АБАЙ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ МӘНШҮКТІҢ КӨЗІН КӨРГЕН АПА ТҰРАДЫ

1  074 көрілім

Биыл ұлы жеңіске 75 жыл толып отыр. Уақыт тұрғысынан недәуір ұзақ десек те болады. Алайда сол күннің әңгімелері кеше болғандай жадымызда сайрап тұр. Құлағымыз небір ерліктің аңыз бен дастанға бергісіз оқиғаларын тыңдады. Тіпті жесір қалған ананың боздаған қайғысы, жетім қалған баланың есейіп азамат болған қуанышы да осының ішінде еді.

Қасықтай қаны таусылып, соңғы демі шыққанша кеудесін оққа тосқан боздақтар қаншама. Отан үшін етігімен қан кешкен батырлар арасында Әлия мен Мəншүк, Хиуаз секілді бұрымдыларымыз көрсеткен ерлік жыры жүрегімізде. Осы тілге тиек етіп отырған әңгіме тікелей Мəншүк апамызбен байланысты болмақ. Біздің пайым еткелі отырғанымыз Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Абай елді мекенінің тұрғыны Ұлболсын Төлеуова апамыздың куә болған әңгімесі болып отыр. Ол кісі өткен оқиғаны былай баяндады:

«Соғыс басталған жылы жаз айы еді. Анам теміржолда жұмыс жасайтын. Соғыс уақыты болған соң ба, гуілдеген пойыздарға тыным жоқ еді. Сол күні алыс жолдан шаршап келген пойыздан бір топ солдаттар түсті. Ішінде бір қыз бар екен. Қызды көрген вокзал жұмысшылары бірден гу ете түсті. Анам айналасын тыңдап қалса жұрт қыз баласының соғысқа қатысқаны ерсі көрінеді, бұл масқара, ер азаматтарымыз не қарап жүр дегендей бағытта болып жатыр екен».

Апамыздың айтуынша осы сөздерді естіген анасының намысы жібермей қасына барып сәлемдесіп, танысады. Кәдімгі қазақтың Мәншүк есімді қара көз қызы екен. Сөйлесе келе соғысқа сұранып аттанып бара жатқанын, қасындағы жолдастарымен осында үш күн аялдайтынын айтып беріпті. Оның басты себебі пойыз болса үш күннен соң бірақ жүреді екен.

Қонағын құдайдай сыйлайтын ұлттық болмыс оларды жолдасымен үйге бастатқан екен. Сонымен бірге еш танысы, бұл жерде барар жері, басар тауы жоқ болғанын айтып тұрған жастарға жанашырлық болса керек. Анығы Ұлболсын апамыздың анасы үйлерінде жата тұруға қуана-қуана келісіпті.

Сол үш күн тым аз болғанымен, жүрегі жайсаң жандармен тез тіл табысып, терең тануға жеткілікті. Апаның есінде мәңгі өшпестей осы бір күндер жатталып қалған. Өткен балалық шақтың тамаша естелігін «үш күннің ішінде Мәншүк апа мені өз қасына алып жатты. Байқағаным апамыз ақкөңіл, балажан, қамқор, тым көңілді адам екен. Тіпті жолға алып шыққан асын бізбен бөлісті. Қойдың құйрық майын майда етіп турап, майға қуырып алыпты. Ал құйрықтың дәмі әлі де ауызымнан кетпейді» деп есіне алды.

Көзді ашып жұмғанша кететін күнде болады. Вокзалға жақын Қырықкепе дейтін шағын ауылда тұратын Төлеуова отбасы қонақтарын қимай-қимай ұзатып салады. Керек азығын алып, дорбаларын асынып, алғыстарын айтып сапарға аттанып кетеді.

Арада күндер өтіп құдайы қонақ болып кеткен Мәншүктен хат та келеді. Онда бізді уайымдамаңыздар, аман-сау жетіп алдық. Бұйыртса немістерді жеңіп, елге оралатын боламыз. Ең әуелі сіздің үйге барамыз деген тақырыпта жүрек сөзі мен сағынышы жазылған екен.

Осы бір кейіпкер даңқты батыр, қазақ қыздарының мәңгілік өлмес өнегесіне айналған Мәншүк Мәметова. Алдыңғы шепте жауына қырғидай тиіп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман. Ол кісі жасаған таңғаларлық отансүйгіштік қасиет бүгінге жол бастаушы болып жарқырап тұр. Майдан шебінде өмірі қиылып, армандары ерте аяқталғаны көңілге мұң сыйлайды. Мүмкін тірі болғанда ең алдымен Ұлболсын апамыздың үйіне келері күмəнсіз еді. Әттең дейтін осы бір өкініш барша дүниеге тұсау екені белгілі. Мұндай сәтте бір кем дүние дейсің де қоясың.

Дархан СЕЙЛХАНҰЛЫ.

Сурет: Ашықдерекөз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы