жеңілдетуге мүмкіндік беретін қарапайым стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды қабылдау ұсынылады. Сұйықтықты көп ішу қажет. Алғашқы кезеңде аурумен иммунитет күресетіндіктен, антибиотиктер мен гормондарды тағайындау қажет емес.

Екінші кезеңде процестің динамикасын бағалау маңызды. Сатурацияның (қанның оттегімен қанығуы) төмендеуі, демікпе болса дәрігерге қаралып немесе жедел жәрдем шақыру қажет. Содан кейін антикоагулянттар тағайындалуы мүмкін. Қабынуға қарсы терапия күшейтіледі. Бактериялық инфекцияның белгілері немесе зертханалық көрсеткіштер пайда болған жағдайда ғана антибиотиктер тағайындалады. Қауіпті топтағы науқастар – қарт адамдар мен созылмалы аурулары бар адамдар ерекше бақылауда болуы тиіс. Ауру көбінесе екі аптаға дейін созылады. Ағзаның қалпына келу кезеңінде әлсіздік, шаршау, жеңіл жөтелу болуы мүмкін. Бұл кезеңде тыныс алу гимнастикасын жасау, таза ауада жаяу жүру ұсынылады.

Бактериалды және коронавирусты пневмонияның айырмашылығы қандай? Коронавирус инфекциясы – төменгі тыныс алу жолдарының вирустық зақымдануы. Бактериалды пневмония кезінде науқастың өкпесінде, төменгі тыныс алу жолдарында бактериялар жиналып, ірің пайда болады. Өкпе ауруының қоздырғышы коронавирус болса, онда жасушалық қабыну элементтерінің түсімі дәнекер тінге шабуыл жасайды. Жоғарғы тыныс жолдарының эпителиялары коронавирус кіретін қақпа болса да оның соңғы нүктесі – альвеолярлық эпителий, яғни төменгі тыныс жолдары. Коронавирустың ағзаға енуінің екінші әдісі – асқазан – ішек жолдарының эпителиі. Бірақ, бұл сирек кездеседі. Өкпенің зақымдану жиілігі тұмау, қызылша сияқты инфекциялармен теңестірілмейді.

Коронавирусты инфекцияның екінші айырмашылығы – гиперкоагуляцияның дамуымен тамырлардың жаппай зақымдануы. Сондықтан өкпенің коронавирустық зақымдануы екі жақты сипатқа ие, бұл өзгерістер өкпенің түрлі сегменттеріне әсер етеді және өкпенің зақымдану пайызы бактериялық пневмонияға қарағанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан қазір әлемде коронавирусты пневмонияға басқа атау берілмек.

Короновирустың қалай алдын аламыз? Пандемия кезінде алдын-алу шараларының өзектілігі COVID-19 таралу кезеңінде алдын-алу шараларын ұстануды жалғастыру өте маңызды. Коронавирустың таралуын болдырмау үшін маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау туралы ұмытпаңыз. Қол гигиенасын ұстану. Қолыңызды сабынды сумен жиі жуыңыз немесе антисептик қолданыңыз. Сыртқа шыққанда көзіңізге, аузыңызға немесе мұрныңызға қолыңызды тигізбеуге тырысыңыз. Түшкірген немесе жөтелген адамдардан арақашықтықты сақтаңыз. Жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды шынтақпен не, бір реттік қағаз майлықпен жабыңыз. Егер өзіңізді нашар сезінсеңіз, үйде болыңыз. Қызуыңыз көтеріліп, тыныс алуыңыз нашарласа дәрігерге қаралыңыз. Дәрігерге телефон арқылы қоңырау шалыңыз немесе онлайн кеңес алыңыз. Медициналық мекемелерге қажетсіз барудан аулақ болу денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретіндігін есте ұстаған жөн. Өз өміріңізді, денсаулығыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын бағалаңыз.

Бүгінгі күнде Түркістан қаласы бойынша жағдай тұрақталған, толық қанды бақылауымызда. Әлеуметтік желілерде тарап отырған, дәрі тапшылығы, жату орны тапшылығы қазіргі таңда жоқ. Арнайы ашылған қосымша төсек орындарының 60 пайызы бос тұр. Қосымша әкімшілік тарапынан күнделікті дәріханалардағы дәрі тапшылығын, қымбаттауын болдырмау мақсатында арнайы құрылған топтар жұмыс жасауда. Егер дәріханалардан дәрі қымбаттатылғаны туралы мәліметіңіз болса 8776-837-09-00, 8702-000-24-94 нөмірлері арқылы хабар беруге болады. Бүгінгі күнмен арнайы құрылған мобильді топтың статистикасы бойынша сиптомсыз үйден бақылауда 15 науқас, пневмониямен 38 науқас бақылауға алынған. Бұған қосымша Түркістан қалалық емханасынан арнайы «қауырт желі» (тел: 872-533-59-0-01) ашылды. Ол арқылы науқастар мамандар кеңесін алуына болады.

Серік АБДИКУЛОВ,
Түркістан қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы