Сұрапыл соғыс жылдары қан майданға аттанған 1 миллион 200 мың қазақстандықтың ішінде менің де атам – Иманқұл Ибраевтың есімі тарих бетінде алтын әріппен жазылатынын зор мақтанышпен жеткізгім келеді. Атамның соғыс даласында көрсеткен ерлігі ұрпақтан ұрпаққа берілетін мирас іспетті. Өйткені атаңның жүріп өткен өмір жолына қанық болған сайын, одан алар үлгің де мол болмақ деп ойлаймын.
Атам Иманқұл Ибраев 1921 жылы 20 наурызда сол кездегі Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың қараша айында жалындаған жиырма жасында Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы Янгийул ауданынан Мәскеу түбіндегі шайқасқа шақырылады. Елде жары мен айлық сәбиі қалады. Майдан шебінде ерен ерлігі мен асқан қырағылығымен көзге түскен взвод командирі әскери құрылымдарды басқарады, сонымен қатар әскери операциялар дайындап, тың жоспарлар құрады. Ол жоспардың нәтижелілігіне тәнті болған майдандас досы, Украина жазушысы Дмитро Цмокаленко өзінің Отан, ерлік, даңқ туралы «Суровое совершеннолетие» атты кітабында И.Ибраев туралы былай дейді: «Шайқасқа дайындалуға бұйрық алған аға лейтенант Вихренко ең алдымен лейтенат Ибраевтың взводына қарай қозғалады. Батарея әдеттегідей жаяу әскердің соғыс тәртібімен тұрды, бірақ бұл взвод алға қарай ерекше жылжыған…. Тәжірибелі зеңбірекші Ибраев қару үшін оқ ату бекіністерін өте жақсы таңдайды…. Ибраев комбатқа жаудың белгіленген атыс орындарын көрсетті, ал Вихренко өзінің көмекшісіне дән риза болып қалды…

… Макар оның зеңбірекшілері кез келген операцияға дайын екенін жеткізді, дереу оқ атушылармен байланысып, әскери дайындықта болуды бұйырды. Ал өзі Ибраевқа асыға жөнелді. Мұнда да бәрі дұрыс екеніне көзі жеткеннен кейін Поливановқа да барғысы келді. Әрине, ол шабуыл басталғанға дейін үлгеретініне сенімді болған жоқ. Оған қалайда сол жаққа, батареяның басқару взводы қазып бекінген полктің команда пунктіне жақын жету керек болды.
– Былай ғой, лейтенант, – деді ол взвод командиріне үстіндегі шаңын қағып жатып. – Оқ атуды өзіңіз басқарасыз. Батальонмен тығыз байланыста болыңыз. Өту уақыты туралы өзім хабарлаймын. Түсінікті ме?
– Түсінікті! – деді Ибраев…».
Гвардияшы И.Ибраев неміс басқыншыларымен шайқасу даласында тапқырлықтың, батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті. 1944 жылдың 10 сәуірінде 185,4 биіктігі үшін қиян-кескі ұрыс кезінде, қарсыластың ірі деген қарсы шабуылдарын көрсетуі барысында, қарсылас жаяу әскердің соғыс тәртібіне қысым жасаған кезде, жауынгер Ибраев ашық бекініске жылдам оқ атып, қарсыластың шабуылдаушы жаяу әскері мен оның техникасына қарсы оқ жаудырады. Қарсыластың басым күшіне қарамастан, шабуылға тойтарыс беріп, қарсыласқа зор шығын келтірді. Бұл шайқаста оның взводы 5 пулемет пен қарсыластың жаяу әскерін ойрандайды. Міне, осы ерлігі үшін ол екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады.

Одан кейін 1944 жылдың қарашасында жолдас Ибраев Мохач қаласын азат ету шайқасында ашық бекініске оқ жаудырып, тура нысаналау арқылы 8 пулемет пен қарсыластың 20 шақты сарбазы мен офицерін ойран етеді. Дәл нысаналау арқылы жаудың бронепоезына зиян келтіреді. 10 немісті тұтқынға алады. Осындай елеулі ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ие болады.
Ерлердің көзсіз батылдығымен, аналардың көз жасымен, қанды соғыспен көптен аңсап жеткен Ұлы Жеңіс мерекесін атамыз Берлинде қарсы алады. Төсіне ерлік медальдарын тағып, жеңісті қарсы алған атамыз үшін соғыс мұнымен бітпейді. Ары қарай Жапонияға ұрыс даласына аттанады. Австрияда майдандас достар табады. Парасаттылығы мен пайымдылығының арқасында 1947 жылдың басында елге аман-есен оралады.
Елге оралған соң 1949-1953 жылдар аралығында Крупская атындағы Шымкент мемлекеттік мұғалімдер институтын бітіріп, халыққа білім беру саласында аянбай еңбек етеді. Ыбырай Алтынсариннің ізбасары болған педагог-жазушы, «Қалың мал», «Үлгілі бала», «Баланы семьяда тәрбиелеу» кітаптарының авторы Спандияр Көбеевпен етене араласып, бала оқытуға көп көңіл бөліп, өзінің өмірлік мұратын мұғалімдікпен ұштастырады. Аудандық білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі, Балтакөл мектеп-интернатының директоры қызметін атқара жүріп, оқу-тәрбие жұмысын іскерлікпен басқарғаны және оқу ісіндегі жақсы көрсеткіштері үшін Құрмет грамотасымен, Білім саласында сіңірген еңбегі үшін Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Указымен Қазақ ССР еңбек сіңірген мектеп мұғалімі құрметті атағын иеленеді. Жағдайы қиын, көпбалалы отбасыдан шыққан балалардың білім алуына барынша жағдай жасайды, қамқорлық танытады. Ол кісінің көзін көрген, тәлімін алған қаншама адам әлі күнге дейін ұлағатты ұстаздың есімін ұмытпай, айта жүреді. «Жақсының аты өлмейді» деген осының дәлелі болса керек.

Тағы айта кетерлік жәйт, сол кезде құпия болып саналған «Екінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталу туралы бұйрығы РФ Қорғаныс министрінің 2007 жылғы 8 мамырдағы «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезеңінде Қызыл Әскер және Әскери-Теңіз Флотының мұрағат құжаттарын жария ету туралы» (2009 жыл 30 мамырдағы өзгерістермен) бұйрығына сәйкес, жария етілгені жөнінде белгілі болды. Иманқұл атам мен Сәли әжем екеуі тоғыз ұл-қызды өмірге әкелген. Атам 1966 жылдың 26 сәуірінде небәрі 45 жасында өмірден өтеді… Ары қарай тоғыз баланы өсіріп-жетілдіру, ең бастысы қатарынан кем қылмай оқыту әжемнің мойнына артылады. Бірі білікті дәрігер, бірі парасатты педагог Ибраевтар бүгінде өз саласы бойынша қызмет етуде. Енді осыншама ерлікті, осыншама жақсылық пен қамқорлықты қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырына сыйдыра білген атамның ұрпағы екенімді неге мақтанбасқа? Жақсы атын жалғастырып, неге жақсы адам болуға талпынбасқа? Жеңіске жету жолында өнегелі өміріңіз дәріптеліп жатқанда айтулы күні өзіңізді еске алып, қимастықпен неге егіліп жыламасқа?
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА,
Гүлжан МҰРАТОВА.
