- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Біз соғысты көрген жоқпыз. Осы нағлет атқыр қанды қырғынды есімізді білгелі кинолардан көріп, немістер мен «біздердің» өліспей-беріспейтініне, тәнті болатын едік, «біздердікінің» қалай да жеңіп шығатынын білетінбіз. Иә, біздің ұғымымыздағы соғыс осындай еді. Бала кезімізде «соғыс» ойынына құмар болып өстік. Екі жақ болып ағаш автоматтарымызбен аяусыз атысып, «әй, сен өлдің», «жоқ, өзің өлдің», «мен бұрын аттым», «қолыңды көтер» деп, өзерлейтін біздерді ата-жәкейлеріміз жан-жаққа тырқырата қуушы еді. Осындайда Тәжібекей жәкемізден қатты қорқатынбыз. Соғыста ауыр жарақаттанған. Бір күн ауру, бір күн сау.
– Жүгермектер-ай, басқа ойын құрып қалды ма? Бір-бірімен соғысқаны несі…., – деп, айғайға басатын.
Содан бері қаншама қыс өтіп, көктем келді. Пайғамбар жасынан асып кеттік. Бейбітшілік заманда қасірет-қайғысыз шашымызды қырау шалды. Есейе келе күндей күркіреп өткен сол бір зұлмат соғыстың ел иығына қаншалықты ауыр жүк артқанын сезіндік. Жетпіс бес жылдай уақыт өтіп, тарихқа айналған сол қанды майданның шемен болып қатып қалған жарасының орны әлі де талай-талай тәндерді оқтын-оқтын сырқырататынын біз осы білеміз бе?! Сол соғыстың сыз окопында өкпесі қабынып, балғын денесіне бір-бір домалақ қорғасын құйып қайтқандардың ең жас дегені жиырмаларда болған екен-ау. Қазір дәм-тұзы таусылмағандары бірде ауру, бірде сау, тоқсаннан да асып кеткелі қашан. Олардың қатары бүгіндері тым селдіреп қалды. Енді майдангерлерді шырақ жағып іздесек те таба алмаспыз, сірә!
Кей-кейде кеудесінде медалі сылдырап, күрк-күрк жөтеліп, не балдаққа сүйеніп бара жатқан ақсақал көрсем тағзым еткім келіп тұрады. Ақ жарыла айтып отырған бұл сөзіме шүбәсіз сеніңдер, ағайын. Ерлік пен елдік сыналған сол соғыста талай боздақтар туған жердің топырағын бір басуды армандап, азаматтық ар-намыс туын желбірете жүріп, жат жерлерде бір-бір төбешікке айналды. Біздің, кейінгі ұрпақтың мұны ұмытуға ешбір қақымыз жоқ. Осындайда бір сәт ойыңның басқа арнаға қарай бұрылып кететіні бар… Қазір ғой бір-бірімен алакөздене қырқысып жатқан көршілес елдерді былай қойғанның өзінде жекелеген ұлттар арасындағы дүрдараздық дегеннің өзі уақыт өткен сайын неге өршіп барады?! Жұмыр жер ортақ, ауа ортақ, су ортақ. Неге адамдар қамшының сабындай мына қысқа ғұмырда бір-бірінен жапа шегіп, зар илеуі керек?! Адамзат жаралғалы бері қаншама мыңдаған ғасырлар өтті. Ғалымдардың дәлелдеуінше, соңғы бес мың жылдықта жұмыр жерде бар-жоғы үш жүз он жылдай ғана уақыт бейбітшілік, тыныштық болған екен. Басқа жылдардың бәрінде де жер шарының әйтеуір бір жерлерінде соғыс оты лаулап, адамдар өзара қырқысып өткен. Қан суша ағылып, өліктер тау-тау болып үйілген. Өткен жиырмасыншы ғасырдың аяғында да болды, жаңа ғасырдың басында да осылай болып отыр. Адамдардың сана сезімдері қаншама өссе де олардың пиғылдарында қанқұмарлық, ашкөздік болатын болғаны ғой. Қайта осы қасиетсіздік өзінің шарықтау шегіне қарай өрлей беретін сияқты. Әй, бұл адамдарға дауа жоқ екен-ау!
Жеңіс күні ата-ағаларымыздың әруағы алдында тағзым ету, бір сәт ой құшағына бөленіп, қасіретті соғыс салған лаңды еске түсіру азаматтық борышымыз. Сол қанды қырғында өзінің ерлік дәстүріне қашан да адал қазақ халқы ерекше шоқтығы биіктен көріне білді. Майданда да, тылда да теңдесі жоқ жанқиярлық таныта білген қазақтар соғыстың негізгі ауыртпалықтарының астында болды. Біз әдеттегідей қонақжайлылықпен, кеңпейілділікпен өзге жерлерден кең-байтақ жерімізге уақытша көшірілгендерді құшақ жая қарсы алып, жылы-жұмсағымызды солардың ауыздарына тостық. Соғыстан кейін де олар біздің жанға жайлы жерімізді – жерұйықты қия алмады. Өзге жерлерде дәл қазақ даласындағыдай кеңпейілділіктің болмайтынын білді. Сөйтіп, бізде мәңгі тұрақтап қалды. Бұл өз алдына бөлек әңгіме…
Иә, қазақтар соғыса білді. Әлі де болса толық жетілмеген деректер бойынша екінші дүниежүзілік соғыста жүзге жуық қазақ Кеңес Одағының Батыры болды. Бұл өзге ұлттар арасындағы, яғни орыс, украин, белорустардан кейінгі көрсеткіш болып табылады. Қайран қазағым жер, ел үшін өліспей-беріспейтінін сол кешегі қан майданда күллі әлемнің алдында тағы да дәлелдеп шықты.
Зұлмат соғыста ер-азаматтарымыз ғана емес қыздарымыз да қан майданда теңдесі жоқ ерлік көрсете білді. Шығыстың қолаң шашты қос аруы – қайран Әлиямыз бен Мәншүгіміз… Тірі болса немерелерін сүйіп, аспан түңілгендей ақ жаулықтарымен мейірім-шапағат нұрын шашып отырмас па еді?! Қазақ қызы қай ғасырда да арғымақ мініп, найза ұстап, елін жаудан қорғай білген. Ел мен елді, ер мен ерді бітістіре де білген сол аналарымыз. Қазақ әйелінің бойындағы батырлық пен ізгілік қасиет қалай мақтан етуге де әбден лайық. Қазақ жерінде осындай ұлы құрметке әбден сай келетіндей азаматтық, адамдық танытамыз десек айналайын аналарға алтыннан ескерткіш орнатсақ та артықтық етпес-ау!.. Біз адамзаттың ананың ақ сүті мен күннің нұрынан жаралғанын ұмытпауға тиіспіз. Жүрегінің жылуы бар жер басып жүрген екі аяқты пенделер мұны бір сәт те естен шығармауымыз керек. Қазақ әйелі өзінің адалдығымен, төзімділігімен, күйкі тіршілікке көбістілігімен танылған.
ҚАРА КЕМПІРДІҢ ЗАРЫ
Менің есімде сонау бала күніміздегі мына бір көрініс мәңгі жатталып қалыпты. Ауылымызда екі бөлмелі тоқал тамда жалғызілікті қарт ана тұратын. Жұрт оны жай ғана «қара кемпір» дейтін де қоятын. Бірлі-жарымды ешкісі есік алдында жайылып жүретін. Малдан бары осы. Еңкіш тартқан кемпір үйінен шықпайтын. Кейде есігінің алдына алаша жайып тастап, жүн түтіп не ұршық иіріп отырар еді. Қатпар-қатпар жүзі терең ойға шомып, бір зарлы-мұңды әуендерді ыңылдап айтар еді, жарықтық. Сондай сәттерде жүзін жас жауып кетер еді, әй бір ағыл-тегіл жылайтын-ай. Әлдекімге мұңын шағып өксік ататын. Содан үйіне кіретін де есігін бекітіп алып, ұзақ уақыт көзге көрінбейтін. Былайғы жұрт «Қайтсін енді, жиырма жылдан бері соғыстан оралмаған ұлын күтіп жүр ғой», «Әй, өзінің есі ауысып кетсе керек» дейтін де қоятын.
Біз қара кемпірдің үйіне баруға құмар едік. Ауылдың барша қара сирақ балаларын төріне отырғызып қойып, бүкшеңдеп жүріп шай беретін кемпір бірімізге қабағын шытпайтын еді. Бірер күн болмай қалсақ «үйбүй, айналайындарым, қайда жүрсіңдер, ботақандарым, қайда жүрсіңдер» деп бетімізден иіскеп, бәйек болып жататын.
Бірде үйіне тасыраңдап жалғыз кіріп келдім. Қара кемпір нақ төрде тұратын жас жігіттің суретіне қарап, алақанын жайып зарлап отыр екен. Әжімді жүзін жас жауып кетіпті. «Құлыным-ай, шешеңді шаршаттың ғой… Келсейші. Маңдайыңнан бір иіскеуге зар қылдың ғой… Құдайға осынша зарлататындай не жаздым… Мені құдай да ала қоймады… Уһ, қу жаным-ай…». Қара кемпір осылайша зарлады. Қорыққанымнан буынымнан әл кетіп, мен де жылап тұрмын… Дәл осы сәттен бастап балалық шағыммен қоштаса бастағандай едім…
Сол қара кемпір де соғысқа нағлет айтып, зарлаған күйі бұл пәниден өтті. Өмірінің соңғы минуттарына дейін қан майданнан оралмаған ұлын бір көруге зар болып, көкірегі шерге толып, күйіктен өртеніп кетті. Оу, адамдар, біз соғысты қырық бесінші аяқталды дейміз. Жоқ, соғыс дерті әлі де жазыла қойған жоқ. Сол қанды қырғынның зардабы тимеген жанұялар некен-саяқ болар. Талай-талай ошақ сөніп, талай шаңырақ ойылып ортасына түсті. Соның бірі қазір де көз алдымда елес беріп тұрған, ауылдың бір шетіндегі тоқал там, бір уыс болып бүкшиіп жүретін елеусіз ғана қара кемпірдің қасиетті қарашаңырағы. Топырағың торқа болсын, сағыныш пен махаббатты пір тұтқан айналайын қазақтың қара кемпірі!…
Бесінші сыныптағы кезіміз ғой деймін. Қазақ тілінен Құрал Шәменов деген ағай дәріс беретін. Шымкенттегі институтты бітірген деседі. Өзі жап-жас. Сабақты жанын салып түсіндіреді. Қызық-қызық әңгімелер айтады. Талабы күшті. Қаталдығы да бар. Қатыгез емес.
– Үй тапсырмасын бергелі тұрмын, – деді мұғалім. – Өздерің қалаған бір тақырыпты жазып келесіңдер. Әже-атаны, апа-әкені, іні-қарындас, әпке-ағаларыңды жақсы көресіңдер. Қозы, құлыншақ, бұзау, мысық, ит басқалары да тақырып. Нені қаласаң соны жаз. Ертең жексенбі. Уақыттарың бар. Сенделіп ойнай бермей, бір күн берген тапсырманы орындаңдар.
Үнсізбіз. Әркім өз ойымен әлек.
– Туу, не жазамыз, – деп күрсінді арамыздағы батылдауымыз Камаш. – Жаза алмаймыз ғой. Мен жазбаймын. Не істесе о істесін.
Оны біреулер қостады. Қостамағандар да болды.
Тапсырманы ойлап, түнімен дөңбекшідім-ау деймін. Түсімде көршіміз қара кемпірді көрдім. Шашын жайып жіберіп, ағыл-тегіл жылайды. «Апа, жыламаңызшы, жыламаңызшы енді» – деп, кемпірді құшақтап жыладым-ау. Жылап жатып шошып оянғаным есімде.
Күнімен отырып, шимайладым. «Қара кемпір» деп тақырып қойған болдым. Түнде көрген түсімді жаздым. Қара кемпірдің зар илеп жылағанын, жалғыз баласын жоқтағанын жаздым. Ешкілері де кемпірмен қосылып жылап жүргенін де қосып қойдым. Өзімнің де жылағанымды жасырмай қағазға түсірдім. «Ағай, қара кемпір көп жылап жүр ғой. Баласы соғыстан аман келсе жылағанын қояр еді ғой», – деп, аяқтағаным есімде. Дәптердің екі-үш беті болды.
Құрал ағайдың сабағы. Біраз бала тапсырманы орындамапты. Мұғалім олардың жер-жебіріне жетті. «Адам болмайсыңдар» деді. Жазылған шығарманың біразын жаратпады. «Мән-мағынасы жоқ» деді тағы да. Менің шимайымды ең соңына қалдырыпты.
– Мынау Сейділданың жазғаны, – деді мұғалім жымиып. – «Қара кемпір» деп қойыпты. Өзің оқып бересің бе?
– Ағай, оқи алмаймын, – дедім дауысым дірілдеп. Жылап жіберетінімді біліп тұрмын.
– Онда мен оқып берейін, – деді ағай шығарманы қолына ұстаған күйі. – Оқымасаң оқымай-ақ қой. Тағы да жылап жіберерсің. Түсіңде жылап оянғаныңды да жазыпсың ғой…
Мұғалім оқып шықты. Бәріміз де үнсізбіз.
-Жылауық, – деді не Камаш, не Асылхан.
– Не десеңдер, о деңдер, – деді Құрал ағай. – Сейділда жақсы жазыпты. Сенен түбінде бірдеңе шығып қалар. Көп оқы, оқи бер. Батырлар жырын оқы. Мұқтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиденнің кітаптарын оқы. Көп оқысаң, жақсы адам боласың. Күнделік жаз. Жалықпай жаза бер…
ИТ АСЫРАҒАН АҚӘДІЛ ЖӘНЕ
Ауылдың ортасындағы тоқал тамда Ақәділ есімді жәкеміз тұратын. Бұл бір жұмбақ жан еді. Қысы-жазы үстінен етегі жалбаңдаған әскери шинелі түспейтін. Сақалы қауғадай. Біз, балалар, жәкемізден қатты қорқатынбыз. Түрінің өзі жан шошырлықтай.
Шағын тамын ұзын-ұзын ағаштармен қатарластыра қоршап тастаған, аттылы кісінің өзі ауласында не болып жатқанын көре алмайтындай. Естияр болып қалғанбыз ғой, жұрттың осылай дегенін талай естігенбіз.
Көкеміз ит асырайтын еді. Ауласы толы осы төрт аяқты мақұлық болса керек. Таң бозы мен күн батарда сол иттері абалай үріп, ауылды азан-қазан ететін еді. Бұған ешкім де реніш білдіріп жатпайтын. «Әй, өзіміздің Ақәділдің иттері ғой. Қайтеміз енді», – деген сөздерге құлақ үйренген.
-Ағаділдің үйінен аулақ жүріңдер. Иттері талап тастар, түге!
Күнде еститініміз осындай сөздер. Өзімізге де жан керек. Дуалынан сығалап қарауға да қорқамыз. Жақындасаң болды, иттері арпылдай жөнеледі дейсің.
Ақәділ көке күнде ертелетіп, не кешке қарай иінағашына екі шелекті іліп алып, каналдың арғы бетіндегі орталыққа қарай кетіп бара жатады. Ол жақта екі асхана бар. Екі шелек толы тамақ қалдығын, жуындыны алып қайтады. Кешкі тамақтан кейін иттер де бір ауық тынығатын болса керек. Абалау жоқ, төңірек тым-тырыс бола қалады. Осылайша, көкеміздің ит асырау тіршілігі өтіп жатты. Ауылдағылар бұған әбден үйренсе керек. Мән беріп жатқан ешкімді де байқамайтынбыз. Кейбіреулер Ақәділдің көңіл-күйі мен тіршілігін иттерінің абалап үргенінен-ақ білетін сияқты. Иттердің қыңсылауы басым болса «байқұстар-ай, аш қалған болар» не «осы Ақәділ ауырып қалмады ма екен» деген сарыуайым сөздерді де естігенбіз.
– Апа, иті көп Ақәділ көке жайлы айтыңызшы, – дедім бірде апама.
– Шиланым-ай, оны қайтесің, – деген апам аз-кем үнсіз отырды. – Бұл бір ұзақ әңгіме ғой…
Ақкөңіл әрі әңгімешіл апам көңіліме қарады-ау деймін. Ақәділ жайлы төмендегі әңгімені айтып берді: Соғысқа қатысқан. Аман қалған. Соғыстан кейін де Ресейде төрт-бес жыл тұрса керек. Орыс қызына үйленген. Қырқыншы жылдардың аяғында кеудесі орден-медальмен жарқырап, ағайын-туыстарға оралған. Өзі офицер болғанға ұқсайды. Туыстары Садық, Майрық, Есет, Тәжібекей, Телқозылар құшақ жая қарсы алып, мәре-сәре той жасайды. Арада екі-үш жыл өтеді. Орыс қызы қазақы ортаға шыдай алмай, еліне қайтып кетеді. Ақәділ жеңгемізге еріп кетпейді, ауылда қалады. Осыдан кейін өмірінің ит асырау кезеңі басталады. Әу баста жүрген жерінен күшік жинайды, қаңғыбас иттерді де қорасына қамап үйретеді. Үйіне ағаш-бөрене тасып, қоршау жасайды. Есігін мықтайды. Иттері шығып кетпесін дегені ғой. Соншама итті асырау оңай шаруа болмаса керек. Иінағашын иығына іліп алып, асханадан асхана кезіп кеткені содан болар. «Иттерім аш қалмасын» деген ит тіршілік осылай жалғаса береді.
Ақәділ кей-кейде ауылдағы той-томалаққа да келетін. Отыратын орны босаға еді. Құдды бір мылқау секілді. Ешкіммен сөйлеспейтін. Сұраққа жауап қатпайтын. Жинақы отыруға тырысатын сияқты. Шинелін түймелеп қойғанын көргенмін. Көшеде жүргенде екі етегі далбаңдап, алды ашық жүретінін аңғарғанбыз. Палау не қамырды бөлек тостаққа салып, алдына қоятын. Тамағын тез-тез жейтін. Ыдысын сол қолымен ұстап алатын. Құдды біреу алып кететіндей. Екі-үш туралған нанды қалтасына салады. Тұрып кетуге ыңғайланып, қозғалақтай бастады. Екі-үш бала жанында отырғанбыз.
– Ақәділ-әй, мынаны үйіңе барғанда жерсің, – деп бір апамыз қолына дорба ұстатты.
Сонда Ақәділ көкемнің күлгенін тұңғыш рет көрдім. Тістері аппақ екен. Риза болғаны ғой. Дорбаны қойнына тығып, тез шығып кетті. Төрде отырған ақсақал-қарасақалдарда үн жоқ. Тәубелеріне келіп отырса керек. Сол тапқан тамағын иттерімен қылдай бөліскен болар…
Қоңыр күз. Ауылда қаңқу сөздердің шыға бастағаны есімде. Ақәділдің иттері абалап үрмейтін болған. Иттердің жарыса қыңсылаған үндері жамандық шақырып тұрғандай. «Ойбай-ау, Ақәділ үш-төрт күннен бері үйінен шықпай қалды ғой», «Өзі аман ба екен?», «Мына иттердің қыңсылауы жаман….».
Ауылдың ақсақалдары ақылдаса отырып, бір пәтуаға келеді. Қарулы деген төрт-бес жігітті қосауыз мылтықпен қаруландырады да абалаған иттерді қырып-жойып, үйге кіруді тапсырады. Иттер де оңайлықпен берісе қоймаса керек. Ауыл азан-қазан болады. Мұздай қаруланған ағаларымыз арпалыса жүріп, есікті бұзады да бөлмеге баса-көктеп кіреді. Сұмдық-ай! Ақәділ көкеміз бүріскен күйі жантәсілім етіп жатса керек…
Бауырдан айырылу оңай ма?! Ағайын-туыс Ақәділді ақ жуып, арулап, жер қойнына тапсырады. Гимнастеркасы, орден-медальдары ұстағанның қолында кетеді.
Иттері ше? Адамда аяушылық болған ба?! Азулы иттер оққа ұшады. Қалғандары жан-жаққа бытырай қашады. Мақұлықтар енді қайтсін. Алақанына салып мәпелейтін қамқоршы Ақәділ енді жоқ. Қыңсылап-ұлудан құлан-таза болған Ақәділдің иттерін адамдарға деген өшпенділік билеп, көзден таса болған деседі…
Ауылдың ақсақалдары бас қосып, Ақәділ жайын әңгімелеп отырса керек.
– Ағайын, – дейді Тәжібекей жәкеміз, – бұл жерде біз түсінбейтін бір гәп бар. Ағәділдің иттерді пәленбай жыл баққанын бәріміз білеміз. Даладан бірде-бір иттің өлігін көрген жоқпыз. Сонда өлген иттер қайда кеткен?!
– Рас-ау, рас!
– Бәсе, өлекселерді көрмедік қой.
Жәкелеріміз қауқылдаса отырып, біраз жерге барысады. Не болса да бұл жұмбақтың жауабын қора ішінен іздеуге пәтуаласады. Қораның шет жағындағы төмпешіктерді бірінің көзі шалып қалады да қаза бастайды. Күректің жүзі батпаса керек. Ашып қарағанда қалшиып тұрып қалады. Бұл итті аққа орап жерлеген табыт болып шығады!… Қораның бір шеті иттер жерленген қорымға айналған екен!..
Ауылдағы ағайындар жағаларын ұстаған деседі. Кейбірі түстерінен шошып оянып, тобаларына келсе керек. Қан майданнан қайыспай келіп, ағайын-туыстың арасында көз жұмған Ақәділ көкенің талайлы тағдыры терең ойларға жетелейді. Адамның адамға деген мейірім-шапағаты суалып, қатыгездік жайлаған қоғамдағы жантүршігерлік жайлар кім-кімді де ойлантуы керек қой. Ақәділдің иттерге қамқор болып өткен ит тірлігі жайында айтқым келген еді.
ТАНКИСТ БОЛҒАН ТҰРАЛЫ АҒАЙ
Иә, біз соғысты көрген жоқпыз. Алайда, сол соғыстың мәңгі жазылмайтын жан жарасын көріп өстік, әлі де көріп келеміз. Мектепте әдебиет пәнінен Тұралы деген ағай сабақ беретін. Өзі бір ер көңілді, ақжарқын жақсы адам еді. Соғыста танкист болған дейтін былайғы жұрт. Бір аяғы жоқ, ағаш аяқпен жүретін. Ол кісі туралы ел аузындағы мына бір жол өлең мәңгі есімде қалыпты: «Бір аяғы кебісте, бір аяғы немісте».
Жыл сайын жеңіс күні кеудесіне орден-медальдарын жарқырата тағып шығатын еді, жарықтық. Сондай сәттерде ерекше тұлғаланып, жүзі алаулап кететін. Бала болсақ та осыны аңғаратынбыз. Ағаш аяғын жерді ойып жіберердей нық-нық басып, кеудесін шалқақтата ұстап кетіп бара жататын. Өзі соғыс жайлы еске алғанды ұнатпайтын. «Әй, балалар-ай, несін сұрайсыңдар… Сендер соғысты көрмей-ақ қойыңдар!» дейтін де қоятын. Кейін білсек, ағайымыз үш рет Қызыл Жұлдыз орденімен наградталған екен ғой… Сөйтіп жүрген Тұрекең де елуге таяған шағында соғыс салған жарақаттан дүниеден өтті. Көз жұмарында «Артымда ұрпағым қалды, арманым жоқ» депті, жарықтық! Топырағың торқа балсын, Тұралы ұстазым!
Майдангер мұғалімнің бейнесі еміс-еміс есімде қалыпты. Аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде тілші ретінде таныла бастаған шағымда ағайыммен ұзақ сырласқаным бар. Газеттің 1969 жылғы 9 мамырындағы нөмірінде сүйікті мұғалімім Тұралы Сұлтанов жайында «Соғыстың соңғы күні» деген тақырыппен көлемі газеттің бір бетін алып жатқан тырнақалды очеркім жарияланды.
Біз соғысты көрген жоқпыз… Себебі, сол Тұрекеңдер біздің, кейінгі ұрпақтың соғысты көрмеуі үшін соғысты ғой. Егемен ел болдық. Бесігімізді түзеп келеміз. Қаншама халықтардың басына қасірет алып келген жиырмасыншы ғасыр да шегіне жетіп, ХХІ ғасырдың табалдырығын Тәуелсіз ел ретінде аттадық. Қаймана қазаққа бұдан асқан бақыт бар ма?! Бата берсек, «Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!» дейміз. Ең бастысы, тыныштыққа не жетсін. Тыныштық болса, ел аман болады. Ел аман болса, бақытты тұрмысты қолдан жасаймыз.
Күркіреп күндей бір соғыс өтті! Енді ұрпақ соғысты көрмесін!
…Соғыстын, тартқан зардабын,
Соғыстан кейін туғандар, – деп арқалы ақын Жарасқан айтпақшы, елуінші жылдардың басында дүниеге келгендердің балалық шағы қысылып, қымтырылған уақытта өткен. Солардың қатарынанмын. Соғыстан кейін қоғам ес жиып үлгере алмаған. Құмда көптеген сексеуілдерше көктеп өскен біздің буын «Артекті» көрген жоқ. Есесіне ертекті көбірек естіді. Портфель ұстаған жоқ, мектепке шибарқыт матадан тігілген дорба асылып барды.
Сейдулла САДЫҚОВ,
филология ғылымдарының докторы, журналист.
Сурет ашық дереккөзден алынды.