САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫНА САЛҒЫРТТЫҚ ТАНЫТПАЙЫҚ

954 көрілім

Бүгінгі таңда бүкіл әлемді коронавирус індеті жайпап бара жатқаны айқын. Қаламыздағы ахуал бойынша коронавирус індетін жұқтырғандар саны 201 болса, оның ішінде 9-ы балалар. Жалпы сырқаттанғандардың 126 ерлер, 75-і әйелдерді құрап отыр. Қазіргі кезде ауырған 89 адам сауығып шықса, 41 адам үй жағдайында емін жалғастыруда, 68 науқас инфекциялық ауруханада ем қабылдауда. Өкінішке орай, 3 пациент қайтыс болды. Сонымен қатар, симптомсыз түрімен анықталғандар 66-ы құраса, қазіргі күнге 40 адам бақылауда, қалған азаматтар карантин мерзімі бітіп бақылаудан шығарылды.

Сырқаттың алғашқы белгілері: дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, тершеңдік, бұлшық еттердің ауырсынуы, бас ауруы, жөтел, дәм және иіс сезбеу, ентігу. Осы бағытта сырқаттың алдын алу: адамдардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жеке бас тазалығын сақтау, қол беріп амандаспау, көпшілік орынға бармау, бетперделік тәртіпті қатаң сақтау, қолдағы заттар (телефон, сағат, жүзік және т.б) залалсыздандыру, қолды тұрақты түрде жуып отыру, үй ішін жиі желдету қажет.

Бетперделік тәртіп бұл біздегі сырқаттың таралуына қарсы бірден бір таптырмас құрал. Барлық адамдар бетперделік тәртіпті сақтау арқылы сырқаттың таралуына тосқауыл бола алады. Себебі сырқат негізінен ағзаға жоғарғы тыныс жолдары арқылы түседі. Сол себепті сырқат адамның және сау адамның маска таққаны абзал. Антисептикалық заттармен қолды және қолдағы заттарды жуып отыру керек. Олар инфекцияның жиналатын орны болады. Сол себепті жуып отыру арқылы біз вирусты жоя аламыз.

Емдеу мәселесіне тоқтар болсақ. Коронавирус сырқаты бұл вирусты ауру, сол себепті мұндай сырқатта антибактериалды ем нәтиже бермейді. Осыны естен шығармаған абзал. Ең алдымен қала халқы өздігімен емделуді тоқтату қажет. Себебі әлеуметтік желі арқылы дәрігерлік тағайындаулар жүр. Олар әр адамға жекелей таңдалады, себебі әр пациенттің өзіндік қосымша сырқаттары болуы мүмкін, сол себепті дәрігердің тағайындауымен ем қабылдау қажет. Кері жағдайда аурудың асқынуына әкеліп, соңы орны толмас қайғыға соқтыруы мүмкін.

Осы орайда, Түркістан қалалық емханасына қарасты 72 аймақ бекітілген болса, онда жалпы саны 72 дәрігер мен 200-ден астам мейірбике қызмет атқарады. Қандай жағдай болмасын аймақтық дәрігерге хабар беріп, көмегіне жүгінген жөн. Әрбір адамға емдеу тәсілі жекелей жасақталуы тиіс. Сонымен қатар, қалалық емханада қауырт желі 4-90-01 телефоны іске қосылды. Осы желі арқылы коронавирусқа қатысты сұрақтарға жауап алуға болады. Аталмыш желі күнделікті жұмыс күндері сағат 9:00-18:00 аралығында жұмыс жасайды.

ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 25.06.20 жылы №43 санды қаулысына сәйкес, коронавирус індетіне талдау тапсыру мәселесі бойынша қағидалары бекітілген. Қаулыға сәйкес ПТР (полимеразды тізбекті реакция) тәсілімен анықтау үшін сынама алу жүргізіледі. Олар провизорлық және инфекциялық ауруханаларға жатқызылатын науқастар, нәтижесі оң көрсеткен COVID-19 науқастармен жақын қарым қатынаста болғандар (оқшаулаудың 7 күніне), жоспарлы түрде емделуге бара жатқандар, жедел түрде ауруханаға түскендер, жүкті және жаңа туған нәрестелер клиникалық көрсеткіштерге сай, гемодиализ қабылдайтын науқастар, медико-әлеуметтік мекемеге жаңадан түсушілер, COVID-19 сырқатын жоққа шығармайтын белгісі бар пациенттер болып табылады.

Дәл қазіргі сәтте, ел азаматтары жауапкершілік жүгін терең сезінуі тиіс. Жұқпалы дерттің жедел тарайтындығын ескерсек, жауапкершілікті жоғары сезіне отырып, барынша көпшілік орыннан қашық болуға, әрі уақытымызды түзде емес, үйде өткізуге тырысқанымыз жөн. Салғырттықтың соңы – сары уайымға әкеліп соқпас үшін, барынша сақтық шараларына терең жауапкершілікпен қарағанымыз абзал.

Райымбек ТАСЫРБАЕВ,
Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы