БЕК НҰРМАҒАНБЕТ ҚАРСЫЛАСЫН НОКАУТҚА ЖІБЕРДІ

782 көрілім

Шілде айының 26 жұлдызы күні Беларусь астанасы Минск қаласында Suleimen Promotions-тың ұйымдастыруымен өткен бокс кешінде бес бірдей боксшымыз шаршы алаңда өнер көрсетті. Жағымды жаңалығымыз бар. Кіл мықтылар жиналған айтулы жарыста жақында ғана кәсіпқой боксқа ауысқан жерлесіміз Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастады. Ол 23 жасар венгриялық Тамас Ласкиді алғашқы раунда-ақ сұлатты. Алты раундқа есептелген кездесуде екінші нокдауннан кейін Ласки орынан тұра алмады. Осылайша ер Бекзаттың ізбасары Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамын сәтті бастады. Айта кетейік, Бек әуесқой бокста 2019 жылдың сәуір айында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша Азия чемпионы атанған болатын. Ол әлем чемпионатына баруы тиіс еді, алайда жарақатына байланысты оның орнына еліміздің намысын Бекзат Нұрдаулетов қорғады және алтын медальға ие болды.

Бокс кешінде тағы бір жерлесіміз WBO Global, WBC Asia және WBA International белбеуінің иегері Айдос Ербосынұлы германиялық Нуху Лавалмен кездесті. 10 раунд бойы ашық мәнерде өткен кездесудің қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен Айдос Ербосынұлы жеңіске жетті. Жалпы Минск төрі жерлестерімізге жеңіс әкелді. Атап айтсақ, Евгений Павлов венгриялық Патрик Хорватпен, Нұрсұлтан Аманжолов босниялық Дражан Джананинмен қолғап түйістіріп, қарсыластарынан басым түсті. Тек жартылай орта салмақтағы Нұрсұлтан Жаңабаев күтпеген жерден француз боксшысы Сэнди Мессаудқа есе жіберіп, өзінің жартылай орта салмақ бойынша иеленген екінші санаттағы Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Australasian атақтарын қорғап қала алмады.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы