ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША ЕЛІМІЗДЕ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА

361 көрілім

Бүгінде Түркістан облысында инвесторларды, кәсіпкерлерді сүйемелдеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Оның айқын көрінісі «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Ауыл аманаты» бағдарламаларының, «Бастау бизнес» т.б. жобалардың нәтижесі көріне бастады.

Жуырда Түркістанда пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан «Golden Camel» зауыты өз жұмысын қайта бастады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды былтыр Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені көтерген болатын. Нәтижесінде, кәсіпорын іске қосылып, өнімін экспорттап жатыр. Сұраныс жоғары. Өндіріс орны түйе және бие сүтінен құрғақ сүт шығарумен айналысады.

Сондай-ақ Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету өз жемісін берді. Өңірде 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша Түркістан өңірі Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орынды алады. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 27,5%-ға артып, 1,2 трлн. теңгеге жетті. Бұл көрсеткішті биыл 1,6 трлн. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Өткен жылдың қорытындысымен шағын және орта бизнес секторы 45441 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 292 620 адамды құрайды. Жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша облысымыз республика бойынша 2 орынды иеленіп отыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлуде.

«Мемлекетті дамыту үшін орта және шағын кәсіпкерлік мықты болуы тиіс. Бұл ретте сіздерге артылар жауапкершілік өте жоғары екенін білеміз және жергілікті атқарушы билік тарапынан қажетті қолдауды көрсетеміз. Еліміздегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 14%-ы Түркістан облысына тиесілі. Өңірде 875 мың гектар егіс алқабы, 3,3 млн. гектар жайылым жер бар. Облысымыз республика бойынша мақта өндіретін жалғыз өңір болып табылады. Жұмыс істеп тұрған 23 мақта өңдеу кәсіпорны 100 мың тоннадан астам мақта талшығын өндіреді. Мақта-тоқыма кластерін дамытуға мүмкіндік мол екені белгілі. Облыста жыл сайын 3,3 млн. тоннадан астам көкөніс, бақша, жеміс-жидек дақылдары өндіріледі. Ет экспорты бойынша өңір республикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылған ірі қара мал етінің 85 пайызы Түркістан өңіріне тиесілі. Ауыл шаруашылығы саласында әлеует өте жоғары және аймақ тұрғындары жақсы маманданған.

Түркістан облысы инвестиция тарту және бизнесті жүргізу бойынша елімізде бірінші орын алады. Өйткені, біз облысты дамыту стратегиясының негізгі бағыттарының бірі ретінде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берудеміз. Өңірде дайын инфроқұрылымы бар және коммуналдық қызмет тарифтері төмен 9 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар 42 шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы жүргізіледі деп жоспарланған. 2024 жылы бірқатарының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Кәсіпкерлер мен инвесторларға өте қолайлы жағдайлар жасалып, мүмкіндіктер ұсынылған. Егер Сіз Түркістанда жаңа жобаларды жүзеге асырып, инвестиция саламын десеңіз, Түркістан облысы әкімдігі сізге қолдау білдіруге әрдайым дайын» деген облыс әкімі Дархан Сатыбалдының сөзі өз ісін бастағалы жатқан талай кәсіпкерді қанаттандырды.

Бұған дейін де Мемлекет басшысы тарапынан инвестиция тарту бойынша тапсырмалар берілген болатын. Түркістан облысында бұл бағытта нақты жұмыстар жүріп жатыр. Игілікті істер өз нәтижесін беруде.

Осы ретте айта кетейік, «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдік беру және гранттар ұсыну бойынша қолдаулар көрсетілуде. Қолдауларды жүзеге асыру үшін бюджеттен 41,6 млрд. теңге бөлініп, толығымен игерілді.

Ал «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлініп, 3256 жоба қаржыландырылды, қаржы 100 пайыз игерілді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округте жүзеге асып, 75 жаңа кооператив ұйымдастырылды. Осындай жобаның игілігін көріп отырған Майдантал ауылының тұрғындары Ерсұлтан мен Шынболат Хайрулла 27,6 млн. теңге жеңілдетілген несиемен ауылшарушылық техникасына қол жеткізді. Ауыл жастары «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кәсібін бастау үшін 200 гектар жердің 50 гектарына қауын, дарбыз егуді, 6 гектар жерін суармалы жерге, оның 30 соттық жерін мал бордақылау алаңына айналдыруды, 1 гектар жерін балық өсіру шаруашылығын дамытуды, яғни биыл бассейндер салуды жоспарлап және 80 млн инвестиция тарту жобасы бойынша балық өсіру шаруашылығын қолға алмақ.

Н.ҒАЙБҰЛЛАҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы