КАРАНТИН ОЙЫМЫЗ БЕН ТОЙЫМЫЗДЫ ӨЗГЕРТТІ

719 көрілім

Қазір жалпақ әлем коронавирус індетімен бел шешіп күресуде. Одан біз де тысқары қалып отырған жоқпыз. Елімізде екі айға жуық төтенше жағдай жарияланып, тұрғындардың бәрі үйде отырды. Қызық-думанның барлығы сап тыйылып, мейрамханалар мен кафелер жабылды. Осы уақытқа жоспарланған той-томалақ тоқтатылды. Алайда, елдегі төтенше жағдай алынып, карантин талаптары, атап айтсақ, бетперде кию, арақашықтықты сақтап жүру шаралары қалдырылғанымен халықтың осы қарапайым қағидаларға мән бермей, тіптен ескермеулерінің аяғы үлкен соққыға әкелгендей. Бұл елде орын алған пандемияның бар екендігіне алғашқыда сенімсіздік танытқандығымыздан да болар, сірә.

Бірді айтып бірге кетпейік, бүгінгі әңгімеміздің арқауы той туралы болмақ. Неге той туралы айтып отырмыз. Өйткені, «жалпақ жұртқа жан қайғы» болып отырған дәл қазіргі таңда елдің той тойлауға да, тойды ойлауға да шамасы келмей қалғаны рас. Ал, бірақ осындай халге жетулерінің сыры той тойлап, жиындарға көптеп барғандарынан болып отырғанын бірі түсінсе, бірі түсінбейді. Сондықтан, ауырмай тұрып, аурудың алдын алуымыз керек екенін айта бергеніміз дұрыс. Өйткені, карантин кезінде де жасырын той, жиын жасап жатқандар қаншама.

Осы арада елімізде орын алған карантинге дейінгі тойлар және карантин біткеннен кейін қалай өтетіндігі жайлы ой қозғап көрейікші. Расында, көпшілік қауым баласының қызығы үшін зәулім мейрамханада көл-көсір дастарқан жайып, оған асаба жалдап, әншілерді шақырып, сол үшін несие алып, той жасады. Алдағы уақытта да жасағысы келетіндер бар… Әрине, шама-шарқы жетіп жатса, солай жасай берсін. Алайда, «Анау солай жасапты, мен неге одан қалам?» деген жалған намысты тоқтату керек. Өйткені, сол жалған намыстың арқасында банктен алған қыруар несиемізді жыл санап, ирелеңдеп төлеп жүреміз. Тіптен, арамызда бүтін айлығын банктегі несиесіне төлеп жүргендер аз емес. Бұрынғы уақыт болса білінбес еді. Екі ай төтенше жағдай кезінде олардың әбден қиналғанын білеміз. Тіптен, үйлерінде ішерге ас болмай қалғандары бар. Екі жастың ажырасу себебі де күн көре алмаудан бастау алады емес пе? Сондықтан тойды қалтамызға, шамамызға қарап, ықшамдап өткізіп, қайта екі жастың алғашқы отбасылық өміріне көмек көрсеткен дұрыс.

Жақында баспасөз беттерінде жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатының тақырыбынан-ақ, Президенттің бүгінгі проблеманы ғана емес, болашақтағы мәселелерді де жан-жақты қамтығанын аңғаруға болады. Пандемия, мемлекеттік тіл мәселесінен бастау алған келелі әңгіме ұлттық мүддеге ұласады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында елдік мəселесі де, елдікті көркейтетін еңбек мəселесі де қозғалған. Елдік демекші, Президент елімізді өркендету өз қолымызда екеніне де айрықша тоқталған. «Біздің осындай сындарлы сəтте қателесуге еш қақымыз да, құқымыз да жоқ. Жəне мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мəселені бірінші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр…» деп түйіндеді мемлекеттілікке қатысты тұжырымын Мемлекет басшысы. Ал еңбекке қатысты ойы əлі күнге бейқам қазаққа, жаһандану заманында, бəсекелестік кезең белең алған тұста тойшыл дағдысынан арылмаған ағайынға қарата айтылған арнау сөз деп қабылдадық. «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп əндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың əңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру əдетінен арылу керек». Президент Қ.Тоқаевтың елдік кредосы бұл. «Халықтың қазынасы той емес», тынымсыз тірлік, үздіксіз еңбек, сол арқылы елдің өркендеуі, халықтың көркеюі екендігін аңғартады. «Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дəуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дəуірі!» Парасатты Президенттің пайымы бұл. Ой қуалаған қазақтың өрісі де кеңейіп, өркениеттегі орны бөлек болуға тиіс. Ендеше, сол күндерге тезірек жету үшін тойшыл емес еңбекшіл қауым болып, еткен еңбегіміздің есесін берсін деп тілейік.

Жақында ғалым Досай Кенжетайдың әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан: «Ағайын, мына індеттен өлгендердің бәрі шәйіт! Мен өлімнен қорықпаймын! Қорқатыным -надандық. Ғылыми танымда да, діни танымда да мұндай жағдайда, індет кезінде, алдымен өз жаныңды-аманатыңды сақта! Жаныңды сақтау исламның бірінші үкімі. Қазіргі індетте жаназа, той, құдалық, жиын, мәжіліс деген жерге баруды доғару керек! Өз үйің-қылует! Үйіңнен шықпа! Сонда өзгені де, өзіңді де сақтайсың!» деп халыққа арнап жазған ой таразысы көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Өйткені, ел зиялыларының дуалы аузынан шыққан өрелі сөздер халыққа керек-ақ. Оны біз көптің жазған жауаптарынан да байқадық.

Батыржан Берденұлы: Ассалаумағалейкум, дұрыс айтасыз Досай АҒА. Әркім өз үйін мінажатхана етіп, тәубе етіп, өзіне, айналасына дұға жасап отыру керек.

Асқар Абдуллаұлы: Досай аға, осылай нықтап тұрып, қаттырақ айтпасаңыздар қазақы менталитет әлі де тоқтамай жатыр. Тойды ғой тоқтатқан шығар ендігі, мүлдем ессіздері болмаса. Ал, ауылдағы ағайын көріп тұрып жақынының жаназасына бармай тұра алмай жатыр ғой әлі де. «Құдай сақтасын!» деп жүретін кез емес, үйіндегі шиеттей бала-шағаны ойлау керек екенін, «қайтеміз енді ұят қой» деген райынан осылай құран мен хадистен жалтара алмайтындай мысал келтіре отырып айта берулеріңіз керек. Негізі осындай қысқа-нұсқа етіп видео жазба жасаңызшы, ел өзі-ақ жеткізеді ағайынға.

Осылай, ел зиялылары халық алдында еліміздің келешегі туралы өз ойларын айтып, бітімгершілікке шақырып отырса, сөзге тоқтаған халқымыз бір пәтуаға келері анық.

Шынымызды айтсақ, дәл қазіргі таңда бұрын мұндайды көрмеген халқымыз «енді не болады?» дегендей әрі-сәрі күй кешуде. Өмір ағысы да өз арнасынан өзгерді. Бұл індеттің экономикаға, әлеуметтік жағдайға, күнделікті тұрмыс-тіршілікке тигізген залалы мол. Әйтеуір, «Көппен көрген ұлы той» деген үміт көпшілікті үрейден сақтандыруда. Осы карантин кезінде жан-дүниемізді де түрлі мұңды ойлар буып алғаны рас.

Бұл індет те, карантин де адамның жанталасқан өмірін бір сәт тоқтатып, көп нәрсеге басқаша қарауға үйретті. Бұл індет бізді сынады десек те болады.

Тіптен барлық нәрсенің қадірін білуге үндегендей әсер қалдырды. Отбасылық құндылықтардың маңызын көрсетті. Ата-анамыз бен ұл-қыздарымыздың бір дастарқан басында шүйіркелесіп, аман-есен отырғанымыздың өзі үлкен бақыт екендігін ұғындырды.

Той жасау үшін қарызға батудың немесе жиған-тергеннің бәрін шашудың дарақылық екенін халық енді түсінді. Шынайы қуанышыңды жақындарыңмен ғана бөлісіп, жастардың үйлі болуына жағдай жасау керек екендігін жүрегімізбен ұғындық. Енді карантиннен кейін ойымыз ғана емес, тойымыз да өзгеретін болады деген сенімдеміз.

Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы