«ТҮРКІСТАН ТЕАТРЫН БАСҚАРУ МАҒАН ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ»

299 көрілім

Шаһарымызға театр мәдениетін ала келген өнер ордасы – Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры екені белгілі. Осы театрға жуырда ғана басшылыққа келген азамат Арман Алиевпен жолығып, аз-кем сұхбаттасқан едік. Арман Махмұтұлы да ағынан жарылып біздің сұрақтарымызға жауап берді.

– Арман мырза, Түркістанға қош келдіңіз! Өзіңіздің өнердегі дебютіңіз «Тракторист» әніңіз арқылы ел танып, «Арман –тракторист» деп атап кетті. Осыдан кейін әзіл ән жанрында альбом жаздыңыз ба? Байқауымша, әншілікті жалғастырмаған сияқтысыз…

– Иә, «Тракторист» әні мені халыққа танытты. Өнердегі жолымды «Шымкент шоу» әзіл сықақ театрынан бастағанмын. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын жаңақорғандық өнерпаз, «Экспресс» тобының мүшесі Талап Тұтаевтың әзіл жанрындағы «Тракторист» әні өзіме қатты ұнаған-ды. Сосын әнді жазып, оған бейнебаян түсірдік. Ән хитке айналды. Көп адам «Тракторист, тракторист» деген сөзіне ғана мән береді. Негізі әнді мұқият тыңдап, байыбына барса: мұңды махаббат бар. Қарапайым ауыл жігітін кеудесінен қағып, қыздың өзгеруі, әлеуметтік теңсіздікті ұқтырады. Әзіл ретінде бергенімен мағынасы терең. Кейін Бақытжан Исламқұлов деген композитор бұның жалғасын жазу керек деп идея айтып «Жеке трактор» деген ән жазылды. Осылайша, 2 альбомым жарық көрді. Негізінде, өзімді әншімін деп есептемеймін, бірақ «әу» демейтін қазақ жоқ. Жалпы, актерлердің ән айтқанын өнерпаз ретінде оң қабылдаймын. Себебі, актер әннің мән-мағынасын түсініп, әр сөздің тереңіне бойлап, образын ашып орындай алады деп ойлаймын. Бірақ, өзім кәсіби әнші болмағандықтан оны әрі қарай қууды жөн деп таппадым.

– Еңбек жолындағы екінші белесіңіз «Оңтүстік циркте» өткен екен. Кенже қалған цирк өнерінің кейінгі жылдары дамып жатқан жайы бар. Онда әлбетте сіздің де қолтаңбаңыз бар деп ойлаймыз.

– 2011 жылы Шымкентте «Оңтүстік цирк» ашылып, 2012 жылдары енді аяққа тұрып жатқан тұста мені режисерлікке шақыртты. Жарнама және халықаралық байланыстар деген бөлімде біраз уақыт жұмыс жасадым. 2014 жылы Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрға директордың орынбасары қызметіне шақырды. Бірақ, отбасылық жағдайлармен көп тұрақтамай Шымкентке оралдым. Сол кезде цирктің алғашқы директоры Сәбит Әбдіқалықов кетіп жатыр екен. Орнына басшылыққа мені ұсынды. Сонымен цирктің тізгінін ұстадық.

Цирк – ерекше өнер. Цирк менің махабатым десем де болады. Сол тұста бар қажыр-қайратымды, қабілетімді өзім басқарған өнер ұжымын өрге сүйреуге, оны дамытуға жұмсадым. Менің не жасағанымды ел-жұрт, ұжымым біледі. Жаңа өнер ұжымын танытуға, жарнаманы жолға қоюға күш салдық, 12 мемлекетпен байланыс орнаттық. Цирк ұжымдарымен, өнер проумотерлерімен ынтымақтастықта жұмыс істедік. Түрлі халықаралық фестивальдерден жүлделер алып келді біздің жігіттер. Оның барлығы көрерменнің көз алдында, халық берер бағасын.

Біздің қоғамда циркті бала-шаға көретін жеңіл-желпі өнер ретінде бағалайды. Цирк десе клоун көз алдымызға келе қалады. Клоун, жай ғана сайқымазақ деп қабылдайды бізде. Бірақ, бұл өте күрделі, синтез өнер. Клоунада деген жанр – күрделі жанр. Сөйлемей-ақ, іс-әрекетімен, қозғалысымен, ым-ишарасымен-ақ, мимикасымен көрерменге күлкі сыйлай білуі керек. Цирк – отбасымен келіп демалатын мәдени орын. Цирктің тізгінін ұстағанда ұжымыма: біздің қойылымдар отбасының әр мүшесіне, балаға да, әкеге де, ата-әже, немересіне де ұнайтын болуы керек деп талап қоятынмын. Циркте мейлінше, таза ұлттық үлгідегі бағдарлама жасауға тырыстым. Ұлттық ойындардың элементтерін қосып, ұлттық киімдер мен манежде төселетін кілемге дейін оюлап, ұлттық аспаптардың үні естіліп тұрса дейтінмін. Қойылымдардың концепциясын жасауда түп-негізі ұлттық ойындарымыз бен фольклорымыздан іздеп, мейлінше ұлттық нақышта жасауға тырыстым. Қызмет барысында талай шенеуніктермен, әкімдермен жұмыс жасадық. Көбі еуропалық үлгідегі цирк қойылымдарын, шоулар жасау керек дейтін. Келіспей қалатын кездер көп болды. Кейбір азаматтар шетелде оқып келіп, сол жақтың танымын, мәдениетін алып бізге тықпалауға бейім болып тұрады. Мен бұған қарсымын. Осында келіп жаңа ұжыммен танысқан алғашқы жүздесуде-ақ мен өз ұстанымымды жеткіздім. Иә, біз сырт елге Шекспирді сахналап таңғалдыра алмаймыз, таныта алмаймыз. Біз өзіміздің «Еңлік-Кебегімізбен», «Қарагөзімізбен» яки «Абылай ханымызбен» қазақтың дара болмысын танытып, таңғалдыруымыз мүмкін. Ұстанымым осы.

– Сонымен, театр өнеріне қалай қадам бастыңыз? Бұған дейін жұмыс істеген «Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира» театрының да бағыты комедиялық қойылымдар емес пе еді, қателеспесем…

– Алғашқы қадамдарым «Шымкент-шоу» әзіл сықақ театрында басталды. Біраз жыл циркте жұмыс істеп, бұның алдындағы қызметім «Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира» театрында жалғасты. Театрда драмалар да қойылған. Дегенмен, жетекші әртістер У.Әбдірайымұлы, Ж.Ақшора, Ғ. Қалыбаев, т.б., көбіне комедиялық қойылымдар репертуардан орын алған-тын. Маған сол стереотипті бұзу керек болды. Сөйтіп, режиссер Ғазиз Арын ағамызбен ақылдаса келе Д.Исабековтің «Сүйекші» повесінің желісімен трагедиялық қойылым қоюды жоспарладық. Ғазиз аға инсценировкасын жасап, сахналады. Моноспектакль. «Сүйекшіге» 44 жыл комедия жанрында, эстрада-музыкалық бағытта сахнаға шығып жүрген белгілі актер Жүсіп Ақшора таңдалды. Ол өте кәсіби актер. Өмір бойы комедияда шыңдалса да, трагедиялық қойылымды керемет алып шықты. Сахнада 1 сағат 20 минут көрерменді жалықтырмай жалғыз өзі ойнады. Көрермен өте жақсы қабылдады. Қойылыммен бүкіл елді аралап, гастрольдік сапарға шығамыз деп жоспарлап жүргенбіз. Мен кетіп қалдым, дегенмен ұжым гастрольге шығамыз деп отыр.

– Жасыратыны жоқ, театрға, әсіресе драма театрына өнердің шоу бағытында танылған азаматтың басшылыққа келуі алғашында тосындау көрінгені рас. Сазды-драма театры деген мәртебесі бар, негізін театр тарланы Р.Сейтметовтей азамат қалаған өнер ордасының тізгінін ұстап, туын көтеру Сізге қаншалықты жауапкершілік жүктейді?

– Рас, мен шоу бағытында танылдым. Кеше ғана әзіл ән айтып жүрген азамат бүгін драма театрдың тізгінін ұстапты ғой дейтіндер болар, бәлкім. Иә, театр – бекзат өнер. Райымбек ағамыз құрған Түркістан театрына басшылық жасау маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұған дейін өнер саласында менеджер ретінде түрлі ұжыммен жұмыс жасап ысылған, тәжірибе арттырған адам ретінде сенімді ақтаймын деп есептеймін. Шүкір деп айтайын, бұған дейін басқарған ұжымдарым зор ілтипатпен, қимастықпен шығарып салып жүрді. Бұл жерде де жемісті жұмыс жасаймыз деп ойлаймын.

– Театрдың бағыты, алдағы жоспарлары қалай болмақ?

– Жоба жоспар көп. «Арық айтып семіз шық» деген қазақтың әдемі мәтелі бар. Алдын ала жар салмай-ақ қойсам деймін. Жоспарымыз әзірге құпия болсын. 2-наурыз күні Р.Сейтметов ағамыздың туған күніне орай театр апталығы өтеді. Апталықта Р.Сейтметов ағамыз кезінде өзі сахналаған «Көк түріктер», «Ең әдемі келіншек», «Келіндер көтеріліс», «Домалақ ана» қойылымдары қойылады. Мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылады. «Көк түріктер» тарихи драмасын қайта жаңғыртып, 2 тілде де (қазақ, түрік) қойып, театрды халықаралық дәрежеге шығару жоспарлануда. Күтіңіздер, бұйыртса театрда іргелі, елді елең еткізетін жағымды жаңалықтар болады.

– Шынайы әңгіме-сұхбатыңыз үшін көп рахмет.

Әтіргүл ТӘШІМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы