БӘРІ РЕТТЕЛІП КЕЛЕДІ

712 көрілім

Қала тіршілігі өткен күндерге қарағанда анағұрлым өзгергенін байқау қиын емес. Халық ауыр дертпен арпалысып, жан бағуға душар болған сәттер алыстап жатқанға ұқсайды. Бұған тұрғындар денсаулығының жақсаруы мен аурухана орындарының сәт санап босап жатқаны қуанышты дәлел бола алады. Осы жағдаймен толыққанды таныс болу үшін қалалық орталық ауруханаға арнайы барып, емделушілердің саулығын біліп, пікірлесіп қайтқан болатынбыз.

Алғашқы күндері ауыр пневманиямен жансақтау бөліміне түсіп, қазір жағдайы дұрысталып арнайы палатаға шығарылған Тәжігүл Әлібекова әңгімесін дәрігерлерге рахмет айтумен бастады.

– Ауруханадағы бірінші күнім өте қиын болды. Жеңіл тұмаумен басталған ауруым демалуымның ауырлауына әкеліп соғады деп күткен жоқ болатынмын. Емханаға түскен күннен бастап дәрігерлердің үлкен еңбегінің арқасында бетім бері қарап, қазір кордиология бөліміне ауыстым. Осы ретте барлық денсаулық сақтау мамандарына үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Қиындықты басқа төнгенде сезетініміздей ақ халаттылардың еңбегі осы қиын сәтте көрініп жатыр. Науқасты аман алып қаламыз деп көп дәрігерлердің өмірден өтіп кеткенін де естіп жатырмыз. Еңбек еселенуі қажет. Барлығымыз аман болайық,- деп сөзін аяқтады. Арнайы кислород баллондарымен тыныс алып отырған науқастардың дем алуы әлі де қиын екені байқалады. Келесі палатаға кіріп, кезекті науқастың жағдайын сұрап, әңгімелестік. Үш адамға арналған палатада жатқан Кентау қаласының тұрғыны Әбдіғали Тұрысбеков сөзін бастады.

– Шүкір, қазір жағдайымыз жақсы. Ауруханада ем алып жатқаныма бүгін 14-ші күн. Ауырған бірінші күнімді есіме алғым келмейді, өте қиын болды бәрімізге. Ауруханаларға түсуші аурулар да күн сайып көбейіп еді, қазір керісінше, күн сайын азайып жатыр. Және жазылып шығушылардың да саны артуда. Өзім де бұйырса үйге оралуды ойлап отырмын. Бастысы аурудан толық айығып, басқа тұрғындарға зиянымды тигізбеуді ойлаймын. Себебі, барлығымыз үлкен жауапкершілікті сезінуіміз керек. Бәрі реттеліп келеді.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы