ТҮРКІСТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР “АҒА СЕНЬОРЛАР” ЖОБАСЫНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРУДЕ

1  119 көрілім

Өндірісті қалай басқарып, жаңа мүмкіндіктерге қалай қол жеткізуге болады? Өз кәсіпорныңыздың өнімділік деңгейін арттырғыңыз келеді ме? Бұл тұрғыда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы негізінде «Аға сеньорлар» жобасын жүзеге асырып отыр. Аталған жоба аясында бизнес-кеңесші сарапшылар кәсіпкерлік қызмет деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Аға сеньорлар» жобасы экономиканың басым секторларында қызметін жүзеге асыратын және жұмыс жасап тұрған кәсіпорындарға шетелдік сарапшыларды өз кәсіпорнына шақырып, кәсіби ұсыныстар алуға мүмкіндік береді.
Алайда, коронавирус инфекциясы өршуіне байланысты ҚР Үкіметі ағымдағы жылы «Аға сеньорлар» жобасы аясында шетелдік кеңесшілерді тартуды уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Дегенмен отандық салалық сарапшылар шағын және орта бизнеске нақты міндеттерді шешу бойынша кеңес көрсететін болады.


Айта кету керек, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында төртінші жыл қатарынан кәсіпкерлерге өз бизнестерін модернизациялауға көмектесіп келеді. Өткен жылы бұл жоба аясында Түркістан облысының төрт кәсіпорнына шетелдік сарапшылар шақырылған болатын.
Бір ғана мысал, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, “Аға сеньорлар” жобасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған Бақыт Құрманбековті айтуға болады. Көпшілікке белгілі, Түркістан өңіріндегі Түлкібас ауданы алмасымен атағы шыққан өлке. Кәсіпкер өзінің “Кентау” ЖШС фирмасын 2013 жылы құрған. Бүгінде 190 гектардан аса жерге алма бауын егіп өсірумен айналысады. Қазір мұнда алманың 40 түрі өсіріледі. Көшеттер Италия, Түркия және Польшадан әкелінген. Шаруа қожалығының жоспарында алма бақшасының алаңын 600 га дейін ұлғайту көзделген.

“Аға сеньорлар” жобасы аясында “Кентау” ЖШС-не шетелдік маман келген болатын. Польшалық маман Адам Поплоньски Түркістан облысына бау-бақша және алма бизнесі саласындағы өз тәжірибесімен бөлісті. Ол Еуропа мен Азия елдеріндегі аграрлық кешеннің жұмысын жақсартуды мақсат еткен “Poplonski Trading Company” компаниясының басшысы. Ол екі апта ішінде қарқынды жоғары тауарлы бақтар өсіруге, өсімдіктерді қорғау, өнімдерді сақтау, оның логистикалық процестермен байланысты жұмыстарының қалай жасалатынын көрсетіп беріп кетті. Нәтижесінде, бүгінде кәсіпорынның өнім көлемі 15%-ға артып отыр.
Сонымен қатар, түркістандық «Гранд Микс» және «Құдайбергенов» жиhаз фабрикаларына Польшалық Томаш Викторский мен Ольга Десюкевич келіп, өз тәжрибелерімен бөліскен болатын. Қазір бұл кәсіпорындар өнім көлемі едәуір өскен.
Ал, Армениядан келген сарапшы Мкртчян Сандро құс жұмыртқасын шығарумен айналысатын «Сарағаш-Құс» кәсіпорнында болып, арнайы тауықтардың тамақтанудың жаңа картасын жасап, бүгінде серіктестік өнімділігін арттырған.
Биыл жоба бойынша әзірге екі кәсіпкер ниет етіп отыр. Олар — «Dala Fruit» ЖШС жаңа бағыт балық шаруашылығы бойынша маман шақырса, екіншісі «Құдайбергенов» ЖК қыштан түрлі бұйымдар жасау ісін дамытуды көздеуде.

«Расында, еліміздегі қазіргі қиын жағдайда бизнестің ілгері жылжуына кедергі болуда. Көпшілік кәсіпкер осындай қиындықтарға байланысты жаңа мүмкіндіктерден бейхабар қалып жатыр. Алайда мұндай қиыншылықтарда біз жаңа мүмкіндіктерді тауып, көрсетіп, кәсіпкерліктің әрмен қарай дамуына ықпал етуіміз керек. Ол үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестегілерге осындай мүмкіндікті қарастырып, «Аға сеньорлар» жобасы негізінде бұл бастаманы жүзеге асырып жатыр. Бұл мәселеде бизнесті қалай алып шығу керек, жұмысты қандай мақсатта жүргізу қажет — жалпы басқарудың тиімді жолдары түсіндіріледі»,-дейді Палата мамандары.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы өңіріміздің кәсіпкерлерін «Аға сеньорлар» жобасына қатысуға шақырады! Ол үшін сіз 1432 байланыс орталығына қоңырау шалып, толық мәлімет ала аласыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы