Бүгінде Түркістан облысы, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының бастамасымен аудан аумағында қыруар жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, жазғы уақыттарда туристер көп келетін аудан орталығы Шардара қаласына ерекше көңіл бөлініп, құрылыс, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қызу жүргізілуде.
Нақтырақ айтар болсақ, қала көшелерінің бойындағы ағаштар бұталып, ретсіз тасталған қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды. Ағаштардың түбі әктеліп, қоршау орнату жұмыстары жүргізілуде. Жол бойындағы қураған, кесілген ағаштар аудан басшысының тапсырмасымен аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға қатты отын ретінде үлестіріліп берілуде.
Сөзімізге дәлел, қаланы көгалдандыру мақсатында 1500 гектар аумаққа туя ағашы отырғызылса, 1900 шаршы метр жерге түрлі декоративті гүлдер егілді. Қаладағы саябақтарда қураған ағаштардың орынына жаңа көшеттер отырғызылып, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде.
Ерекше атап өтетін жағдай, саябақтар мен гүлзарларда отырғызылған әрбір көшеттің көгеріп өсуі үшін, ағын суды үнемдеу және аптап ыстықтарда су тапшылығын болдырмау мақсатында тамшылатып суғару әдісімен суарылатын болады. «Мұндай жұмыстар ауданның барлық ауылдық округтерінде жалғасын табатын болады» дейді аудан басшысы.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
