5-10-20 БАҒДАРЛАМАСЫ: БАСПАНАҒА ЖЕТУ ЖОЛДЫ ЖЕҢІЛДЕТЕ МЕ?

1  116 көрілім

Басына пана іздеген халық үшін баспана жыры егіз ұғым іспетті. Қайда барсаң көше кезіп, үй мен жәй іздеген қарашаға ұшырасасың. Үйлі болудың түрлі жолын іздеп жүрген жандардың қатары аз емес. Солардың ішінде оңай олжаға кенелемін деп шым-шытырық ұтыстарға қатысып, басын тасқа ұрғандарды да көрдік. Қош, әр азамат баспаналы болсын деп Елбасы бастаған «Нұрлы жер» ипотекалық бағдарламасының жолы жалғасайын деп тұр. Ендеше, Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған «5-10-20» жобасы халық үмітін ақтай ма? Тарқатайық.

Мамырдың 11-і күні төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Қ.Тоқаев маңызды мәселеге байланысты шешім қабылдаған болатын. – Биыл елде 150 мың пәтер мен үйден тұратын рекордтық көлемдегі құрылыс жоспарланған. Азаматтарымыздың баспана жағдайын жақсарту жолындағы жұмысты жалғастыру маңызды,- деген еді Президент. Сонымен қатар билік «5-10-20» деп аталатын жаңа жоба мемлекеттен әлеуметтік баспана сұрап, «үй кезегінде тұрған» 500 мыңнан астам азаматтың мәселесін шешеді деген үмітін де жария етті.

«Дағдарысты еңсеруге бөлінген» қаржыдан 390 миллиард теңге жұмсалатынын бұл жоба экономиканың дамуына серпін беріп, жұмыспен қамту деңгейі мен әлеуметтік қолдауды арттыруға көмектеседі деп күтілуде. Лайым солай болсын дейік.

Сонымен «5-10-20» бағдарламасының басты талаптары қандай? Соған келейік.

Үй алғысы келетін адамның атында баспанасы болмауы шарт;

табыс көзі отбасындағы жан басына шаққанда 3,1 күнкөріс деңгейінен аспауы қажет (2020 жылы бұл көрсеткіш 96 667 теңгеге тең);

несие мөлшерлемесі – 5 пайыз;

бастапқы жарна – 10 пайыз, ол үміткердің ТҮҚЖБ шотында жиналған болуы тиіс;

қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін;

Тиісті соманың алғашқы жарнасын құйған азаматтардың кезектен тыс үйлі болуына назар аударылған бұл бағдарламамен баспаналы болу үшін қатысушы азамат әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұруы шарт. Ал ол кезекте қазір қанша адам тұр?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы қаңтардың 1-індегі есеп бойынша, 540 мың адам кезекте тұр. Олардың қатарында:

мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекемеде істейтін азаматтар – 212,5 мың адам;

толық емес отбасылар – 120,5 мың адам;

жетім балалар – 60,8 мың адам;

бірінші және екінші топ мүгедектері – 43,5 мың адам;

көпбалалы отбасылар – 47,8 мың адам;

мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, – 21,1 мың адам;

басқа санаттағы азаматтар – 34 мың адам.

Соның ішінде Түркістан қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімі төмендегідей.

Түрғын үй кезегінде жалпы 11538 отбасы тіркеліп тұр оның ішінде:

1. Халықты әлеуметтік жағынан «осал» топта – 5435;

2. Көпбалалы отбасы – 2773;

3. Мемлекеттік немесе бюджеттік қызметкер – 3146;

4. Кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 175;

5. Жалғыз баспанасы апатты деп танылған отбасылар – 9.

– Қала аумағында тұрғындарды «5-10-20» бағдарламасы бойынша құлақтандыру қазірден басталып кеткен. Ал нақты іске көшу үшін Үкіметтен қабылданар қарарды күтіп отырмыз. Жарты жылдықтың соңына қарай кезекте тұрған азаматтарға 540 пәтер беру жоспарда тұр,- деп түсіндірді Түркістан қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әбутәліп Асанов.

Қайтадан ел төңірегіне оралсақ. Жеке құрылыс салушылардың алғашқы тұрғын үйі бойынша несиенің ең жоғары сомасы ел аймағына байланысты айқындалады. Нұр-Сұлтан мен Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтар үшін 18 миллион теңгеден, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы үшін 15 миллион болса, басқа аймақтар үшін 12 миллион теңгеден аспауы шарт.

Бағдарламаның басты идеясы мынада: меншігінде баспанасы жоқ әрбір қазақстандық осы орталыққа хабарласып, қалтасына қарай қолжетімді баспана алуына болады. Қарап тұрсаңыз бәрі оңай секілді. Бірақ, бұл жерде де заңнамалық шектеулер мен тиісті нормалар бар. Сарапшылардың пікірінше, «5-10-20» бағдарламасы бойынша лайықты баспана табу оңай емес. Себебі, бағдарламада «тұрғын үй бағасына қатысты және пәтерді жаңа салынған тұрғын үйлерден ғана алуға болатыны жөнінде шектеулер бар». Бағдарламаға 390 миллиард теңге бөлінгенін айтып өттік. Яғни, пәтердің орташа бағасы 15 миллион теңге деп алсақ, бұл ақшаға 26 мың пәтер келеді. Ал кезекте тұрғандар саны – 540 мың адам дейді олар.

Қош, әлемдік пандемияның салдарынан ел экономикасы да әлсіреп қалғаны бар. Осындай сыни кезеңде нарықтық есеппен жерлестеріміз баспаналы болып жатса бір қуаныш. Мемлекет басшысы Үкіметке бұл мәселе бойынша 1 шілдеге дейін бір шешімге келуді тапсырды. Шығар шешім оңынан қабылданып, шынымен тұрғын үйге мұқтаж жандар жаңа үйдің табалдырығын аттасын деп тілейік.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы