Өзбекше газеттің оқушылары оның өлеңдерімен де газет бетінен таныс. Еңбек үлгілерін көрсету, кемшіліктерді объективті түрде сынап отыру қасиетін – Қ.Жабашев, Н.Исабеков, М.Ғұламов, Ж.Жұмаділов, М.Рысметов, О.Бейсенов, Р.Қозыметов, С.Абдуллаев, Ж.Жұматаев, Қ.Әшенов сияқты тілшілеріміз де ойдағыдай атқарып жүр» деп жазылған мақалада.
«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Артында өлмейтіндей із қалдырған»,- деп Абай данамыз айтқандай, артында ізі қалған тұлғаларымыздың арасында біздің де әріптестеріміздің баспасөз саласындағы өзіндік қолтаңбалары тарихта жарқырап тұрғанына марқайдық. Содан болса керек, осыдан 62 жыл бұрын еңбек еткен әріптестеріміз жайлы жазылған мақала мен олардың суреттерін көріп қуандық, тебірендік. Тіптен тарих тоғысына тап келгендей күй кешкеніміз бар. «Түркістанның» сарғайса да ақ парағы, Түркістанның тарихы боп сақталады дегендей, қала жылнамасының алғашқы іргетасы «Қызыл Түркістанның» тілшілерінің көмескі тартқан суреттерін беруді де жөн көрдік.
«Жас әдебиетшілердің кеші» атты ақпараттық материал газеттің №46 санында жарық көрген.Онда: «Аудандық газет редакциясының үйінде жас әдебиетшілердің кеші өткізілді. Бұған редакция жанынан ұйымдастырылған әдебиет бірлестігінің мүшелері, сондай-ақ пед.училищедегі жас талапкерлер қатысты.
Кеште жас ақындар Алдабергенов, Шаяхметов, Диханбаев, Мұратбеков, Ереханов жолдастар өздері жазған қысқа өлеңдер мен этюдтерін оқыды. Кешке қатысушылар шығармаларды талқылап, жас талапкерлердің өсу, үйренуіне пайдалы пікірлер айтты.
Тәуір шыққан өлеңдер мен этюдтер газет бетінде жариялануға ұсынылды» деп жазылған.
Ендеше, осы бетте жарияланған қысқа өлеңдер мен этюдтерді оқысақ.
«АРМАН
Жүрегімде сарқылмас,
Сырлар бар жатқан ұялап.
Тартса да бейнет жан тынбас,
Үмітін құшпай аялап.
Сырды алып сыртқа шығатын,
Өлеңнен қуат табар ма ем?
Кеудемде сембей тұратын,
Жырдан бір шоқ гүл тағар ма ем?!
ЭПИГРАММАЛАР
СЫН ӨТПЕЙТІН БІР ЖАНҒА
Талай отты сын семсері жанылып,
Басылса да қайран арқа қарылып.
Бірақ сенің жүдетпеді-ау жаныңды,
Шыға алмадың сол шатбақтан арылып.
БІР САТУШЫҒА
Әрине сізбенен жоқ таласымыз,
Ортада әділ төре – таразымыз.
Тек кейде ырық бермей сол төреге,
Жасайсыз сұғанақтық жарасымсыз.
О.ШАЯХМЕТОВ.
АҚЫННЫҢ СӨЗДЕН ҰТЫЛУЫ
Бір дәрігер мен ақын жолдас болады. Бір күні дәрігер ауырып қалса керек. Ақын жолдасының көңілін сұрай барып, сөзін әзілге айналдырып:
– Ау, дәрігер деген де ауыра ма екен? –депті.
– Бұған досы сәл жымиып күліп:
– Ақын деген де қарасөз сөйлей ме екен?-дейді.
Сөзден ұтылған ақын не дерін білмей қалыпты.
Қ.ЕРЕХАНОВ.
ҚАЙРАН ҚАЛДЫМ
Жақсылық, Темірбек, мен үшеуіміз бір пәтерде тұрамыз. Күтпеген жерден Темірбектің кластас дос қызы Маша келді. Келген беттен-ақ Темірбекпен шүйіркелесіп, әңгімеге кірісті. Темірбек тамақ әзірлеп жібер дегендей, маған белгі білдірді. Мен түсіне қойдым да, тамақ әзірлеуге кірістім.
Көп ұзамай тамақ та әзірленді. Ыдысқа салған тамақты алдарына қойғаным сол екен:
– Ағай жақсы мамандығыңыз бар екен ғой, бұл мамандық тұрғанда қай жерге барсаңыз да аспазшы бола алады екенсіз,-деп Маша қуақылана күлді.
– Иә, қарындас тамақ істеудің айыбы бар ма?-дедім мен.
– Жо-ға. Тамақты дәмді істейтін ағайлардың жеңгейлермен қазанға бірге жүгіретіндері де болады.
Не дегенмен де, Маша сөзін үйлестіріп айттым деп ойлады. Сонда да болса, мен оның сөзіне қайран қалдым. Ерлер үшін тамақ істей білудің несі айып?!
Ү.МҰРАТБЕКОВ».
Міне, қысқа әрі нұсқа өлеңдер, эпиграммалар, этюдтер. Әсіресе, соңғы этюд болған оқиға ізімен жазылып, өзекті мәселені қозғап тұрғандай. Ер азаматтарымыздың тамақ істей білуі айып па? Шынында. осыдан 62 жыл бұрын жазылған ой-пайымға әлі де ойлана қарайтынымыз бар. Тіптен, қарсы пікір айтушылар әлі де көп кездесетіні рас. Бүгінгі таңда үлкен зор сұранысқа ие аспазшы, даяшы қызметтеріне қазақ халқымыздың ер азаматтарының бармайтыны осындай таяз ойдың мысқалынан аса алмай жүргендерінен болар, сірә.
«Қызыл Түркістанның» беттерін парақтай отырып, өлеңдерге жүйелі түрде шолулардың жиі беріліп отырғанын байқаймыз. Осынау әдеби шолуларды оқи отырып, қаншама жылдар өтсе де өз мәнін жоймағанын, қайта бүгінгі жастарға да пайдалы тұстары көп,-деген ойда болатынымыз рас. Шынында, оқи бергің келеді, оқи бергің. «Сын айтылмай мін түзелмейді» дегендей, сол кездегі жастардың да ой-пайымдары мықты екен. Өйткені, айтқан сынды қабылдаудың өзі де ерлік емес пе?
Олай деріміз, аты-жөндері аталып, сыналып жатса да, алған беттерінен қайтпай, өлеңдері мен проза жанрындағы шығармашылықтарын қарша жаудырып, түбінде мықты ақын, жазушы болып шыққандары сөзіміздің дәлелі болса керек.
Ендеше жергілікті тілші О.Бейсеновтың «Жақсы өлең – жан азығы» атты өлеңдерге шолуынан үзінді келтірейік.
«Аудан көлемінде жазушылық ісімен шұғылдануға талаптанып жүрген әуесқойларымыз бар. Оларды жазушылыққа ысылған-ысылмағанына қарай екі топқа іріктеуге болады. Аудан жұртшылығы жас ақын Ж.Еділбаевты газеттер мен журналдардың бетінен таниды. Сонан кейін, біздің газет оқушыларымыз О.Дастановтың, С.Ханетовтың, С.Пулатовтың, М.Махмудовтың, Р.Ғафуровтың, С.Шәкіровтың өлең, әңгімелерін аудандық қазақ және өзбек тілдеріндегі газеттерден көптен бері жиі оқып жүр.
Екінші топтағы жас талапкерлеріміз Ж.Алдабергенов, Ж.Айтжанов, Т.Аханов, О.Шаяхметов, А.Диханбаев, Ж.Әзіретбергенов және басқалары. Бұлар келешекте, – егер олар, күнделікті ізденіп, көп оқитын жағдайда – үміт күттіріп жүрген жастар.
Жазушылық, соның ішінде өлең жазу – жоғары өнер. Атақты Абай «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деп бекерге айтпаған-ды. Жақсы өлең – жан азығы. Жақсы шығарма ешуақытта оқушысын жалықтырмайды, әркез көңілге рухани байлық береді, өмір қуанышын тасытады, мәдениеттілікті арттырады.
О.Дастановтың кейбір өлеңдері тәп-тәуір шығады. Оның озат мақташы туралы жазған «Әзекеңе», «Жаңа жылға», «Горькийді еске алғанда», «Ленин» туралы өлеңдерінің жоғары идеясы, саяси мазмұны, көркемдігі бар. Өткен әдебиет бірлестігінің кешінде өз шығармаларын оқып, көзге түскен О.Шаяхметов пен Ж.Алдабергеновтің сәтті өлеңдерін айту қажет.
Алайда, жас ақындарымыздың жақсы жазғандарынан гөрі нашар жақтары басым. Мысалы О.Шаяхметовтың әдебиет бірлестігінде оқып берген «Кейде…» деген өлеңінде күңгірт, түсініксіз жайлары көп. Өлеңді құрғақ қиялға шому басып жатыр. Мәселен, оның:
«Шарықтап қиял шарлайды,
(Бейне бір аспан көгінде).
Оятып ойдан сан жайды,
Құяды сезім көңілге» – деген сөйлеміне, әдебиеттің жоғары идеялылығын қадір тұтқан оқушының сене қоюы қиын. Бүгінгі ақынның ойы қиял шарлап жүрмеген-ді. Мұның өзі өмірді терең түсініп алмағандықты аңғартпай ма? Өлең – өмірден туады. Өмірді білмей жақсы жазу мүмкін емес.
«Балтакөл» орта мектебінен жазып жүрген жас ақын Ж.Әзіретбергеновтың біздің алдымызда 3 өлеңі жатыр. «Парк алдында» деген өлеңінің негізгі тақырыбы – қызды күткен жігіттің халін баяндау. Жігіт сүйген қызын «жүрегі алқынып», «мойнын созып», «қадамын өлшеп», «тесіле қарап» күтеді. Жұртшылық оның алдынан «аққан судай есіліп» өтіп жатады. Ақырында қыз да келеді-ау. Сонан соң екеуі көріседі. Қорытындысы:
«Сүйгені келді қасына,
Қолтықтасып асыла.
Күлімсіреп жүздері,
Жүріп кетті асыға» – болып аяқталады.
Мұнда шынайы шындық, сюжетті суреттілік жоқ. Оның орнына дөрекілік, ерсі қылық толы. Қыздың жігітпен «қолтықтасып, асылып» жүріп кеткенін әдептілік деп білуге, оны сөз етуге болмайды. Сұлу мінез-құлық атымен жоқ. Оның «Сол қызға», «Күз» деген өлеңдері де осының серігі.
К.Дүйсенбиевтің «Арақ пен алкоголик» деген сатиралы өлеңінің тәрбиелік мәні жоқ емес. Алайда, ол мұны ұқсатып жаза білмеген, пікірді жинақты, тұжырымды етіп дәл айта алмаған. Тілі кедей. Ұйқасымы нашар. Буын сандары сақталмайды. Мұның өзі оның әдебиет теориясын қанық білмейтіндігін көрсетеді. Демек, көп оқу, үйрену керек-ақ.
Соңғы кезде жастар этюд, эпиграмма, сатира, юморға көңіл аударып жүр. Бұл қуанарлық жағдай. Бірақ, бұл тақырыптарға жазуға да үлкен ұсталық керек. Бұлар – қысқа, өткір, дәл әрі нақты пікірдің жиынтығы.
Жас талапкерлеріміз сақа жазушылардың шығармаларынан көп оқып, көп үйренулері керек. Олар өздерінің әрбір шығармасын көңіл үшін, жан азығы ретінде жазулары керек».
Дәл қазіргі таңда біздің «Түркістан» газеті редакция ұжымы да әдебиет бетін жиі берудеміз. Осы орайда, жас ақындарымызға осындай қысқа өлеңдер, этюдтермен қатар қысқа әңгімелер жазуды қолға алса деген ұсынысымыз бар.
Газеттің №71 санында айшықталып берілген түркістандық ақын, жазушы Жұмабек Еділбаевтың өлеңдерін газет оқырмандары қызыға оқыған болар, сірә. Ендеше, ширек ғасырдан астам жыл бұрын жазылған өлеңдерді біз де оқып көрелік.
«ТУҒАН ЖЕР – ТҮРКІСТАНҒА
Өспегенмен қайың, шырша, қарағай,
Маған қымбат кең жазығың жадағай.
Бетегелі бозғылт тартқан жондарың,
Көзіме ыстық мәпелеген анадай.
Небір жылдар өмір сырын ұққалы,
Небір жылдар сәби мұрт та шыққалы.
Шәкірттік кез көз ұшында қалса да,
Өзіңде өткен жастық естен шықпады.
Сенен артық бар ма менің сүйіктім?!
Сені менен мені бірге сүйіп күн.
Жалаң аяқ жортқан кезде жолыңда,
Көңіліме кетпестей ғып түйіппін.
Сірә, тойып місе тұтпас ойынға,
Сол шақтардың ыстық лебі ойымда.
Көкіректе күмбірлейді сарыны,
Еш белгісі қалмағанмен бойымда.
Алғаш рет кеткенде алыс өзіңнен,
Сағындырдың бір-бір ұшып көзімнен.
Шарлап жүрдім, шарлап жүрдім өлкеңді,
Ұшқыр қиял, балдай шырын сезіммен.
ЖАС КӨҢІЛДІҢ ШАБЫТЫ
Ой түрткілеп сірә маза бермейсің,
Арындамай, асқақтамай келмейсің.
Өршіл талап, тым ұзаққа сермейсің,
Сермейсің де:
-Серігім боп – ер дейсің.
Сірә жортып, аялдай желмейсің.
Кейде тасқын, тасты ағызар селдейсің.
Кейде жүйрік сипай кетер желдейсің.
Кейде сұңқар – мұзбалаққа теңдейсің.
Құлдиламай тек қияға өрлейсің.
Өр кеудемен өрге басып көр дейсің.
Түсімде де күлгін тартып, сөнбейсің.
* * *
Шырқа талай мен соңыңнан ерейін,
Ерейін де жемісіңді терейін.
Терейін де туған елге берейін,
Берген сайын үстем болсын мерейің.
ДАЛА
Тарлық, тапшылық құрысын,
Кеңдік – өмірімнің нұрысың.
Кеңдердің кеңі даламсың,
Тұлғаңда толы ұлы ісім.
Өзіңдей болса кеңдігім,
Болар еді-ау ерлігім!
Төгіліп дәулет төсіңнен,
Жемісің шексіз өсірген.
Көргенім астық тауларын,
Кетер ме сірә есімнен?!
Кетпейді сірә кетпейді,
Дәніңе жырым жетпейді.
Қаншама сырды сиғызып,
Нәрлерін бойға құйғызып,
Лепірмей, маңғаз жатырсың,
Болғанмен қанша күй, қызық.
Өзіңдей болса ырғағым,
Таусылмас сірә, жырларым!
Ләззат САРЫБАЕВА.
(Жалғасы бар).