Жуырда ғана 1985 жылы туылған №5 Ғ. Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің түлектері түркістандық аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік үлестірген болатын. “Шауғар” мөлтек ауданында бастау алған сауапты істі қасиетті айда Сәрсенбаевтар әулеті жалғады.
«Рамазан айында игі амалдар жасауға тырысамыз. Расында, бұл біздің әулетіміздің дәстүрге айналған қайырымдылық шарасы. Бүгін қасиетті айдың құрметіне орай 50-ге жуық отбасыға тұрмыста бірінші кезекте тұтынуға арналған қажетті заттар берілуде. Бұл елімізде жарияланған карантин кезінде қазақстандықтарға кәсіпкерлерімізді қолдау білдіруге шақырған Президентіміз Қ.Тоқаевтың тапсырмасына үн қосу деп білемін»,- деді қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев.
Жалпы тұрмысы төмен жанұя мүшелеріне картоп, пияз, ұн мен күріш сынды 8 түрлі азық-түлік өнімдері берілді. Әлеуметтік көмек жасаған жандарға ризашылығын білдірген шаңырақ иелерінің алғыстан басқа айтары жоқ.

Қайырымдылықтың шарапатын көргендердің бірі Советхан Төлегенов: «Түндердің сұлтаны болған – Қадір түні мүбәрак болсын. Ниеттерің қабыл, мұраттарың асыл болғай. Алла разы болсын! Негізінен жұбайым екеуміз зейнет жасындамыз. Ұлым жақында тұрақты жұмысқа орналасты. Алдағы уақытта мұндай көмекке мұқтаж болмайтындығымыз анық. Дегенмен ел азаматтарының жомарттық танытып жатқандығы көңілімізге медеу әрине» – деген ниетте рахметін жеткізді.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.