Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасын сәйкес су апатынан зардап шеккен Жеңіс, Нұрлыжол ауылының тұрғындарына 5 эвакуациялық орын дайындап жайғастыру Шардара ауданы әкімдігіне жүктелген болатын. Қазіргі таңда, №5 «Мақтаарал» мектеп-гимназиясында, №46 «Т.Бигелдинов» және №6 «Қ.Сәтбаев» атындағы жалпы орта мектептерінде жалпы саны 900-ге тарта тұрғындар орналастырылған.
Су тасқынынан эвакуацияланған азаматтар арнайы дайындалған ғимараттарда жатын орындармен, киім-кешекпен және азық-түлікпен толық қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жәрдемақылардың толық және заңдық талаптарға сай үлестірілуін қамтамасыз ету мен мұқтаждықтарына қарай қосымша көмектердің орындалуына аудан әкімдігі қызметкерлері аянбай еңбек етуде.
Атап айтқанда, 13 медициналық қызметкер, 5 құтқару жасағының қызметкері, 30 ерікті, 12 әскери жиынға шақырылған әскери міндеттілер қызмет атқарып жатса, 6 бірлік автобус және 1 бірлік шағын автобус тұрғындардың қызметінде.
Сонымен қатар, Шардара аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Мақтаарал ауданындағы №5 «Мақтаарал» мектеп-гимназиясы мен №6 «Қ.Сәтбаев» атындағы жалпы орта мектебінде эвакуацияланған азаматтарға арнап коцерт қойды. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың көңіліне қуаныш ұялатып, рухани тұрғыдан демеу болу мақсатында өткізілген әдеби-сазды кеште әннен шашу шашылып, күйден кілем төселді.
«Тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғындарың жағдайлары толығымен қалыпқа келтіріліп, байырғысынша алаңсыз күн кешеді деген сенеміз» дейді шараны ұйымдастырушылар. Айта кетейік, бұған дейін аталмыш эвакуациялық орталыққа орналастырылған отбасылырдың 60 бүлдіршіні «Біркөлік» демалыс орнына жіберілген болатын.
Бауыржан НАЙМАНОВ.