Бүгін қаламыздағы Балуан Шолақ спорт кешенінде Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні және Түркістан облысының құрылғанына бір жыл толуына орай журналистер арасында достық пен əріптестікті ту еткен дәстүрлі спартакиада бастау алды. Жыл сайын ұйымдастырылатын жарысқа биыл Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы БАҚ өкілдері бірге қатысып отыр.
Кәсіби мереке қарсаңында журналистер волейбол, суда жүзу, шахмат, арқан тарту, тоғызқұмалақ, үстел тенисі, жеңіл атлетика, бильярд, шағын футболдан өзара күш сынайды.
Жарыстың волейбол, жүзу, шахмат, арқан тартыс түрлері бүгін Түркістан қаласында өтсе, қалған 5 түрі сенбі, жексенбі күндері Шымкент қаласында жалғаспақ.
Басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестер арасындағы шығармашылық және достық қарым-қатынастарды нығайту, бұқаралық спортты дамыту.
Спартакиада Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының ұйымдастыруымен өтуде. Сондай-ақ спорт сайысына Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы, Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы, Түркістан облыстық және Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетуде.
Айта кетерлігі, биылғы спартакиадаға 15 команда қатысуда. Түркістан төрінен бастау алған спартакиада 16-маусымда Шымкент қаласында қорытындыланып, жеңімпаз командалар мен журналистер арнайы марапаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болмақ.


