Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 2 сәуір күні Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиынға шақырылған болатын. Ел аумағында белсенді түрде жүзеге асқан бұл шараға шардаралық азаматтар да өз үлесін қосты.
Арнаулы жиынға аймақтың 12 әскери міндетті азаматтары ерікті түрде шақырылып, қызмет атқарған болатын. Олар елде жарияланған төтенше жағдай кезінде блок-бекеттерде, карантиндік режимде қоғамдық тәртіпті қадағалауда және Мақтаарал ауданында мамыр айының басында орын алған тасқын су кезінде елді эвакуациялауда, қызыл су зардаптарын жоюда ерекше ерлік көрсетіп, белсенділік танытқан болатын.
Өз өмірлерін қатерге тігіп, елдегі орын алған жағдайларда тасада қалмаған ерікті әскери міндеттілердің жұмысы Шардара аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде қортындыланып, олар Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының және Шардара аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Ербол Жұмановтың алғыс хаттарымен марапатталды.
Майор Ербол Жұманов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсене атсалысқан сарбаздарға, барлық карантиндік іс-шараларға қатысушыларға тыңғылықты жұмыстары үшін шынайы алғысын білдіріп, ел басына күн туған сын сағатта жасаған ерліктерінің өскелең ұрпақ үшін өнеге екендігін жеткізді.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
