КАРАНТИНДЕ СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ БАБЫНДА МА?

946 көрілім

Әлемді жаулаған коронавирус індеті барлық салаға өзінің кері әсерін тигізіп отырғаны рас. Сол секілді спорт саласына да. Биыл төрт жылдықтың басты бәсекелері Токио олимпиадасы мен Еуропа чемпионаты, басқа да әлемдік деңгейдегі додалар өтуі тиіс еді. Өкінішке орай, спортшылар мен миллиондаған жанкүйерлер күткен тартысты ойындар кейінге шегерілді. Қазақстанда спорт жарыстары тоқтап тұрған шақта облыс орталығы қаламызда спорт саласында қандай жаңалықтар бар. Яғни Түркістан қаласының спортшылары карантин кезінде немен айналысып жүр. Біз бүгін осы сауалдарға жауап іздеген едік.

Жалпы қала әкімдігінің спортты дамыту бөлімінің мәліметіне сүйенетін болсақ бүгінгі таңда қалада 194 спорт нысандары бар. Оның ішінде: 2 стадион, 5 спорт кешені, 133 спорт ойын алаңдары, 7 теннис корты, 4 жүзу бассейні, 43 спорт залдары бар. Бөлімге қарасты 5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері қызмет атқарып, аталмыш спорт мектептерінде спорттың 12 түрінен 2196 баламен 56 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Сондай-ақ, А.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тәрбиеленіп жатқан балалар саны 846, жаттықтырушылар саны 50. Ал, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Орталық су спорт кешені» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 117 балаға 5 жаттықтырушы су спортының қыр-сырын үйретеді. Ендеше жаттықтырушылар мен спортшыларды тыңдасақ:

Абзал ТҰРАРОВ, таеквондодан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

– Карантиннен кейін таеквондошыларымыз қайта бабына келуі үшін кемінде бір ай керек. Ұзақ үзілістен кейін спортшылар физикалық бабын жоғалтып алады. Осы тұстарды ескеріп, бүгінде онлайн байланыс арқылы барлық тапсырмаларды беріп, қадағалап отырмыз. Әлбетте, онлайн жаттығудағы кеткен кемшіліктерді өз уақытында түзеп барсақ спортшыға оң әсерін тигізері анық. Шілде айының ортасында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін балалар арасында Қазақстан чемпионаты келесі айға шегерілді. Бүгінгі таңда осы жарысқа тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Жалпы онлайн тапсырма арқылы 40-қа жуық балаға жаттығу өткізудеміз. Құдай қаласа, әлемдегі ахуал тұрақталып, спортшыларымыздың көк байрағымызды көкте желбірететін қуанышты сәттеріміз көп болсын деп тілейік.

Бекзат НҰРМУХАМЕД, футболдан Халықаралық турнирлердің жүлдегері:

– Футбол – миллиондар ойыны. Сондықтан, бұл спорт түріне қызықпайтын жан болмаса керек. Өзім де осы спорт түрімен айналысып жүргеніме 3 жылдай уақыт болды. Бапкеріміз Серік Пірімжанов футбол ардагері, кезінде «Яссы-Рахат» футбол командасының бапкері болған. Тәжірибелі бапкерімізден үйренгенімізден үйренеріміз көп әлі. Жалпы футбол командалық ойын екендігін әрдайым құлағымызға құйып отырады. Сондықтан, тәжірибемізді молайтып, футболдың қыр-сырын терең меңгеруге кеңес береді. Аптасына 4 рет өтетін сабақтар видео ролик арқылы бақылауға алынған. Карантин бітсе бізді Жаңатас пен Шардара қаласында Халықаралық жарыстар күтіп тұр. Жалпы алғанда, карантин кезінде үй шаруаларына көмектесуге де көп уақыт табылып отыр. Әке-шешем мен бапкерімнің сенімін ақтап, келешекте қазақ футболының жұлдызы болғым келеді.

Жалпы алғанда халықтың бос уақытын тиімді пайдалануға және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында, сонымен қатар жасөспірімдер мен жастардың спорт нысандарын тегін негізде пайдалану үшін қалалық білім бөлімімен, жоғары оқу орындарымен, колледждермен, қаладағы алаңдармен меморандум жасалынған дейді спорт мамандары. Бүгінгі таңда қалада барлық спорт түрі – волейбол, бокс, таеквондо, тоғызқұмалақ, баскетбол, қазақ күресі, самбо, үстел теннисі, футбол, жеңіл атлетика, дзюдо, еркін күрес, су спорты онлайн режимінде жұмыс атқарып отырғанына көзіміз жетті.

Биыл облыс орталығында 7000 орындық «Turkistan Arena» стадионы мен жабық бассейн, сондай-ақ бірнеше кіші футбол және баскетбол, стрит-воркаут алаңдары пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл келешектің еншісіндегі шаруалар. Ал, әзірге карантин талаптарын қатаң сақтап, тек спортшыларымыз емес, әрбір қала тұрғыны салауатты өмір салтын ұстанып, үйлерінен шықпай-ақ спортпен шұғылданулары қажет. Бұл біріншіден, індеттің алдын алу болса, екіншіден денсаулықтарын шыңдауға мол мүмкіндік береді.

Алда бізді шуақты күндер мен спортшыларымыз биік белестерді бағындыратын жеңісті сәттер күтіп тұр. Лайым солай болғай!

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы