АЙЛАРДЫҢ СҰЛТАНЫ РАМАЗАН АЙЫ

2  244 көрілім

«Қош келдiң, йа, Рамазан» деп жылына бiр рет келетiн Рамазан айын барша мұсылман үмбетi асыға күтетiнi анық. Рамазан айы – жер бетiндегi Алланы бiр деп мойындаған, иманның шарттарына шүбәсiз сенген адамзат баласының сағынып күтетiн, бiзге екi дүниенiң бақытының кiлтiн ашатын қасиеттi Құран Кәрiм аяттары түсе бастаған сондай бiр мүбәрак ай. Бұл ай барша адамзат баласына өз рахметi мен қайталанбас күнге толы нығметiн алып келедi. Рамазан айының мәртебесi туралы Пайғамбарымыз былай деген: «Айлардың мырзасы – Рамазан, күндердiң мырзасы – Жұма, түндердiң мырзасы – Қадiр түнi». Сауабы сарқылмайтын қасиеттi айда мол сауаптан кенелуге мүмкiндiк бар. Бұл айдың қасиеттiлiгi сонда, күндiз немесе түнде оқылған Құранның әрбiр әрпi үшiн еселенген сауап бар. Бұл айда шайтандар кiсенделiп, тозақ есiктерi жабылып, жұмақ есiктерi ашылады. Нәпiл намаздар оқып, Аллаға құлшылық еткен жанның жүрегiне иман нұры құйылып, көз, құлақ перделерi ашылады. Рамазан айының үстемдiгi жайлы Алла Елшiсi: «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менiң айым, Рамазан болса, үмбетiмнiң айы», – деген. Яғни, барлық күнәсiнен арылып, жақсы амалдармен мол сауап жинайтын ай дегенi.

Ислам дiнi қазақ даласына келгеннен бастап бабаларымыз Рамазан айын үлкен қуанышпен қарсы алатын болған. Оған дәлел ретiнде ораза айы таянғанда әр үйге барып жарапазан айтып, “иiс шығарып”, көршi-қолаңға, жетiм-жесiрге құдайы нан таратып, садақа берiп, оразаның келгенiмен сүйiншiлеген. Рамазан айында бiр-бiрiн үйлерiне шақырып ауызашар берiп, сауабын аламыз деп ораза ұстаған адамның сәресiн даярлап, қызмет қылатын болған. Дәстүрмен сiңген дiнiмiзде ата-бабаларымыз барлығы дерлiк ауыз бекiткен. Аллаға құлшылығын арттырған. Таң сәрiден ниет етiп, ауыз бекiтiп, күн батқанда ауыз ашылады. Күннiң аптап ыстығына шыдап, сабыр сақтап, оразаны ашып жiбермей керiсiнше Алладан сол қиналған сәттер үшiн мол сауаптар тiлеген абзал.

Ауыз – астан, тiл – ғайбат пен жаман сөздерден, көз – харамға қараудан, харамды естуден – құлақ тыйылады. Алла Елшiсiнiң: «Кiмде-кiм жалған сөйлеуiн қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла Тағала ондай адамның тек ауыз бекiткенiне мұқтаж емес», – деген. Оразамын деп күнi бойы ұйқыға берiлу де қате iс. Онда адамның иманы әлсiрейдi. Шындығында ораза басқа негiзгi ғибадаттарға қарағанда Алла Тағала алдында өзiндiк ерекшелiкпен дараланады. Себебi, Алла Тағаладан Оның Нәбиi бiздерге жеткен хадисiнде баяндағандай: «Әрбiр жақсылық оннан жетi жүз есеге дейiн еселенедi. Ораза болса Мен үшiн оның сауабын өзiм беремiн», – деген.

Оразаның әрбiр мүмiнге мiндеттi құлшылық екендiгiн Хақ Тағала: «Уа, иман келтiргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етiлгендей, тақуалыққа жетулерiң үшiн ораза ұстау сендерге де парыз етiлдi» («Бақара» сүресi, 183-аят), – деген аят бiлдiредi. Рамазан айында ораза тұтып, Алладан дұға тiлегеннiң тiлегi керi қайтарылмайды. Әрбiр жасалған жақсылықтар еселенедi. Осы айда көптеп садақа беру абзал. Рамазанда берiлетiн пiтiр садақасы бар. Пiтiр садақа һижреттiң екiншi жылы Рамазан оразасы парыз етiлген жылы уәжiп етiлдi. Ол отбасындағы әр адам басына өлшенiп есептелген. Пiтiр садақаның көлемiн жергiлiктi мешiттен бiлiп, Рамазан айы бiтпей беру қажет. Бұл садақаның Ораза айт намазына дейiн берiлгенi дұрыс. Пайғамбарымыз: «Осындай күнде (айт мейрам) кедейлердi қайыр садақа тiлеуге мұқтаж етпеңдер», – деген.

Ораза тұтушы аштық халiнде өзiнiң әлсiздiгiн сезiнумен қатар тоқтықта қадiрiн бiле бермейтiн қара су мен бiр үзiм нанның соншалықты құнды екендiгiн сезiнедi. Бұл дегенiмiз – «судың да сұрауы бар» деген мәтелдiң мәнiн түсiндiредi. Рамазан айында түндердiң төресi болған, мың айдан қайырлы, перiштелер жерге түсiп, жер бетiнде береке орнайтын Қадiр түнi бар. Бұл – сауаптар еселенiп жазылатын ерекше, қасиеттi түн. Алла Тағала «Қадiр» сүресiнде: «Расында Бiз Құранды Қадiр түнi түсiрдiк. Қадiр кешi мың айдан қайырлы», – деп баяндаған. Осы түнi жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мiнәжәттiң сауабына татиды.

Құдси хадисте Алла Тағала: «Аузы берiк адам iшiп-жеуiн тек менiң ризалығым үшiн доғарды. Ораза – менi мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берiлетiн сый-сауапты мен ғана өлшеп, мен беремiн. Аузы берiк құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз исi мен үшiн миск әтiрiнен де тамаша», – деген. Олай болса, осы қасиеттi Рамазан айында ораза тұтып, Аллаға көптеп зiкiр айтып, Пайғамбарымызға салауаттар жолдап, садақа берiп, нәпiл намаз, қаза намаздарын оқып, қадiрлi болған Қадiр түнiн құлшылықпен өткiзiп, мол сауаптан алайық. Көршi-қолаңмен қарым-қатынасты жақсартып, ағайын-туыспен тату болып, ренжiскендер бiр-бiрiн кешiрiп, сыйластығын арттырып, осылайша береке-бiрлiкпен Ислам дiнiмiздi дәрiптесек нұр үстiне нұр.

Биыл Ораза айы 16 мамырдан бастап, 14 маусым күнi бiтедi. Яғни 30 күн Ораза ұстаймыз. Маусым айының 10-нан 11-не қараған түнi – мың айдан да қайырлы, қасиеттi Қадiр түнi. Пiтiр садақa мөлшерi – 300 теңге. Алла Тағала оразамызды қабыл алып, Құран мен сүннетке сай қайырлы iс қылуды нәсiп етсiн!

Омар қажы ЕЛЕУҰЛЫ,

қалалық орталық «Түркiстан-Ахмет Яссауи» мешiтiнiң бас имамы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы