Елімізге енген індеттің бүгінде асқынып тұрғаны белгілі. Бұл ретте облысымыздағы этномәдени бірлестік өкілдері мен волонтер жастар қарап қалмай, біркісідей атсалысуда. Барлығының мақсаты ортақ – ауырып жатқан жандарға жанашыр болу. Нақтырақ жеткізу үшін облысымызда кәсіпкерлермен бірлесе жүзеге асып жатқан сауапты бастамалардың бірқатарына тоқталсақ. Қолқайырлы жандардың басым бөлігі қайырымдылық шараларын әлі де жалғастыру үстінде. Бүгінде медициналық тұрғыдан берілетін көмекке көпшілік зәру. Осыны ескерген түркістандық этнос өкілері жұмыла жұмыс жасауда.
Түркістандағы “Үлес” қайырымдылық қоры пневмония індетінің асқынып тұрған кезеңінде облысымызға қарасты бірнеше отбасыға барып, жалғызбасты науқастарды тегін дәрі-дәрмектермен қамтып отыр. Одан бөлек ірі қара малдарды сойып, палау басып, ауруханалар мен сырқаттанып жатқан отбасыларға таратып келеді.
Облыстағы волонтер жастар да қиын кезеңде бірге екендіктерін дәлелдеді. Түркістан облысы Түрік этномәдени бірлестігінің еріктілері Сайрам ауданында ауруханада жатқан науқастарға көмек көрсетуде. Олар сол аудандағы ақ халатты абзал жандардың жанынан табылып, медициналық тұрғыдан жәрдем беруде.
Ал, Сайрамда облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, жеке кəсіпкер Нишанкулов Бадриддин өз қаржысына «САПА» клиникасына 2 дана “Бобров” аппаратын алып берді.
Сонымен қатар, өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, еріктілер тобының жетекшісі – Хасантаев Бобуржонның бастамасымен сайрамдық кәсіпкерлер өзге де қалталы азаматтармен бірлесіп , “САПА” клиникасына 3,5 млн қаржы көлемінде 15 дана, Қарабұлақ ауылдық ауруханасына 8 дана бір мезгілде 2 адам тыныстай алатын медициналық тыныс алу құрылғысын, 1,5 млн көлеміндегі қалған қаржыға аурухананы азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Кентау шахары да игілікті істі жалғап келеді. Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Б.Хабибовтың бастамасымен ауылдың еріктілері, кәсіпкерлер, ауыл тұрғындарының қолдауымен Қарнақ ауылдық ауруханасына қайырымдылық ретінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, ауруханаға 35 орынға арнап жатын орны, көрпе төсегі жеткізілді. 2000 бетперде, қолғап, натрий хлориді ерітіндісі, антисептик құралдары табысталды. Ренген аппараты тұратын арнайы бөлмеге еріктілер тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ренген аппараты, температура өлшейтін аппараттарға тапсырыстар берілді. Бүгінде қатты қажеттілікке ие медициналық заттар жақын күндері Нұр-Сұлтан қаласынан жеткізілетін болады.
Осындай қиын сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған этнос өкілдері қайырымыдылық шараларын індетті жеңгенше жалғастырамыз деп отыр.
Түркістан облысы әкімі аппараты “Қоғамдық келісім” КММ-нің баспасөз бөлімі