МАҚТААРАЛДЫҚ КӘСІПКЕР 500 ОТБАСЫҒА КӨМЕК БЕРУДЕ

1  212 көрілім

Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдайға байланысты су астында қалған ауылдар мен су астында қалу қауіпі бар елді мекен тұрғындары қауіпсіз аймақтарға эвакуацияланды. Апатты жағдайда адам шығынының алдын алу, болдырмау мақсатындағы жұмыстарды үйлестіруде әкімдіктер мен ерікті азаматтардың еңбектері орасан. Ал, оларды тиісті азық-түлікпен, киім-кешекпен, медициналық дәрі-дәрмектер мен гигиеналық заттармен қамтамасыз етуде табысты кәсіпкерлердің үлесі зор.

Сондай кәсіпкерлердің бірі – «Хамро ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы, мақтааралдық кәсіпкер Абдухашим Боев. Апат кезінде топан су астында үйлері қалған Фирдоуси ауылының тұрғындарына халықпен бірге екендігін көрсетіп, көмек қолын созуда. Бүгінде Келес ауданына берілген «Новои» атындағы жалпы орта мектебінде орналасқан 500 отбасыға 3 мезгіл ыстық тамақ беріліп, дезинфекциялық талаптар сақталған. Балаларға арнайы ойын алаңшалары жасақталып, психологиялық көмектер көрсетілуде.

Ал, меценат-кәсіпкер де өзесебінен фирдоусиліктерді азық-түлікпен, киім-кешек пен күнделікті тұтыну және химиялық қажеттіліктермен, дәрумендерге бай табиғи шырындармен толық қамтамасыз етіп отыр.

«Біз осы елмен бірге кәсіпкерміз, елмен бірге әкімбіз. Сондықтан, ел басына күн туғанда біз елден бөлініп кете алмаймыз. Бұл күндер де өтеді. Қиындықты еңсерудің жалғыз ғана жолы – бір-бірімізге сүйеу болып, қиналған жандарға қолұшын созу»,-дейді Абдухашим Боев.

Айта кетейік, бұған дейін Абдухашим Боев covid19 пандемясына қарсы жарияланған карантин кезінде аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен көпбалалы отбасыларға, жалғызілікті аналар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін 260 отбасыға антисептикалық құралдар, медициналық бетперделер, бірінші кезекте қажетті өнімдер мен азық-түліктер таратқан болатын.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы