- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Карантиннің кесірінен халықтың қошеметінен күш алатын әртістер қауымының торға түскен тотыдай болғаны рас. Бірақ олар «карантин» деп, қарап жатпады. Кезінде майдан даласында Роза Бағланова, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебековтер әуезді әндерін шырқап халықтың көңілін серпілтіп тастаған еді. Сондықтан қазіргі буынның да елмен етене жақын болуына карантин кедергі бола алмады. Бүгінде Лиза Төлегенқызы басқарып отырған Түркістан қалалық мәдениет үйі қызметкерлері де төтенше жағдай кезінде экранның ар жағында отырып-ақ, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.
Мәдениет үйінің есігі карантин басталғалы тарс жабық. Десе де, өздерінің әлеуметтік желі парақшаларында тікелей эфир арқылы онлайн өнер көрсетуде. Мәселен, «Ханзадалар мен Ханшайымдар» байқауы, «Ерлікке – тағзым» жазба ақындар мүшәйрасы, «Мемлекеттік рәміздер-киелі құндылығымыз», «Фараби сазы» поэзиялық қойылымы, «Жеңіс туы» әншілер арасындағы байқау және бұдан өзге де ірілі ұсақты іс-шараларды назардан тыс қалдырмауда. Өнер арқылы тіршілікке деген толғаныс, өмірге деген кең тыныс адамның сантүрлі сезімі бейнеленеді.
– Елімізде болып жатқан коронавирус профилактикасы кезінде қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көштік. Шығармашылық топ үшін бұл қиын дүние екендігі жасырын емес. Десе де карантин режимі енгізілгеннен бастап 30-ға тарта байқау, іс-шаралар өткіздік. Онлайн өнер көрсету арқылы әлеуметтік желідегі көрермендеріміздің саны күн санап артуда. Халықтың қошеметі, ыстық ықыласы бізге шабыт сыйлауда,- дейді аталмыш мекеме басшысы Лиза Шамет.
Кез келген мамандық иесі ел дамуына үлес қосады. Соның бірі – мәдениет және өнер қызметкерлері. Олар күнделікті өмірімізді әнмен, бимен, күймен әрлеп, сұлу сөзбен өрнектейді. Қылқаламмен ғалам ғажаптарын бейнелеп, шығармашылық арқылы қоғамды көркейтеді. Мұхтар Әуезовше айтсақ, бүгінде ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр. Өйткені, өнердің құдіреті шексіз, таусылмайтын азық, жұтамас байлық.
«Бірлік» елді мекенінен орын тепкен мәдениет үйінің бүгінгі жай күйі көңіл қынжылтады. Елімізде карантин режимі аяқталған соң, өнер майталмандарына қаланың орталығынан өздеріне лайықты ғимарат беріледі деп сенейік.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.