РАМАЗАН АЙЫНЫҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІ  ЖАЙЛЫ  НЕ БІЛЕМІЗ?

4  326 көрілім

Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлы болып, төзімін шыңдайды. Кешке дейін ішіп-жеуден тыйылады. Сондай-ақ, ашу-ызаға бой алдырмай, жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады» деп өсиет қалдырған. Ризығы мен шапағаты мол айда қаламыздың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлымен сұхбаттасып, Рамазан айының қадір-қасиеті жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– Ораза құлшылықтың төресі дейміз. Ораза жанның азығы, тәннің шипасы. Рамазан айының қадір-қасиеті жайлы, өзге айлардан артықшылығы жайлы айтып сұхбатымызды бастап берсеңіз.

– Барша мұсылман қауымды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Кеше ғана табалдырығымызды аттаған Рамазан айының алғашқы онкүндігін де аяқтауға жетіп қалдық. Бұл айдағы исі мұсылман баласы үшін аса маңызды ғибадаттар ретінде ораза ұстау, тарауық намазын оқу, пітір садақасын беру, ауызашар дастарқандарын жаю деп білеміз. Жалпы адамда тән азығы, жан азығы деген азықтар болады. Яғни, мұның барлығының ақысы берілуі керек. Аллаһ Тағала қасиетті Құранда “Хижр” сүресінің 9 аятында:

«Шүбәсіз осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз» дейді. Сондай-ақ, “Бақара” сүресінде: «Сендерге дейінгі қауымға парыз етілгендей, ораза баршаңа парыз етіледі», – дейді. Бұл Аллаһ Тағаланың бұйрығы. Аллаһ Тағаланың әмірі талқыға түспейді, ол орындалуы керек.

Исламда басты қағидат бес парыз бар. Олар:

1 – парыз: Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.ғ.с) Аллаһтың елшісі екендігіне куәлік беру;

2 – парыз: Намаз оқу;

3 – парыз: Зекет беру;

4 – парыз: Ораза тұту;

5 – парыз: Қажылық қылу.

Осы бес парыздың бірі – ораза тұту. Оразаның мақсаты – адамды тәрбиелеу. Адамның жан дүниесін түрлі жат қылықтар мен жаман әдеттерден тазарту. Барлық амалдар Аллаһтың разылығы үшін жасалады ғой. Бірақ ораза өзің үшін жасалатын амал. Аллаһ Тағала «оразаның сауабын мен өзім берем» дейді. Бұл дегеніміз пендені ақыреттік бақытқа алып баратын мүмкіндігі зор амал. Ораза тек аштықпен ғана шектелмейді. Ораза тұту арқылы адам Аллаһтың бар екенін, бір екенін бекем жүрекке бекітеді. Ораза тұту адамның денсаулығына зиян келтіретін дүние емес. Сәресінде береке бар. Уақытылы сәресіне тұрып, дұрыс тамақтану керек. Адам баласының әрбір дене мүшесінің оразасы болады. Құлақтың оразасы ғайбат сөздерді естуден тыйылу. Ауыздың оразасы жақсы сөйлеу, зікір айту, пайғамбарымызға салауат айту. Көздің оразасы Құран оқу. Қолдың оразасы Құран ұстау, жақсылық жасау. Бұл амалдарды тек қасиетті Рамазан айында ғана емес жалпы ізгілікті, тақуалықты әрқашан өзімізге серік қылуымыз керек. Ораза ұстағанға екі шаттық бар. Бірі – ауыз ашқанда қуанады. Екіншісі – Қияметте Раббысымен жүздескенде ораза ұстағанына қуанады. Ақиқатында Қиямет күні Жаратушы Иенің жанында ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен абзал. Ораза – Аллаһ берген бүкіл нығметтер рухани нәр алатын құлшылық. Пайғамбары-мыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оразаның сауабына жер бетіндегі барлық көлдер мен мұхиттарды, теңіздерді сия етіп алып, барлық өсімдіктер мен ағаштарды қалам қылып жазсаңдар да сауаптық мөлшерін жазуға жетпейді деп айтқан. Сондықтан қасиетті Рамазан айында осындай мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек.

– Биылғы пітір садақа мөлшері қанша? Пітірдің мәні мен маңыздылығын айтсаңыз. Оны кімдер беруі керек?

– Жағдайы болған, тұрмыс-тіршілігі жақсы, мұқтаждығы жоқ әрбір мұсылман пітір садақаны бергені жақсы. Пітір садақасын кейбір ғұламалар «дененің зекеті» деп атаған. Пітір садақа елімізде 535 теңге мөлшері болып бекітілді. Орта есеппен алғанда сол шамаға тура келеді. Пітір садақа 2 келі бидай не арпамен есептеледі. Дегенмен азық-түліктің орнына пітір садақаға оның ақшалай құнын бергені абзал. Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді. Әрбір ақыл- есі дұрыс мұсылман адамға ораза тұту парыз.

Шариғат бойынша, уақытша емес, жағдайына байланысты ораза ұстай алмайтын жандар үшін оразаның өтемін жасайтын жол бар. Ол – фидия садақасы. Егер адамның денсаулығына қауіп төнетіндей жағдай болса, дәрігерлердің рұқсаты болмаса, Алланың адамға берген аманатына, яғни денсаулығына қиянат жасауына болмайды. Сондықтан, әртүрлі ауыр сырқаттар: туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы, тыныс және жүрек демікпесі секілді сауығуына күдер үзген ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына фидия садақа береді. Фидия садақасы – ол орта есеппен бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Дін қызметкерлерінің ұйғарымы бойынша, оның мөлшері қазіргі таңда ең азы 3000 (үш мың) теңге мөлшері болып белгіленді. Дені сау адам фидия садақасын беріп, оразаның парызынан құтыла алмайды. Садақа бәлені жояды. Қасиетті Рамазан айында кез келген сауаптың мөлшері 700 есеге көбейеді. Сондықтан бұл айда мол сауапқа кенеліп, ақыретте төлем жасау үшін жалған дүниедегі бонус пакеттерімізді сауаппен, жақсы амалдармен толтыруымыз керек.

– Рамазан – айлардың сұлтаны, Жұма – күндердің сұлтаны дейміз. Сондай-ақ, Рамазан айында түндердің сұлтаны Қадір түні бар. Қадір түнінде қандай амалдар жасау қажет?

– Мұсылман әлемінде қасиетті түндер мен айтулы күндер жетерлік. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі – қасиетті Рамазан айындағы Қадір түні. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары көзі болып саналатын мүбәрак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн. Рамазан айы онкүндіктерге бөлінгенін білуіміз қажет. Аллаһ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Рамазанның басы – рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу» деген болатын. Сондай-ақ, Қадір түні жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді» және де «Кім қадір түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі» – деген. Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадір кеші рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл түн – жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн және оған мың айдың сауабын нәсіп етеді. Құранның «Қадір» сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екендігі кеңінен айтылған. Мың ай, бұл 83 жыл, 4 айға тең. Бұл дегеніміз бір адамның өмір бойы Алла Тағалаға құлшылық етуімен бара-бар деген сөз. Қасиетті Қадір түнінде үйде отырып мынадай амалдарды орындай аламыз:

– Сол күні кешкі ауызашарда дұға-тілек ету;

– Құптан намазында 20 рәкағат тарауық намазын оқу;

– Құран, хадис кітаптарын оқу. Немесе Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір тарихын оқу.Сондай-ақ, Қадір түнінде таң атқанға дейін төрт рәкағат нәпіл намазы оқылады.

– Рамазан – мұсылман қауымы үшін сағына күтіп, қимай қоштасатын қадірлі әрі қасиетті ай. Қаладағы мешіт имамдары арасында қандай жоспарларыңыз бар? Қандай бастамалар жасап жатсыздар?

– Киелі шаһарда бас имамдық қызметте жүргеніме 1,5 жылдан асты. Маған берілген мінбер мансап емес, атақ-даңқ емес бұл кешегі кемел ғұламалардың, әзиз пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аманаты. Имамдық, ұстаздық бұл үлкен аманат. Түркістан қаласының имамдарына, барша бауырларыма Аллаһ разы болсын. Кез келген уақытта қолдап, қуаттап, бірлесіп қызмет жасауға дайын. Өздеріңіз білесіздер, қаладағы барша имамдармен бірлесе отырып, Аллаһтың жәрдемімен біраз жұмыстар атқардық. Тарихтың қойнауында көміліп қалған мұраларымызды жаңғыртуға қолдан келгенше үлес қосып келеміз. Жыл сайын пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Мәуліт айының дәстүрлі түрде насихатталуы, сонымен қатар қайтсек арақтан ада ұрпақ тәрбиелейміз, қайтсек ұрлық пен зорлық-зомбылығы жоқ рухани астана атанамыз деген арманнан туған «Сөз түзелді тыңдаушы сен де түзел» секілді кең көлемді бастамаларды қаламыздың ақсақалдары мен ардагерлерінің қолдауы, жезөкшесі жоқ қала атану үшін ішкі істер басқармасымен бірлесе жұмыс атқарып жатқанымыз, қайырымдылық шараларына жанашыр кәсіпкерлердің белсене атсалысуы сөзімізге дәлел. Бірлік болған жерде бекемдік болады, бекемдік болған жерде береке болады, береке болған жерге бақ пен ырыс қонады. Алдағы уақытта атқарылар жұмыстарымыз бен сүйіншілейтін жақсы бастамаларымыз көп. Рухани шаһардың жастарына арнап, өзге өңірдегі жастарға арнап ойға алған түрлі рухани-мәдени шараларды жүзеге асырсақ деген жоспарларымыз бар. Сондай-ақ, дінге қызмет еткен, киелі шаһардың өркендеуіне үлес қосқан бабаларымызға арнап кітаптар сериясын шығарсақ деп жоспарлап отырмыз. Атқарылған игілікке толы дүниелер де аз емес.

– Ата-бабамыз он екі айдың сұлтаны деп ардақтаған Рамазан айында қала халқына ақ тілегіңіз бен игі ниетіңізді білдірсеңіз.

– Құрметті мұсылман бауырлар, түркістандықтар мен қала қонақтары айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында баршаңыздың шаңырақтарыңызға шаттық орнап, керегелеріңізді кереметтер кернеп, жоқ болғандарыңыз бар болып, қол жеткізе алмай жүргендеріңізге қол жеткізіп, салиқалы перзент сүюді Аллаһ нәсіп етсін. Адам өмірінің мәні – ұрпағы. Көптеген отбасылардың ажырасуы ұрпақсыздықтан болып жатыр. Перзент сүйгісі келетін ерлі-зайыптыларға осы қасиетті айда салиқалы ұрпақ сүюді нәсіп етсін. Елдің іргесі аман болсын. Дініміздің діңгегі нық болсын. Ел тұтқасын ұстаған азаматтар аман болсын. Мемлекет басшысының сындарлы саясатына Алла қуат берсін. Күллі алаштың, қазақ халқының ар-ұжданы мен намысы, беделі биік, мерейі үстем болсын! Ақыреттік бақыт баршамызға тағдырда жазылған болсын! Рақым мен разылық айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай!

-Қасиетті Рамазан айы барша мұсылманға мүбәрак болсын! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:

Азамат ӘЛІБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы