«ЖҰМЫС ОРНЫМ АУЫССА ДА  ҰСТАНЫМЫМ ӨЗГЕРГЕН ЕМЕС»

280 көрілім

Еліміздің рухани орталығы – киелі де қасиетті Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде қалыптаса бастағанына міне биыл 5 жылдан асты. Осы уақыт ішінде қала өмірі, қала тұрғындары мен қонақтарының тарихқа, туризмге деген көзқарасы және мәдени мұраларға деген көзқарасы едәуір өзгерді. Түркістанды түлетуге құштар жандар көбейді. Түркістан күн санап өзгере бастады. Қаншама жаңа әкімшілік ғимараттар, тарихи-мәдени орталықтар, зәулім-зәулім тұрғын үйлер, ойын-сауық алаңдары, саябақтар, су бұрқақтар бой көтерді.

Осындай мәдени ғимараттардың бірі де, бірегейі қаламыздың жаңа әкімшілік – іскерлік аймағында бой көтерген «Конгресс холл» көпсалалы кешені. Ол халықаралық конференциялар мен форумдардан бастап, әр түрлі форматтағы іс-шараларды өткізуге қолайлы бірегей орын болып табылады. Қала ішінде көз тартар ғимарат тіршілігімен жақынырақ таныспақ ниетте жаңадан тағайындалған басшы Асқар Кенехан мырзамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Асқар Оразханұлы, «Конгресс холл» кешенінің басшылық қызметіне жуырда келдіңіз. Сізді жақын танығымыз келеді. Қай жақтың тумасы боласыз, отбасыңыз, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз.

– Мен негізі Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Шақпақ елді мекенінде дүниеге келгем. 2022 жылдан бастап Бәйдібек ауданының мәслихат хатшысы, төрағасы болып қызмет еттім. Ата-анам кезінде Бәйдібекке дипломмен ауылға деген секілді бағдарламамен келіп, осы өңірді тұрақтап қалған жандар. Екеуі де дәрігерлік салада қызмет етіп, абыроймен жұмысын аяқтаған. Яғни менің ата-анамның еңбек кітапшасында тек бір ғана жұмыс орны көрсетіліп, бүкіл ғұмырларын бір салаға арнаған жандар. Отбасымдағы осынау үйлесімділік пен адалдық өзім үшін ауыз толтырып айтарлықтай дүние. Себебі өмірінің жартысын бір салаға арнау, өз ұстанымы мен кәсіптік адалдығынан айнымау екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Мүмкін содан болар, ол кісілер жұртқа сыйлы, әулетіміздің абыройын ас-қақтатып отыр. Өзім де осынау тазалық-ты көріп, тегіме кір келтірмеуге, олардың атына лайық болуға тырысып келемін.

– Ата-анаңыз медицина саласында қызмет етіп, елдің ықыласына бөленген жандар болса сізді де кезінде осы салаға түсуге үгіттемеді ме? Жалпы өзіңіз қай саланы бітірдіңіз?

– Әрине, айтты. Әкем оқу бітірген жылы медицинаға түсуімді қалап, қолқа салды. Алайда мен басқа жолды таңдадым. Мектеп бітірген жылы Семейге қаржы саласы бойынша грантқа оқуға түстім. Одан кейін экономика, оның арасында еркін күреспен айналысып республика бойынша жүлделер алып жүрдім. Ойлап қарасам, жас кезімнен өнерден, мәдениеттен алыс болмаған екенмін. Мәселен Семейде орыс группасында оқыдым. Сөйтіп жүріп, Семей мәдениетіне араласып, белсенді болдым. Тіпті Семей полигоны мәселесі бойынша мүшәйраға қатысып, бірінші орынды алғаным бар. Мұның барлығы өзгелер үшін жәй нәрсе болуы мүмкін. Алайда, мен үшін үлкен жетістік. Себебі сол қалада өз даралығымды, оңтүстік жігітіне тән өнерімді көрсете алдым. Менің ойымша, адам бір орында тұрып қалмауды, өзіне тән ерекшелікті жоғалтып алмауға тырысуы қажет. Жалпы менің қызығушылығым, өмірге деген көзқарасым әрдайым ауысып отырады. Мәселен осы жасқа келіп тағы бір саланы меңгеріп шықсам деген ниетім бар. Онда тұрған не бар, адам үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс. Біздің ең басты құндылығымыз да осы.

– Дәрігерлер отбасында дүниеге келгеніңізді білдік. Алайда өнерден, спорттан да алыс емес секілдісіз. Бұл құндылықтар сізге қайдан дарыды? Себебі «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген аталы сөз бар. Дәрігерлер отбасынан мәдениет саласының қызметкері қалай шықты?

– Жалпы дәрігерлер отбасы болғанымызбен өнерден алыс емеспіз. Менің ойымша, әр қазақи отбасы өнерге бір табан жақын. Мысалы туған інім әнші. Өзім де әнге сөз жазамын. Қазір «Асыл жарым» атты менің сөзіме жазылған ән орындалып жүр. Одан бөлек біздің Бәйдібек ауданы тұнған мәдениеттің ордасы. Менің ауылым алыптардың отаны. Ғазизхан Шекербек деген әншіні білетін боларсыз, сол жігіттің әкесі Жандарбек Шекербек біздің ауылдың тумасы. Цирк майталманы, өнерге өмірін арнаған, дүниеге құнықпайтын азамат еді. Сол кісі бізді үлкен алаңға баулыды. Біз соларға қарап, еліктеп өстік. Оның үстіне мәдениет деген ән айтып, би билеумен шектеліп қалмайды. Мәдениет – ол ішкі тұрақтылық, өз жолыңа деген адалдық. Соны бағамдай отырып көпке қызмет ету. Осыны таразыға салар болсақ, мен өз бағытымнан айныған емеспін. Қазір менің таныстарымның көбісі «Асқар нағыз өз орнын тапқан» дейді екен. Мүмкін олар да менің әу бастағы талпынысымды бағамдап, осылай қорытынды жасап жатқан болар. Өзіңіз ойлаңызшы, Шәмшідей алып туған өңірден шығып қалай мәдениеттен кенже қалуға болады? Айтпақшы, алдағы уақытта Шәмшіге арнап арнайы кеш ұйымдастыруды қолға алудамыз. Жастар әуен мен әннің энергиясын көп сезінуі керек. Басшылық қызметке келе сала бірден қолға алған тұсым – бізге келушілердің лирикалық сезімін оятып, өзімізге тән мәдениетпен жиі беттестіру болды. Қазір өздеріңіз де көріп, естіп отырған боларсыздар. Біздің кешеннің бағыты, бағдарламасы біршама өзгерді.

– Иә, оны түрлі үйрмелер мен сіздер жаңадан ұсынып отырған бастамалардың арқасында сезіндік. Расында бір жаңа леп, жаңа серпін келген секілді. Бірақ бұл қашанға дейін жалғасады, әдетте жаңа басшы келіп бастапқыда қарқынды жұмыс істеп, кейін сөніп қалатыны бар…

– Жоғарыда мәслихат төрағасы болып қызмет атқардым деп айтып қалдым ғой. Мен сол қызметке сайланғаннан кейін есігімнің маңдайшасында тұратын «қабылдау уақыты» деген тақтайшаны алдырып тастадым. Неге? Себебі келгісі келетін, бұйымтайы бар халық менің уақытыма қарайлап емес, кез келген кезде келе беруді қаладым. Жалпы менің жұмыс орным ауысса да жұмыс істеу тәсілім өзгерген емес. Оны мені жақсы танитындар біледі. Мәслихатта жүріп талай жұмыс атқардым. Мәселен киіктерді ату бойынша елде біршама тартыс болды. Сонда президентке хат жазып, киіктерді оңтүстік аймаққа қарай көшіру керектігін, осы аймаққа бейімдеуге болатыны туралы айттым. Жауап келді. Кейіннен мені киік мәселесінде комиссия мүшелігіне қосты. Мен бұнымен бір ғана қозғалыс қаншама іске түрткі болатынын айтқым келеді. Мәселе менің хат жазғанымда емес, азаматтық ұстанымның беріктігін, ол құндылық ешқашан менен кетпейтінін жеткізгім келеді. Менің жұмыс істеу стилім «өзгеріс өзімнен басталады» деген ұстанымда. Сондықтан бұл қарқын басылып қалады деп қорықпасаңыздар болады. Себебі мен әлі бастаған жоқпын, әлі талай өзгерістер, игі істер болатынына сөз берем.

– Жақсы ұстаным екен. Қазір байқағанымыздай үйірмелер қолға алыныпты. Бұл бастама сіздің ойыңызға қалай келді? Жалпы әрі қарай үйірмелердің тағдыры қалай болмақ?

– «Конгресс холл» кешені менің түсінігімде ашық кеңістік болуы тиіс. Бірақ басшылық жұмысқа келе сала кешенде адамдар аз екенін, мұнда шығармашылық орта жоқ екенін бірден түсіндім. Содан түрлі бастамаларды қарастырып, жоқ маманды сырттан алдырып кешен ішінен әдемі орта қалыптастыруға тырыстым. Мәселен «сурет салу», «құмыра жасау» сынды үйірмелер адамның танымын кеңейтеді, одан бөлек, олардың эстетикасын сезіну бар. Дәл қазір адамдарға осындай шығармашылық орта қажет. Одан кейін әрине, осы үйірмелер бәріне қолжетімді болуы тиіс. Осының барлығын біз ретке келтіріп, жалпыға қолжетімді бағамен бірнеше үйірмелерді іске қостық. Нәтижесі мен күткеннен де керемет болды. Себебі үйірмеге жазылушылар саны жоғары. Демек, сұраныс бар. Тағы бір қуантарлығы біздегі үйірмелерге ересектердің қызығушылығы жоғары болуында. Сондықтан әлде де көпшілікті үйірмелерге қатысып, бос уақытын тиімді пайдалануға шақырғым келеді. «Конгресс холл» кешенінің келемін деушілерге әрдайым есігі ашық.

– Енді «Конгресс холл» кешенінің жұмыстарына тоқталсақ. Біршама өзгерістер орын алатынын байқадық. Мәселен ашық дереккөздерде 2023 жылдың соңғы айларында 24 млн және 9 млн тұратын музыкалық аспаптарға тапсырыс беріліпті. Ол қандай аспаптар, сонда бұрын кешенде музыкалық аспаптар болмады ма? Ал осы айдың яғни, ақпанның 24 жұлдызында өткен «Құстар қайтып келеді» мюзиклін ұйымдастыруға 9 млн 102мың қаржы бөлінген екен. Бұл өзін қаншалықты ақтайды?

– Иә, ол аспаптарға тапсырыс берілген уақытта мен басшылық қызметте емес едім. Яғни менен бұрынғы басшылықтың кезінде берілген. Дегенмен, музыкалық аспаптар расымен енді алынып жатыр. Бұрын болмаған. Қазір олардың бірнешеуі келіп қойды. Қаржы көп болып көрінуі мүмкін, алайда музыкалық аспаптар өте қымбат тұрады. Бірақ «шығын шықпай кіріс кірмейді» дейді ғой, түптің түбінде бұл шығын бізге кіріс болып келері сөзсіз. «Құстар қайтып келеді» мюзикліне бөлінген қаржы әлі нақтыланбаған болуы керек. Дегенмен, сахнаны безендіру, сахнаға арналған микрофондар алу бәрі осының ішінде. Одан бөлек, біраз техникалық базаны осы қаржыға түгендеп алу көзделсе керек, себебі алдағы уақытта дәл осы мюзиклді өзге өңірлерге қоюды жоспарлап отырмыз. Жалпы алдағы уақытта концерттік бағдарлама әр өңірге керуен секілді қатынап, халыққа ыңғайлы болу үшін лайықталып жасалатын болады. Біз осының бәрін жоспарға алып отырмыз. Әрине, мюзикл 100 пайыз өзін ақтайды деп айта алмаймын. Ақтаса қуаныштымыз, алайда бірден бәрі бола қоймасы анық. Сондықтан біз ұтылмайтын, өміршең жобаларды қолға алып, техникалық базаны ретке келтіріп алуға тиіспіз. Дәл қазіргі таңда, осындай стратегиялық бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақыта оны өздеріңіз көре жатарсыздар.

– «Конгресс холл» кешенінің бастамасымен қолға алынған өміршең жобалардың көрермені болып жүре берейік. Уақыт бөліп сұхбаттас-қаныңызға көп рақмет. Алдағы жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан: Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы