ТАЛАП ПЕН ТӘРТІПТІ САҚТАМАҒАНДАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ КҮШЕЙТІЛУДЕ

988 көрілім

Әлемді әбігерге салып, жұртшылықтың жүрегіне қорқыныш ұялатқан коронавирус індетін жұқтырғандар саны Шардарада күн санап кеміп келеді.
Бұған дейін тәулігіне 80-ге тарта қоңырау қабылдайтын мобильді топтың жұмысы да 3 есеге азайған.
Қауіпті індеттің кең тарауының алдын алу мақсатында ауданда 1900-ге тарта азамат зертханалық тексерулерден өткізіліп, олардың 7-нен оң нәтиже анықталған. Дер кезінде тиісті ем-дом жасалса, жұқпалы өкпе қабынуы вирусы бойынша тексеру жүргізілген 43 тұрғынның 28-і орта дәрежеде терапиялық ем қабылдаған.
Бүгінде аудандағы барлық денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлерінің күн-түн демей тынымсыз еңбек етіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде ауданда індеттің беті бері қараған.

Сонымен қатар, коронавирус індеті мен жұқпалы пневманиялық вирустың кең таралуына жол бермеу, карантиндік режимнің сақталуы мен маскалық талаптардың орындалуын, дәріханалардағы дәрі тапшылығы мен көп сұранысқа ие дәрілердің қымбаттауына жол бермеу мақсатында рейдтік шара ұйымдастырылып, оған аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы мен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облыстық Департаментіне қарасты Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Сапар Жантөреев, аудандық дәрілік заттардың өткізілуі және шектік бағаның сақталуына мониторинг жүргізу жөніндегі штаб мүшелері қатысты.

Шара барысында дәрі-дәрмектерді бекітілген шектік бағадан қымбат сатып, көлденең табыс табуды көздеген екі дәріхана анықталып, олардың иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Заң бұзушылық қайталанған жағдайда дәріхана қожайындарының жауапкершіліктері күшейтіліп, фармацевтикалық іс-әрекеттерді жүргізу, дәрі-дәрмек сату рұқсат қағаздарынан айырылулары мүмкін екендіктері ескертілді.
Айта кетейік, аудан басшысының бастамасымен құрылған мобильді топ мүшелері бұған дейін де қала, ауылдық округтерде Қазақстан Республикасында тіркелмеген бекітілген дәрі-дәрмек саудасын болдырмау, дәрігердің рецептімен босатылатын дәрілердің нормадан аспауын және карантиндік-санитарлық режимнің сақталуын бақылау мақсатында жүргізген рейдтік шаралары барысында талапты орындамаған дәріханалар мен қоғамдық орындардың 21 басшысына хаттама толтырылып, іс-құжаттары сотқа жолданған еді.

Бауыржан НАЙМАНОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы