ЖЕТІСАЙДА КАНАЛДАР МЕН АРЫҚТАР ТАЗАЛАНЫП ЖАТЫР

4  649 көрілім

Тіршіліктің негізгі көзі болып табылатын ағын су мәселесі Жетісай ауданы бойынша үлкен мәселе болып келгені жасырын емес. Оған себеп – жер еміп, нәпақы тауып келген шаруаларға су жеткізетін негізгі каналдар мен ішкі су жүйелерінің толық тазаланбай келуі.
Бүгінде елдегі төтенше жағдайға байланысты қабылданған карантиндік режимге қарамастан аудандағы ағын су тапшылығын жойып, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және ағын су көлемін үнемдеу бағытында «ҚазСуШар» РМК Түркістан филиалы тарапынан ауқымды жобалар қолға алынған.

«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50,741 шақырым каналдарды механикалық тазалаудан өткізу жоспарланса, ұзындығы 43,2 шақырымды құрайтын К-34, К-25-18, К-21-06, К-28-31, К-34-12 каналдары мен 10, 12 шақырымды құрайтын ішкі су қашыртқылары толық тазалаудан өткен.

Мақталы ауылдық округіне қарасты Темір жол ауылының тұрғындары ішкі арық-атыздардың тазаланғанына дән риза. Өйткені, ауыл шетінде орналасқан 4-5 үй жылда көктемгі және қысқы суғару маусымдарында ауласы судан құрғамай әбіржіп келген.

«Соңғы 5 жылдықта тазаланбаған К-34 каналының тазалануы, ауылды жағалай қазылған қашыртқылардың пайдасы өте үлкен. Ауылымыздың шетіндегі үйлердің ауласы жылда суда қалатын енді. Биыл, міне, үй іргелік жерлеріне көшет отырғызып, шаруашылықпен айналысатын деңгейге жетті» дейді Темір жол ауылының ақсақалы Сақтіллә Теміралиев.

Ендігі мәселе – диханшылықты тығырыққа тірейтін тік дренаждарды толық іске қосып, жерасты суын төмендетуді жылдамдату. Себебі, 392 тік дренажы бар Жетісай ауданында небәрі 171 дренаж жұмысқа жарамды. 210 данасы алдағы уақытта ИБР арқылы қалпына келтіріліп, іске қосылады деп жоспарлануда.

«Биылғы жылғы арық-атыздарды тазалау жұмыстарының жылдағыдан ерте басталуының бірден-бір себебі – елімізге жылына 13 млрд 540 млн текше метр су жіберетін Қырғызстандық «Тоқтағұл» су қоймасынан алатын ағын су көлемінің 2 млрд 40 млн текше метрге азаюы болып отыр» дейді мамандар.

Айта кетейік, бүгінде ұзындығы 3 мың шақырымға жуық ірілі-ұзақты 1068 каналдары бар Жетісай ауданының егістік жер көлемі 77 274,6 гектарды құрайды. 1556,9 шақырымға тең 780 дана су жүйелері бар.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы