ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРҒА ЖЕТКІЗІЛЕДІ

705 көрілім

Қазіргі таңда күллі әлемді әбігерге салған қиын кезеңге байланысты ауыр індетпен күрес жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Осыған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасынан Түркістан облысына гуманитарлық көмек келді. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамандары мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері, қоғамдық бақылау бірлестігі мамандары келген жүкті санап, тиісті тексеріс жұмыстарын жүргізді.

«Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін қорғаныс киімдері мен бетперделер барлық аудандарға үлестірілетін болады. Коронавирусқа қарсы Ресей Федерациясынан «Коронавир» атты дәрілік препараты келіп, қоғамдық бақылау еріктілері өкілінің көмегімен бақылаудан өтті. Өңіріміздің ерікті жастары гуманитарлық көмекті тарату жұмыстарына белсене атсалысуда»,- дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы дәрілік заттармен қамтамасыз ету және лицензиялау бөлімінің маманы Айгүл Бақтығалиева.

Бір реттік бетперде, арнайы оқшаулауға арналған киімдер мен медициналық қолғаптар өңіріміздің барлық аудандарына таратылатын болады. Ол үшін арнайы кесте даярланған. Белгіленген уақытта жалпы саны 370 мыңға жуық гуманитарлық көмекті әр аудан алып кете алады. Гигиеналық тұтыну құралдары әсіресе шалғай ауыл тұрғындарына аса қажет екендігін айта кеткен жөн. Жеткізілген барлық заттар аудан, ауыл жұртшылығына қолжетімді болмақ.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы