ТҮРКІСТАНДЫҚ ТҰҢҒЫШ ЧЕМПИОН БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ

914 көрілім

 «Тұңғыш» деген ұғымда біртүрлі бір тартым бар. Өйткені не нәрсе болсын: «Ең бірінші, тұңғыш рет жасаған немесе жүзеге асырған кім екен?» дегендей қызығушылық құмары кез-келген адамның бойында болады. Жалпы адамзатты алға жетелейтін негізгі қасиеттердің бірі де сол ғой. «Тұңғыш болам» деген талпыныс түптің-түбінде ол адамның атын тайға таңба басқандай етіп, адамзаттың тарихында қалдырады. Олардың санына жетіп, бәрін бірдей есте сақтау мүмкін де емес. Бірақ өзге білмесе де, әрбір ұлттың өзі ғана біліп, ешқашан ұмытылмайтын тұлғалары болады: сондай тұлғалардың бірі, бокстан қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы – Бекзат Саттархан.

 Бекзат жайлы аз айтылып келе жатқан жоқ, айтыла да бермек және қанша айтылса да көптік етпейді. Біз де сол кезекті айтушылардың біріміз, бұған дейін де біраз айтқанбыз. Айтқанда, оның атына заты сай бекзаттығын, үнемі жаттығу, жарыстармен өткен жастық шағы хақында, қаламымыздың қарымы жеткенше шимайлап көрдік. Содан не шықты немесе не шығады дерсіз, бәлкім. Міне, әңгіменің алтын арқауы да осы жерде. Тарихты тұлғалар жасайтыны рас болса, сол тұлғалар туралы талмай толғап, ақпарат кеңістігін танымдық, деректі дүниелермен толықтырып отыру, біз тәрізді тұңғыш емес пақырлардың парызы.

Бекзаттың өмір жолы, спортта қол жеткізген жетістіктері ғаламтор желісінде толып тұр. Сондықтан «пәленінші жылы туылды, төленінші жылы қайтыс болды» дегендей «кезекші сөздермен» сөзді көбейтпей-ақ, «тұңғыш чемпион» деген ойымызды толықтыра түсейік. Турасында, Бекзатқа дейін де, қазақ боксының алғашқы қарлығашы Шоқыр Бөлтекұлынан бастап, талай қазақ бокс қолғабын киіп, жаттығу қапшығын ұрғылап, қарсыластарын сілейтіп түсірген. Айталық Асылбек Қилымов деген боксшы бар. Асылбектің кезінде, әлемдік бокс державасы саналатын Куба боксшысын бір-ақ ұрып құлатқаны ғаламтор желісін шарлап жүр. Асылбектің сілтеп қалған бір соққысының күші 724 килограмға тең болған және 216 жекпе-жегінің 82 пайызын нокаутпен аяқтаған екен.

 Біз мұны не үшін айтып отырмыз? Осы Асылбек батыр олимпиада чемпионы болмады. Бірақ жойқын соққылы, жаужүрек боксшы ретінде аты қазақ боксының тарихында мәңгілікке жазулы тұр. Қазір А.Қилымов Алматы қаласында тұрады. Қазақта айтыла беретін «бақ шаба ма, бап шаба?» деген сөз бар. Бағы шаппаған-дағы. Әйтпесе, «тұңғыш чемпион» атануға лайық талай марғасқалар өткен ғой бұл өмірден. Әйгілі Серік Қонақбаевты финалда жеңіп тұрған жерінен жеңілдірді. Тізбелей берсек, мұндай мысалдар мыңдап саналады. Әлем боксының «шарбағына түспей-ақ» қояйық десек те, батыр Бекзаттың Рамаз Палианимен өткен сайысы, солай қарай тарта береді. Рамаз Палиани деген кім және оны не үшін тілге тиек еттік? Палиани – тегі грузин, кезінде КСРО, ТМД, Гүржістан, Ресей және Түркия елдерінің атынан бокстасып, әлемнің бес құрлығында ешкімге дес бермей, атой салған атақты боксшы. Сидней олимпиадасында Палианидың бетін қайтарған – біздің Бекзат! Сол Палианиіңіз келесі 2001 жылы әлем чемпионы атанады. Осы жерден-ақ Бекзаттың мықтылығын байқай беріңіз. «Тұңғыш чемпион» болуға лайықты ма? Лайықты! «Тұңғыш чемпион» болғаны әділетті ме? Әділетті! Әлемде әділеттің ақ туы әрқашан желбіреп тұрса, «тұңғыш чемпион» атану – тынбай еңбектеніп, талмай жаттыққан кез-келген пенденің пешенесіне бұйырар бақ!

«Саттар Ерубаев музейінің» меңгерушісі,

Айгүл Исабекова.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы