ЖЕТІСАЙЛЫҚ КӘСІПКЕР ОБЛЫС КӨЛЕМІНДЕ ҚЫРЫҚҚАБАТТЫ ТЕГІН ТАРАТУДА

1  692 көрілім

Жүрегі жомарт жандардың құт мекені саналатын диқаншылар елі – Жетісай ауданының кәсіпкерлері тағы бір игі іс жасады. Елдегі орын алып жатқан жағдайға байланысты аудан тұрғындарына қолұшын созуды мақсат еткен кәсіпкер Көбейбек Алиев биылғы егістігінің бірінші өнімін толығымен қайырымдылыққа арнап отыр. Яғни, жылына екі өнім алатын диқан бірінші өнімнен жиналған 120 тонна қырыққабатты аудан, облыс көлемінде тегін таратпақ.

15 тонна тиелген алғашқы жүк көлігі көршілес Шардара ауданына жіберілсе, жетісайлық жұртшылыққа 15 тонна қырыққабат тегін таратылды. Аудандағы барлық ауылдық округтер мен Асықата кентінің тұрғындарын, сонан соң облыстан сұраныс түскен аудандарды тегін қырыққабатпен қамтамасыз етуді ниет етіп отырған кәсіпкер бұған дейін де аудандағы қайырымдылық шараларынан шет қалған емес.

«Елбасымыз, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен республика аумағында жүзеге асырылып жатқан «BizBirgemiz» акциясына қолдау білдіріп, демеушілік жасаушы азаматтарымыздың қатары күн санап артып келеді. Жомарт жандардың бірі қаржылай, енді бірі азық-түлікпен, ал, үшіншілері гигиеналық заттармен – әркім шама-шарқынша көмек беруде» дейді «NurOtan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов.

Айта кетейік, партия филиалының ұйымдастыруымен Жетісай ауданында түрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға көмек беру ісі күн тәртібінен түскен емес. Бұл іс алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы