«ШАМА-ШАРҚЫМЫЗША ШАҺАР ДАМУЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІЗ…»

381 көрілім

Сан ғасырлық тарихы бар мәдениет пен руханияттың түп қазығы атанған қасиетті қаланың ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері аз емес. Қала бойынша сан саладағы серпіліске қалалық мәслихаттың да сүбелі үлесі бары анық. Түркістандықтардың сенімін арқалаған атқамінер азаматтар туралы бұған дейін «Түркістан» газетінің «Мінбер» айдарында атап өткен болатынбыз. Халық мүддесін қорғайтын мінберге айналған мәслихат жұмыстары жанданып келе жатқаны көпшілік көңіліне қуаныш сыйлауда.

Атап айтсақ, Түркістан қалалық мәслихатының жұмыс регламенті аясында депутаттардың халықпен ұдайы кездесіп отыру қағидасы 6 секторда ай сайын жүзеге асып жатыр. Соның ішінде қоғамдық қабылдауда тұрғындар тарапынан қозғалған мәселелердің оңтайлы шешілуін бақылау ісіне баса назар аударылған. Сондай-ақ, тұрғындардың мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізумен қатар түрлі іс-шараларға демеушілік жасап, қайырымдылықпен айналысып жатқан азаматтар жетерлік. Осындай игілікті істердің басынан табылып жүрген жандардың бірі ретінде қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Худияровты атауға болады. Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын Наурыз мерекесі қарсаңында елорда төрінде салтанатты марапаттау шарасы өтіп, Президент Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан бір топ азамат мемлекеттік наградаларға ие болған еді. Өңірдегі өндіріс, денсаулық сақтау, бизнес, мәдениет және ғылым, спорт салаларына еңбегі сіңген санаткерлер қатарында болған Ғалымжан Худияров та Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алған болатын. Бүгінгі әңгіме Ғалымжан мырзаның депутат ретінде алға қойған мақсаттары мен атқарған жұмыстарына арналмақ. Аз-кем әңгіме барысында халық қалаулысы қызмет жолын қала спортының дамуына арнағанын аңғардық.

– Артқа шегініс жасайтын болсам, алғаш 2005 жылы Ә.Нұрмаханов атындағы спорт мектебінде самбо күресінен жаттықтырушы болып қызмет жасадым. 2006 жылы магистратураны аяқтаған соң Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де дене шынықтыру пәнінің оқытушысы болып ауыстым. Арада бірнеше жыл өткен соң Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында кандидаттық диссертациямды қорғаған болатынмын. Спорт саласындағы білімімді тәжірибеде шыңдау үшін 2012-2014 жылдары аралығында ХҚТУ-нің «Спорт және өнер» факультеті деканының орынбасары боп қызмет атқардым. Мұның бәрі менің өмір жолымның елеулі сатылары десем артық емес. 2014 жылы ұсыныс түскен соң киелі шаһарда бой көтерген «Орталық су-спорт» кешеніне басшы қызметіне ауыстым. Сол жылдан бүгінгі уақытқа дейін біршама шәкірттер тәрбиелеп, түркістандық талантты жастардың дамуына үлес қосып келеміз – дейді мәслихат депутаты.

Айта кетейік, «Орталық су-спорт» кешені 2018 жылы Түркістан облысы құрылуына байланысты облыстық «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен» бөлініп, облыс әкімдігінің 2019 жылғы қаулысымен «Орталық су-спорт кешені» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны болып өзгертілген болатын. Ғалымжан Худияров басшылық жасайтын, су спортының сайыпқырандарын баптайтын бұл кешенге келушілер қарасы қысы-жазы үзілмейді. Болашақта келешегі кемел кешеннен түлеп ұшқан түркістандық спорт тарландары әлемдік додаларда топ жарады деген сенім бар.

– Шама-шарқымызша ел игілігіне қызмет жасап келеміз. Бұған дейінгі 7-шақырылымда да қалалық мәслихат депутаты ретінде тұрғындар тарапынан қойылған өзекті мәселелердің оң шешімін табуға атсалысқан едік. Ел үмітін ақтайды деген сенімнің арқасында 8-шақырылымда да халық қалаулысы атандық. «Депутат – билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір» деп жатамыз ғой, расымен де депутаттың басты міндеті осы деп айтар едім. Халықтың үнін мүмкіндігінше билік өкілдеріне жеткізіп жатырмыз. Осы киелі қаланың азаматы, перзенті ретінде алдыға қойған мақсатымыз да сол – дейді азамат. Әңгіме барысында туған жерге қалтқысыз қызмет етуді мақсат еткен Ғалымжан мырза қаладағы депутаттардың қазіргі жұмыстары оң нәтиже беріп жатқанын жоғары бағалады.

– Қазіргі таңда қаладағы әр депутат өз бөлінісіне қарай 6 сектор бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Халықтың өтініштері мен депутаттық сауалдар негізінде көптеген мәселелер жауапты сала мамандар арқылы шешімін тауып келеді. Осы кезге дейін халық қалаулыларының, яғни, әріптестерімнің «өзіме болсын» деген кезін көрген жоқпыз. Барлығы дерлік бізге сенім артқан жұртшылықтың жағдайына жәрдем болсын деп жұмыс жасап келеді. Түркістандағы қандай да бір көшенің жарығы сөніп, қайбір нысанның құрылысы сапасыз болса шырылдап жүретін депутаттар аз емес. Сондықтан, ел үшін елеулі істер атқарып жүрген азаматтарымызға абырой мен сәттілік тілеймін, – деген ақжарма тілегін жасырмады.

«Түркі халықтарының туристік астанасы» атанған Түркістанның қазіргі келбеті әлем назарында болғандықтан, кейбір олқылықтардың орнын толтыру үшін жоспарлы әрі жүйелі істер қажет екені даусыз. «Халық қалаулылары – халықтың үнін билікке жеткізуші ықпалды орта ретінде өз құзіреті шегінде не істей алады?» деген сұрақ аясында мәслихат депутаты шаһардағы күрмеуі қиын мәселелерге тоқтала кетті. Айтуынша, Түркістандағы түйіні тарқатылмаған түйткілді мәселелердің дені тазалыққа тікелей байланысты. Киелі шаһардың көркеюіне атсалысу, тазалығын қадағалау тек бір мекеменің мойнына артылған жүк емес, әрбір қала тұрғынының Түркістанға махаббаты мен жауапкершілігі, адалдығы мен құрметі деп санағанымыз абзал. Ғалымжан мырза алыс-жақын шетелден, Қазақстанның әр түкпірінен келген қонақтар үшін жәдігер шаһардың жасыл, таза қала болғаны үлкен әсер сыйлайды деп санайды. Әрине, шаһардың шырайын келтіретін негізгі жұмыс абаттандырумен, тазалықпен байланысты. Туристерге де, тұрғындарға да жақсы әсер сыйлау үшін алдымен халық көп шоғырланатын орталықтар мен үлкен көшелердің көркеюі маңызды. Бүгінде тазалық күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды.

Осыған сай, аптап пен аңызақта қаланы көгалдандыру жұмыстары туризмді дамытып қана қоймай, Түркістан аумағын көгалдандыру, ауа райын жақсартуға да оң серпін беретіні анық. Сондай-ақ, облыс орталығы атанып, түркі әлемі үшін үлкен мәртебеге ие болған шаһарда аталған істің ұқыпты орындалуы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Осы ретте Ғалымжан Худияров халық қалаулысы ретінде жерлестерді игі істерге бірігуге шақырды.

– Таңнан кешке дейін қолына сайманын ұстаған тазалық сақшыларының тынымсыз еңбегін көзіміз көріп жүр. Солардың атқарған істеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алдағы уақытта туған жеріміздің дамуы мен көркеюіне барша түркістандықтар жұмылса деген ұсынысым бар. «Отан – отбасынан басталады». Сол үшін жанұядан бастап әрбір адам өз еліне, жеріне адал болса, сол нәрсе бізді алға жетелейді, – дейді Ғ.Батырханұлы.

Бүгінде Түркістан қаласында бұқаралық спорттың даму көрсеткіші жоғары. Киелі шаһар төрінде бұған дейін де бірнеше республикалық марафондар мен жарыстар өткен болатын. Әсіресе, тұрғындардың талап-тілектерінің ішінде жиі көтерілетін тақырыптың бірі – қол­жетімді, қарапа­йым спорт құралдарын айтуға болады. Халық қалаулысының айтуынша, көше гимнастикасына арналған воркауттар салу алдағы уақытта қарқынды жүзеге аспақ. Көктемге таяу тұрғындар үшін қала аумағында 6 воркаут қойылады деген жағымды жаңалық бар. Сонымен қатар, қалада қарқын алған әуесқой футбол лигасына арналған стандартқа сай спорт алаңшаларының жоқтығын да жасырмады. Қазақта «Игі істің басына – жақсы келер қасына» деген қанатты сөз бар. Қалалық мәслихат депутаттары мұрындық болып, қалалық әкімдіктің қолдауымен алдағы уақытта жас та, жасамыс та жарыса қатысатын әуесқой футбол лигасына арналған 2 ашық және 1 жабық алаңша салу қолға алынбақ.

Халық қалаулысы болу – маңызды міндет. Адал, әділ, шыншыл, намысшыл азамат туған жердің қадір-қасиетін түсінетін, қамын жейтін болса халықтың әл-ауқаты артатыны анық. Алаштың аяулы перзенті, айтулы тұлға Әлихан Бөкейхан «елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды» дейді. Ел мүддесін қорғайтын мінберге шығып, Түркістанды Түркі жұртының рухани-мәдени орталығына айналдыру бағытында қалтқысыз еңбек етіп жүрген жандардың ойға алған мақсаттарына сәттілік тілейміз.Алдағы уақытта да тарихи мекен топырағында дүниеге келіп, абыройлы істер атқарып жүрген атқамінер азаматтар туралы толығырақ «Түркістан» газетінен таныс бола аласыз, мәртебелі оқырман!

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы