Түркістан қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «барлығы балалар үшін» атты республикалық акцияны қолдау шаралары басталды.
Атаулы акция 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналып отыр. Басты мақсаты – мемлекеттің балаларды қолдауға арналған саясатын жүзеге асыру және олардың құқықтарын қамтамасыз ету болып табылады.
Акция аясында жоспарланған алғашқы шара «Туған күніңмен балам» деген атаумен өтті. Бұл қуанышқа Мырзабековтер отбасы лайық деп танылып, әулеттің кішкентай бүлдіршіні Айсезім Сағынышқызы жаңа жасын ерекше жағдайда қарсы алды деуге болады. №31 бастауыш балабақшаны бітіріп, мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршін қылқалам шебері. Бірнеше мәрте аудандық, қалалық додалардың жүлдегері атанған. Бір сөзбен айтқанда, замандастарының үздігі. Арманы асқақ балапанды құттықтауға ұстаздары, отбасы мүшелері қатысты. Адами капиталды дамыту бөлімінің әдіскері Гүлбану Жамалханқызы акция мәнін, оның маңызын жеткізіп, балаларды шабыттандырып тұрудың қажеттілігі жайын тілге тиек етті.
Келесі қадамда «әр бала бақытты отбасы» атауымен көп балалы аналар шаңырағына жол түсті. Осы игілікті шараны «Болашақ» балабақша ұжымы жүзеге асырып отыр. Онда екі отбасының бүлдіршіндеріне ойыншықтар тарту етілді. Екі ананың бірі осы балабақшада бала күтуші болып жұмыс жасайды екен. Балаларына үнемі көмек көрсетіліп жеңілдіктер де қарастырылып отыр. Ал енді бір ананың балаларына да атаулы көмек, көптеген жеңілдіктер балабақша жағынан көрсетіліп отырады екен.

“Балабақшамыздың тәрбиеленушілерінің үйлеріне келіп, мереке қарсаңында сыйлық жасап, көңіл-күйлерін көтеріп отырмыз” дей келіп, әр баланың бақытты болуы маңызды дейтін ойын ортаға салды балабақша меңгерушісі Шолпан Маратқызы.
Айта кетейік, 2020 жылдың 20 мамырынан 20 маусымға дейін өткізіліп, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, студенттер, мемлекеттік органдардың өкілдері, ата-аналар қоғамы т.б қатысатын акция ел көлемінде басталып отыр. Қала аумағында да жоғарыдағы айтылғандай кішкене тақырыпты арқау ете отырып өз міндетін аяқтайтын болады.
Үмітбек БАҒДАТ.