ІРІ ҚАРА МАЛДАР НӘЗІР ҚҰРБАНДЫҒЫ ҮШІН ШАЛЫНУДА

3  768 көрілім

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алланың хас құлдары атаған нәзірлері мен тиісті міндеттерін лайықты түрде атқарады һәм кесапаты жер бетін жайлайтын күннен қорқады»,- деген. Нәзір деген бұл бір іске тәуекел етіп жеңілдігін қаласа немесе ауру-сырқау, жамандық, қиындықтардан сақтану, арылу үшін де берілетін садақа түрі. Бүгінгідей жаман індет елімізді жайпап бара жатқан заманда халықтың барлығы алаңдаулы десек болады.

Осындай алаңдаушылықты басу мақсатында Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы тарапынан COVID-19 індетіне қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Онда жаназа намазы, құдайы ас берудегі талаптар жайлы бірнеше тармақшалармен түсіндірілген. Мәселен, жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмау, жаназа намазын 5 минуттан асырмау, санитариялық талаптарды сақтау, құдайы астарды өткізбеу немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларымен шектелу сынды ережелер бекітілген. Қазіргі таңда діни қызметкерлер жоғарыда аталған ережелерді ескере отырып жұмыс жасауда.

Алла ризалығы үшін шалынған құрбандық ақыретте өтуі өте қиын «Сырат» көпірінде иесі үшін мініс құралы ретінде көмекке келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай деген: «Малдың жақсысы мен тәуірін құрбандық ретінде таңдаңыз. Өйткені, ол «Сырат» көпірінде сізге көлік болады». Алайда, нәзір құрбандығы мен құрбан айтта шалынатын құрбандықты шатастырмау қажет. Екеуі екі бөлек құрбандық болып табылады. Нәзірге сойылған малды түгелдей таратып жіберсе, құрбандыққа шалынған малды 3 бөлікке бөліп, өзіне, туған туыстарына, пақыр міскінге бөліп берсе болады. Жалпы нәзір садақасы мен нәзір құрбандығы белгілі бір нәрсеге ниет етіп атағанда атқарылады. Ниет етіліп қойылса атқарылуы – уәжіп болады. Бүгінде қаламызда құрбандыққа мал шалып жатқан жандар да шүкір баршылық. Мәселен, түйе, қошқар, өгіз сынды малдарды атап, елімізге келген аты жаман дерттен баршамызды сақтасын деп игі амалдар жасалынуда.

Халық даналығында: «Малым жанымның садақасы» деген наным бар. Садақа бәле-жаланың бетін қайтарушы, өмір жасты ұзартушы дейді. Сондықтан, шалынған құрбандықтарымызды Алланың разылығы үшін нәзір деп атап, елімізге келген жаман індеттен халқымызды құтқарып, келетін пәленің Алла бетін қайтарсын.

Жүсіпбек ҚАСЫМБЕКОВ,
Түркістан қаласының бас имамы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы