МАҚТААРАЛДЫҚ МЕЦЕНАТ ӨЗ ҚАРАЖАТЫНА АУЫЛДАСТАРЫНА ЖЕТІНШІ ҮЙДІ САЛЫП БЕРІП ЖАТЫР

1  194 көрілім

Адам баласының бойындағы Алладан берілетін асыл қасиеттердің бірі – қайырымдылық. Ал, адами қасиеттердің қадірлісі қайырымдылық болса, ал, оны жасау, қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосу – адамның азаматтық парызы. Әрине, қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беру жомарттықтың белгісі және ондай іс тек жомарт жандардың ғана қолынан келеді. Қашан да алған қолдан, берген қол қайырлы болады.
Ел арасында сондай жомарттығымен, қайырлы істерден қалыс қалмайтын қасиеттерімен ерекшеленіп жүрген жандардың бірі – мақтааралдық кәсіпкер, меценат Абдухошим Боев.

Бүгінде кәсіпкер өз қаржысы есебінен Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Елқоныс ауылының тұрғыны Құрбановтар отбасына үй салып беріп отыр. Қолдауды қажет ететін жандардың ұлтына қарамайтын ол бұған дейін де алты азаматқа баспана салып беріп, 100-ге тарта отбасын азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етіп келеді. Бұған дейін апатты үйде өмір сүріп келген отбасының сәл күнде 6 бөлмелі жаңа үйі болады. Меценаттың өзі жаңа баспананы салып беріп қана қоймай ішін қажетті жиһаздармен толтыруға да көмектесетінін айтады.

«Абдухошим Боев – бір әкеден тараған 8 ағайынды. Бәрі де кәсіпкер, елдің жанашырлары. Қашан да болса әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға қолұшын созып келеді. Азаматтардың ұлты мен ұлысына, шыққан тегіне қарамайтын ол жасаған әрбір ісін өзінің азаматтық парызы деп біледі» дейді Түркістан облыстық «Парвиз» тәжік этно-мәдени орталығының төрағасы Юлдаш Сұлтанов.

Ерекше айта кететін тағы бір жайт кәсіпкер мамырдың басында болған су тасқыны кезінде де азаматтық танытып ауылы суда қалған мыңға жуық мақтааралдықты қамқорлығына алып азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешекпен, жатын орынмен толық қамтамасыз еткен.

Одан бөлек бірнеше жылдан бері 26 гектар жерге бау-бақша өсіріп, 16 гектар жерге жылыжай салған ол сол төңіректегі 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Үйінен ұзамай жоғары айлық жалақы алып отырған ауыл тұрғындарының да тұрмысы түзелген.

Еңбегін ескерген Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен өткен жылы қайырымдылық және меценаттық қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін Абдухошим Боев «Жомарт жан» медалімен марапатталған.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы