Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы Атакент кентіндегі облыстық орталықтандырылған қоймаға 4 бейнекамера екі жүк қабылдау есігі мен ішкі шыға беріс жағына орналастырылуда. Енді қоймаға келіп-кеткен әрбір жүк көліктері таспаланып, орталықтандырылған бір компьютер арқылы басқарылады.
«Камера орнатудағы мақсатымыз – ел аманатына қиянат жасау жайттарын болдырмау. Сонымен қатар, азық-түліктің ысырапсыз үлестіруіне жол бермеу. Оның үстіне қоймада сақталған заттардың кімге, қашан берілгенін нақтылап отыру үшін жасалып отыр. Алдағы уақытта мұнда жиналған азық-түліктер топан судан зардап шеккен тұрғындарға ысырапсыз жетуіне баса назар аударылатын болады»,-дейді «NurOtan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев.

Аталған қойма 2020 жылдың мамыр айының 3-нен бастап су басқан елді мекендерге көмек көрсету мақсатында құрылған болатын. Мұнда соңғы бір аптада 408 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналған. Атап айтсақ, 97 тонна ұн, 2,5 тонна ет, 95 тонна дәнді-дақыл, 61 тонна көкөніс, 6 тонна консервілік заттар, 26 тонна сұйық май, 65 тонна арнайы дайындалған азық-түлік себеттері, киім-кешектер мен гигиеналық заттар қабылданған. Соның бүгінде 100 тоннаға жуығы Мақтаарал ауданындағы 11 эвакуациялық орталыққа жайғастырылған тұрғындарға үлестіріліп берілген.
Сондай-ақ, туған- туыстарының үйін уақытша паналап жүрген азаматтарға Атакенттегі №9 және №7 жалпы орта мектептерінен ашылған қоймалардан азық-түліктер жүйеленген тәртіппен таратылуда.
Бауыржан НАЙМАНОВ
